2483
20
0
4

Соңғы кезде еліміздің талай туристерінен “Үндістанға барып келдім” дегенді жиі естіп жатамыз. Әсіресе Гоаға. Твиттер, Вконтакте мен Ювиженде бұл арал кәдімгі трендке айналды, біреулер ол жақта клип те

Соңғы кезде еліміздің талай туристерінен “Үндістанға барып келдім” дегенді жиі естуге болады. Әсіресе Гоаға. Твиттер, Вконтакте мен Ювиженде бұл арал кәдімгі трендке айналды, біреулер ол жақта клип те түсіріп үлгеріпті. Ал мен үшін Гоа - қыстан тынығып, күнге жылыну амалы еді. Алайда қателестім. Үндістан - өзіндік ерекшеліктері мен сырлары мол таңғаларлық ел болып шықты. Бұл жайында кейін айта жатармын. Әзірге дайындық кезеңі жайында айтып берсем.

Билет алып, виза жасап жүргенше, Индостан.ру атты сайтқа кіріп, форумдарын оқуға уақыт болған жоқ. Алайда 3-курста оқыған М.Әуезовтың “Үндістан туралы очерктеріндегі” мәліметтер ескірген болар деп, Рушдидың “Түн жарымның балалары” атты романын оқи бастадым. Уақыт зымырап өте шықты, қыс та басталып, жаңа жылдың алдында бәрін тастап, Делиге ұшып келдік. Гоаға жеткізетін ұшағымыз түстен кейін болу керек-тін, сол себепті аэропорттан шығып, қонақ үй іздеуге шықтық. Сыртта салқын, қараңғы. Көлік іздеп, бір топ таксист үндістерге тап болдық. Олар бізді қоршап алып, қайда баратынымызды сұрасты. Алайда ондайды күтпеген біз, олармен бірден түсінісіп алмадық. Әйтеуір бір ескі таксиге отырып, Мейн базарға аттандық. Бұл ауданда көптеген қонақүйлер бар екенін форумдардан оқыған болатынбыз. Сөйтіп, келе жатырмыз, таксистіміз үндемейді, ағылшын тілін не түсініп, не білгенін бізге түсіндіре алмай келеді. Көше қараңғы, шам жоқ, бағдаршам да жоқ. Жолдың бойында мопед, велосипедке мінген кісілер. Бәрі қызық киініп алған, көбісі ер адамдар. Кейбіреулері үстіне көрпе жамып алған, тоңған болар. Қайда бара жатырмыз, мына таксист неге үндемейді? Түсініксіз жағдайлар әбден қорқыта бастады. Сонымен, Мейн базарға жақындап қалдық, ол жақта у-шу, абыр-сабыр, құмырсқаның илеуіндей құжынаған адам. Шаң, лас. Бір киноға түсіп кеткен секілдіміз. Бірақ болливудтың емес, триллерге жақындау бір кинокартинаға. Форумда естіген Шива континенталь деген қонақүйге апаруды сұрадық. Мейн базарда болсаңыздар, бұл қонақүйге соқпауыңызды өтінемін. Түнімен бүкіл базардың у-шуын тыңдап шықтым, иттердің үргені, үнді музыкасының дыңғырлауы, айқай-шу таң атқанша мазамды алды, оған қоса, бөлмеде суық. Таңертең қонақүйден зытып шықтық та, Аграға апаратын пойызға билет алмақшы болдық. Бірақ мәдени-шоктың кесірі ме, әлде шала ұйқыдан ба, темір жол вокзалына бірден барып билет алудың орнына, такси ұстап, билет сататын агенствоға жүріп кеттік. Осы жолы таксиміз мәшине емес, жергілікті тук-тук (немесе моторикша) болды. Тук-туктың бағасы автомобильге қарағанда арзандау.

Делидегі таксистер мен туристерге арналған мекемелердің арасында байланыс бар екені түсінікті шығар, әр таксист клиентын өз танысына апарып, содан пайызын алады. Агенствода билет болмай шықты, такси ұстап, вокзалға келдік.

Нью Делидың темір жол вокзалын көру де бір шок болды. Бір жағынан ауа-райы да ондай әсер алуға бүкіл жағдай жасағандай: тұман, салқын. Шаң ба, әлде басқа бірдеңе ме, әйтеуір дұрыстап дем ала алмай келдім. Не болса да, осыған шыдау керек деп ұйғардым, кірдік, билет алу үшін кезекте 1 сағаттай отырдық. Жан-жағымызда үндістер, жапондықтар, еуропалықтар, Тибеттен келген монахтар. Билетіміз қалтада, ұшаққа дейін әлі бірнеше сағат бар, тамақ ішу керек. Бірақ қайда? Макдональдс пен Старбаксты сұрасақ, ешкім білмейді. Интернет жоқ, телефон байланысы ұстамайды. Тағы такси алдық, таксист бізді Cafecoffeeday-ге апарды, ішінде дұрыс тамақ болмаса да, әйтеуір нашар емес.

