Yvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
11
07:14, 28 октября 2012

Испания. Хереске саяхат.

Жалғыз өзімнің алыс жолға шыққаным бірінші рет. Шет елге. Үш аэропортта басқа рейстерге ауысып отыру керек. Алматыдан Амстердамға дейін алты сағат әйтеуір музыка тыңдаумен, кітап оқумен, ұйықтауға тырысып бағумен өтті. Онда бір-екі сағаттай күтіп, Мадридке барар самолетке отырып, тағы үш сағат ұштық. Мадридтен жүгімді алып, енді Iberia деген ішкі рейспен Херес деген қалаға дейін ұшуым керек. Алдын ала Мадридтің аэропорты үлкен, бір гейттен екіншісіне автобус арқылы жетесің деген ақпарат әбден құлағыма құйылған. Сондықтан адасып қалып жүрмейін деп, келесі рейсті төрт сағаттан кейін белгілегенмін. Алайда ол жерде адасу мүмкін емес, барлық жерде жол нұсқаулары анық жазылған, одан да бір нұсқаулық таппайтын Қызылорда аэропорты түсініксіз бе деп қалдым.

Сонымен Мадрид аэропортында күнде ұшып жүрген адам сияқты, тысқа шығып, керек автобусқа отырып, гейтіме кеттім. Расында автобус бізді кәдімгідей қалаға қарай біраз жол жүргізіп, 4-ші гейтке апарып тастады. Бірінен екіншісіне өтуге бар болғаны жарты сағатым кетті. Ал енді үш жарым сағат күту керек. Бір жақсысы - аэропорт кәдімгі сауда үйі сияқты. Ішінде «Зара» магазинінен бастап, үлкен «Диор», «Армани» бутиктеріне дейін бар екен. Ал Амстердам аэропортында мұражай, құстар сайрап, бұлақ ағатын дем алу орны, түрлі кофейнялар барын қайтесің. Сондықтан күту тек пайдаға асты.

Blog post image

Өз рейсіме отырып, аман-есен Хереске де кештетіп жеттім. Күні бойы көргенім самолет, аэропорттар болған соң қалаға қарауға да мұршам болмай, үйге келгеннен бірден ұйқыға кеттім. Бір сезгенім, самолеттен түсе салғандағы ауа салқындығы. Мүмкін ол мұрын жарар тазалығы болған шығар...

Blog post image

Таң атпай мені қораз оятып алды. Дәлірек айтқанда, оның дауысы. Жағымды екен. Өзімді ауылда жүргендей сезініп кеттім. Сөйтсем, біздің жайлы қабатты пәтеріміздің жанында үй құстарын ұстайтын жер үйлер бар екен. Шаршап келген соң, түске дейін ұйықтайтын шығармын деп ойлағаным, қате болды. Ертесімен ұйқым қанып тұрып, тезірек қала аралауға, адамдарын көруге асықтым.

Алматының қақаған қысынан кейін, күні шақырайып тұрған Херес маған жайдары болып көрінді. Нақ уақыт кестесімен ғана жүретін автобусқа (1.10 еуро) отырып алып, қаланың орталығына қарай бет алдық.

Blog post image

Херес - Андалусия бөлігіне жататын, оңтүстікте орналасқан Испания бойынша ең ыстық қала. «Jerez» деген араб тілінен шыққан шараптың атауы. Араб жаулаушылығы  кезінде арабтар сол Андалусияда тұрақтаған. Сондықтан сол жақтағы көптеген атаулар араб тілінен енген. Испандықтардың өздері жазда қазанға жұмыртқа салсаң, бірер минутта қуырылып шығады деп қалжыңдайды. Дәл біздің Шымкент сияқты.
Жалпы Андалусия мен Каталония испандықтары әр түрлі екен. Ол тек сөйлегендерінен, диалектерінен ғана емес, мінездерінен де білінеді. Каталондықтар таза «Gracia» десе, андалусиялықтар сәл сақауланып «Grathia» дейді. Андалусия тұрғындары өздерін нағыз түп тамырын жоғалтпаған испандықтар дейді. Біраз қаталданып қалған каталондықтарға қарағанда, олар жайлы, ешқашан асықпайды, өмірге риза болып жүре береді. Жол сұрап тоқтата қалсаң, барар жеріңе нұсқап қана қоймай, жетектеп апарып салады.

Хересте бұған дейін, сірә, қазақтар болмаған-ау деймін, бізге бәрі таңдана, таңырқай қарайды. Иә, қазақ қыздарының ең сұлу қыздар екеніне осындайда расымен сеніп қаласың. Егер «самооценкаңызды» көтергіңіз келсе, онда бұл жер сізге таптырмайтын орын. Таралмаған, опа-далапсыз ұйқыдан тұра сала далаға шықсақ та, табиғатынан эмоцианалды болып келетін испандықтар артыңнан «Guapa! Bonita!» (әдемі деген) деп шығарып салады.

Сонымен өзімізді еркін сезініп алған біз қала орталығын аралауға шықтық. Базарда айқайлап, ұрысып жатқан нағыз сығандарды да, әдетте тек қара жұмыс істейтін афроамерикандықтарды да, көшеде емін-еркін кофе ішіп, карта ойнап әңгімелесіп отырған испандық қарттарды да көрдік.

Blog post image

Blog post image

Blog post image

 

Blog post image

Херес қаласы өзінің андалусиялық нағыз тұлпарларымен, нағыз шарап саналатын түрлі жүзім шырындарымен әйгілі.

Blog post image

Tio Pepe (Пепе аға) деген алғаш шарап зауытының негізін қалаған адамға ескерткіш қойылған. Оның атымен қазір зауыт та, шарап бренді де аталады.
Орталықтағы Мигель Сервантестің өнер университеті, кезінде арабтардан қалған қамалдар, көне шіркеулер қала көркі болып саналады.

Blog post image

Испанияның басым бөлігі католиктер болған соң, Рождествоға қарай олар балкон, терезелеріне мынадай плакаттар шығарып қояды екен.

Blog post image

Blog post image

Blog post image

Испанияның әр қаласында бар кафедралдар да қалаға тарихи, көнелік реңк береді.
Көшеде көздің жауын алып өсіп тұрған апельсиндер жеуге жарамайды, тым қышқыл. Жейтін сорт емес екен.

Blog post image

Blog post image

Blog post image

Blog post image

Күн батарда шоппингті де ұмытпай, қала сыртында ыңғайлы орналасқан ірі сауда үйіне барып, кешке мәз болып бірақ келдік. Алайда дем алуға уақыт жоқ, кешке автобусқа отырып, Испания астанасы Мадридке жол тарттық. Үйіміз жайлы Хересте қалды, тек қажетті заттарымызды салып арқамызға рюкзак астық, алда бізді неше түрлі шытырман оқиғалар мен қызықты хостел қожайындары күтіп тұрғандарын қайдан білейік. Айтпақшы жаңа жыл да жақындап қалған сол кезде.

Саяхаттап жүрген Айжан Кәрібаева

 
11