Қазақстан Телеарнасы February 9, 2012
968
0
1
0

  Құлақ естігенді - көз көреді. Қостанай облысының Көктерек ауылында арқасында «Аллаһ» деген жазуы бар қозы туды. Мал иесі мен жергілікті дін қызметкерлері бұған нық сенімді. Алайда, облыстық...

 
Құлақ естігенді - көз көреді. Қостанай облысының Көктерек ауылында арқасында «Аллаһ» деген жазуы бар қозы туды. Мал иесі мен жергілікті дін қызметкерлері бұған нық сенімді. Алайда, облыстық мешіттегілер бұл жай ғана ала қозылардың бірі дейді. Яғни, оның арқасындағы белгілер «Аллаһ» деген жазуға мүлде ұқсамайды.
Дәурен Нуркин Көктеректегі төрт түлікпен күнелтіп отырған тұрғындардың бірі. Мал төлінен өсетіні мәлім. Иесіне әкелер табысы да сол. Сондықтан, қаңтар айында көк саулығы қоздағанда Дәурен қойының саны көбейгеніне қуанған да қойған. Кейін ауылдағы қариялардың бірі қошақанның арқасындағы белгі жай ғана алабажақ емес, «Аллаһ» деген жазу екенін айтады.
Дәурен Нуркин, Көктерек ауылының тұрғыны:
Сол кісі айтты мешітке апар деп. Сосын, имамға звондадым. Ол кісі өзі келіп көріп, суретке түсіріп әкетті. «Аллаһ» деген жазу анық деді.
Мәулен Райымбеков, Көктерек ауылының тұрғыны:
Бұдан бес жыл ауылда осындай қозы туған. Бұл екіншісі. Бұл енді жақсылықтың белгісі шығар. Біз имандылыққа бет бұрсын, имандылық жолын ұстансын деген шығар.
Қозының арқасындағы жазуды оқып, суретке түсірген дін қызметкерімен кездесудің сәті түспеді. Жаназаға кеткен екен. Телефон арқылы хабарластық. «Мен белгілерді діни кітаптағы жазумен салыстырдым, – деді ол, – бұл шынында «Аллаһ» деген жазу». Имам түсірген суретті облыстық мешіттегілерге де көрсеттік. Олардың пікірі басқаша болды.
Дархан Сыздықов, Марал ишан атындағы облыстық   мешіттің наиб имамы:
Қозының үстіндегі жазу анық емес. Анық «Аллаһ» деген сөзге қатты ұқсамайды. Ондай анық нақыш көрінбейді.
Әйтсе де, облыстық мешіттегілер ала қозының арқасынан «Аллаһ» деген жазуды оқыдық дегендердің ісі адасқандық деп кіналамайды. Бұл адамдардың жаратушының құдіретіне сеніп, иманға бет бұруының көрінісі. Тек, қозыға емес, құдайға ғана табынып, құлшылық қылу керектігін естен шығармаса болғаны.
 

Оцените пост

1