Бүгінгі ата-аналар балаларына қандай ертегі оқиды?

12001
16
0
9

Жас ата-аналар балалары жақсы көретін ертегілер жайында сөз етеді. Солардың ішінде ең танымал ертегі қайсы?

Жұлдыз, диспетчер:

Қыздарыма әр кезде әр түрлі ертегілер оқып беріп отырамын. Сонымен қатар, Ыбырай Алтынсаринның мән-мағынасы зор қысқа әңгімелірін де арасында оқып беремін. Үлкен қызым Айым «Мақта қыз бен мысық» ертегісін ұнатады. Әсіресе мысықты. Ал егіз қызым Жансая мен Нұрсая «Бауырсақ» ертегісін бар ынтамен тыңдайды, тіпті кейде кітапты көтеріп әкеліп: «бауырсақ, бауырсақ» -, деп отырады. Жалпы, ертегі адам өмірінің ажырамас бөлігі деп есептеймін. Баланың ертегі тыңдап өскені жақсы, бұл болашақ өміріне де өз пайдасын тигізері анық.

_________________________________________________________________________

Аршат, kerekinfo.kz сайтының әкімшісі:

Мен ұлыма классика болып кеткен ертегілерді айтып беремін, мысалы "Бауырсақ", "Мақта қыз", "Жеті лақ"және т.б.

Ұлым қазір 3 жарым жаста. Ауыр ертегілер оқуға әлі ерте. Ертегі шығаратын баспалар бар, мысалы, «Аруна» баспасы. Бірақ, маған ұнамайтыны - 1 ертегіні 1 кітапша болып шығаратынында. Ал маған бірнеше ертегінің бір кітапта жинастырылғаны тиімді болар еді. Бала кезімізде солай еді. Барлығы бір кітапта жинақ болып шығатын.

Аршаттың ұлы Әмин

__________________________________________________________________________

Динара, мұғалім:

Ұлымның есімі Нұрислам, биыл 3 жасқа толды. Кішкентайыма әрдайым халық ертегілерін оқып беремін. Өзі де ертегілерді тыңдағанды өте жақсы көреді. Солардың ішіндегі ең сүйікті ертегісі «Алтын балық» пен «Бауырсақ». Кішкентай болса да жануарларды жақсы көреді. Әсіресе «Бауырсақтағы» бас кейіпкердің алдынан шығатын жануарлардың іс-әрекеті жайында оқып отырғанда бір тамсана тыңдап, әрбір сөздерін қайталап, күліп жатады. Ең жақсы көретін жануары - қоян мен қасқыр.

 

__________________________________________________________________________

Меруерт, экономист:

Қызыма кішкентай кезінде негізінен «Апалы-інілі Аленушка мен Иванушка», «Маша мен үш аю», «Ақшақар» сынды орыс халқының ертегілерін оқып беретінмін. Өйткені осы ертегілерді бала кезімде өзіме анам оқып беретін. Тәрбиелік мәні бар бұл ертегілер баланың адамгершілік қасиетіне, тәлім-тәрбиесіне пайдасын тигізсе, қиял-ғажайып ертегілер оның қиялын дамытады. Қазір Дариғам бірінші сыныпқа барып, оқуды үйренгеннен бастап, өзі «Алдар көсе» туралы ертегілерді әрдайым оқып отырады.

 

__________________________________________________________________________

Асқар, блоггер:

Балама кітап оқуға уақыт бола бермейді. Мен 28/28 күн вахтамен жүремін. Ал 28 күн демалысымды толығымен отбасыма, әйеліме, қызыма бөлуге тырысамын.

Оқитын кітаптардың аттарын білмеймін, ішінде 4 жол қазақша-орысша өлеңдер, түрлі-түсті суреттері бар. Қызым енді ғана бірден асты, ертегі оқуға әлі кішкентай. Әзірге ыммен-жыммен керемет түсінеді. Сөздерді бірнеше рет қайталау керек. Ал әліппені осы бастан үйретіп жатырмыз, ойыншықтарын қазақша сөйлейтін қылып алуға тырысамыз.

Асқардың кішкентайы

_____________________________________________________________________________________________

Назым, бухгалтер-оператор:

Мен Асылай, Ақмерей, Ақназ есімді үш қыздың анасымын. Үшеуі де ертегі тыңдағанды жақсы көреді. Ұйықтар алдында ертегі тыңдамаса, ұйықтамайтын әдеттері бар. Әкесі қыздарына «Қиял-ғажайып ертегілер» деп аталатын кітап әкеліп берген болатын. Енді сол кітаптан «Хан қызын алған жарлы», «Алтын мүйізді киік», «Патшаның үш қызы», «Жалмауызды алдаған қыздар» деген ертегілерді өздерінің сұрауларымен жиі оқып беремін. Әсіресе осылардың ішінен «Патшаның үш қызы» атты ертегіні өте сүйіп тыңдайды. Ертегідегі патшаның ай десе аузы, күн десе көзі бар өте сұлу қыздарына қызығып: «үлкен қыз болғанда мен осындай әдемі, ақылды қыз боламын» - деп айтып қоятындары бар.

__________________________________________________________________________

Ерлан, жеке кәсіпкер:

Әлімжан деген ұлыма жиі ертегілер оқып тұрамын. Ұнататыны соншалық, күн сайын «ертегі оқиық» деп өзі сұранып тұрады. Алайда ертегі оқып жатқан кезде міндетті түрде «анау неге олай жасады?», «ол неге сондай?» деп көп сұрақ қояды. Сосын ертегіміздің аяғы әңгімеге ұласып кететін жағдайлар болады.
Бір жақсысы, ертегі тыңдап өскен балалар алғыр, зерек болып өседі. Әлімжанның да ерте тілі шығып, естіген ертегілерін кіші қарындасына айтып беруге шамасы жетіп қалды. Сондай-ақ балабақшада біраз ертегі үйренетін болуы керек, «енді мен ертегі айтамын» деп, бізді отырғызып қойып үлкендерше «ерте, ерте, ертеде..» - деп айта жөнеледі.

Әлімжан

__________________________________________________________________________

Ал сіз балаларыңызға қандай ертегі оқып бересіз?


Ad

Rate post

9

Comments

Login to comment