Осылайша Connaught Place-ті көруге мүмкіндік туды. Небір-небір дүкендер, біз іздеген Макдональдс (бірақ ішінде үлкен кезек, кісі тым көп болды, кірмедік), көшеде газет-журнал, кітап, ұсақ-түйек сатып жүрген адамдар. Күн жылынды. Үлкен паркты көріп, ішіне кіреміз деп шештік. Сөмкемде фотоаппарат бар екені есіме енді түсті. Алдында оны сөмкеден алып шығу деген бір экстрималды әрекет болатын, себебі екі қолымда үлкен сөмке, тар көшемен келе жатып, аман-есен қажет жеріме жетіп алайын деген ой ғана мазалады, ал фото жасауға еш мүмкіндік болған жоқ. Бірақ Мейн базар немесе вокзал жақта фото жасасам, керемет кадрлар шығатынына сенімдімін, ондағы “пейзаждарды” өмірімде көрген емеспін. Мысалы, елдің киіп жүрген киімі біздің 20 жыл бұрын киіп жүрген арзан қытай текстилі. 1 шаршы метрде қайыршы, саудагер, велорикша, жалаң аяқ балалар, жол сілтеушілер мен неше түрлі иттерді елестетіп, эмоциялардың түрлілігін сезіп көріңіз. Соған небір иістерді қосып жіберіңіз. Фантазияңыз күшті болса, 1 секунд Мейн базарда болдым деп есептеңіз. Ал паркте бәрі жайбарақат жүр, студент, жастар, үлкен кісілер. Мыналардың жұмысы қайда, аптаның ортасында күндіз неге паркте қыдырып жүр?

Сонымен, уақыт келді, тағы такси ұстап, аэропортқа аттандық. Таксист бізді туристерге арналған дүкендерге апармақшы болған, біз жоқ, қажет емес деп айттық. Жол бойы кімбіз, қайдан келе жатырмыз, қайда барамыз деумен болдық. Үш қызым бар деді, өзі өмірінде ұшаққа мініп көрмегенін тағы айтты. Жеткен кезде алдында келіскен соманы көтермекші болды, бірақ келісімді бұзғызбадық.

Аэропортта біраз жүріп, Гоаға апаратын ұшағымызға отырдық. SpiceJet бізді 2 сағаттың ішінде Гоаға аман-есен жеткізді. Борттағы жолаушыларға олар тамақ бермейді екен, бірақ жеңіл тамақты борт-қызметкерлерінен сатып алуға болады. Айтпақшы, ұшақта Джастин Биберге ұқсас 15-16 жасар ұлдарды көрдік, сәнденген түрлері поп-жұлдыздан аумай қалған, қастарында өздерімен жасты қыздар да бар. Олар да еуропалық стильде киінген, бәрі ағылшын тілінде сөйлейді. Сөмке-белбеулері Louis Vuitton, Hermes. Бір сөзбен айтқанда, Әуезовтың “контраст елін” осылардан көрдім, алдындағылардың көбісі алақ-жұлақ, кедей-кепшік болып көрінді.

Ұшақтан шығып, ауа-райының өзгешелігі бірден сезілді: қапырық, ылғалды ауа. Бірақ қараңғы болғасын, табиғатын бағалай алмадық. Аэропорттан шығар кезде, туристердің ешқайсысы да біздің жаққа (Морджим) бармайтын болып шықты. Өзіміз такси ұстамақшы болдық, бағасына біраз саудаласып, әйтеуір жолға шықтық. Тағы да қараңғы, бағдаршам жоқ, мәшинемен зытып келеміз, алдымызда анда-санда басқа таксилер келе жатады, бұрылыста олармен соқтығыспау үшін жүргізушілер бір-біріне белгі беріп отырады. Сонда да қорқынышты, айдалада жол апатына түскің келмейді. Бір көпірден өтіп, Морджимге де жеттік. Мына жақта мопедке мінген еуропалық қыздар мен жігіттерге тап болдық, орысша сөйлейтіндердің дауысы шықты, орыс тілінде жазылған хабарламалар да көріне бастады. Қонатын жерді таба алмай, біраз айналдық. Өзіміз де, таксист те шаршап кетті. Жаңа жылдың алдында бүкіл гестхаустар толып тұр, орын жоқ, әрі басқа мезгілге қарағанда бағаларын шарықтатып жіберген. Бақытымызға орай, бунгала десем, бунгала емес, бөлме де емес, әйтеуір кішкентай бөлек үйшіктерді жалға беретін отбасына тап болдық. Қараңғыда қайда келгеніміз түсініксіз, әйтеуір, ұйықтауға болатындай жағдайлары бар орын, күн деген жылы, теңіздің алай-дүлей дауысы естіліп тұр, жағажайға жақын орналасқан екенбіз. Ертең қызықты күн.

Жалғасы бар.

Келесі бөлімдерде: Гоа (Морджим), Агра (Тәж Махал мен т.б.).

Әлия Сембай

Ad

Rate post

4

Comments

Login to comment