Қайрат Лама Шәріп сектант па?

Тимур Бектұр 2011 M09 21
1573
0
0
0

Брондалған пойызда келе жатқандарға ақпарат: Қайрат Лама Шәріп - ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы. Бұған дейін Сауд Арабиясындағы және қосымша түрде Кувейттегі Қазақстан РеспубликасыныңТөтенше...

Брондалған пойызда келе жатқандарға ақпарат:

Қайрат Лама Шәріп - ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы. Бұған дейін Сауд Арабиясындағы және қосымша түрде Кувейттегі Қазақстан РеспубликасыныңТөтенше және Өкілетті елшісі болған. Қазақ. Ертіс қаласында туған. Дәл қазіргі таңдағы оның аты аталған жердегі айқайдың барлығы оның һәм оның қол астындағы агенттіктің дәл осы күндері қызу талқыланып жатқан “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” жаңа заң жобасына тікелей байланысты.

Себеп: сирақтан бүйрек шыққанында!

Көзі қарақты елге белгілі болғандай, бүгін, яғни қыркүйектің 21-і күні Қазақстан Парламентінің Мәжілісі бүгінгі жалпы отырысында «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» жаңа заң жобасын мақұлдап жіберді.

Бірақ…

Бір қайнауы ішінде кеткен Заң жобасының “тұла бойындағы” гәп - Жаратқанына құлшылық еткен жанның рухани құқына қол сұғатын 7-баптың қабылданып кеткені еді.  Ол бап: «мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің, қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, құқық қорғау органдарының,  азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты басқа да қызметтердің, діни оқу орындарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының ғимараттарында және оларға бөлінген аумақта діни жоралар мен рәсімдерді өткізуге (жасауға) жол бермеу» деп аталады. Мұны өзімізге түсінікті қазақ тілінде айтсақ, мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын мұсылмандардың жұмыс орнында намаз оқуға құқы жоқ! Осы жерден “Бұл бапқа неліктен тек қана мұсылмандар қарсы шығып отыр?” деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы аппаратының жетекшісі Қайрат Жолдыбай мырза “Себебі өзге діндерде намаз сияқты күніне бес уақыт оқуды талап ететін міндетті құлшылық түрі жоқ. Өзге діндегілер кез келген жерде аузымен шоқынып отыра беруі мүмкін. Әлемдік тәжірибеде мемлекеттік орындардан өзге дін өкілдері құлшылық жасауға орын сұрау оқиғасы кездеспейді” дейді. Демек, бұл заң

“Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытта бес намаз

Біреуі қаза қалмасқа…”

деп Бұқар жырау айтқандай, күніне бес уақыт намазын оқитын момын мұсылманның конституциялық құқын аяққа таптап отыр.

Ал енді “Дін Істері комитетінің төрағасы сектант па?” деген сұраққа келсек, оның мәнісі былай. Ол кісі бүгінгі (21.09.2011)БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында“Бес уақыт намаздың төртеуі - жұмыс уақытына сәйкес келмейді. Таңғы намаз сағат 7-ге дейін оқылады. Түскі намаз түскі үзіліске тұспа-тұс келеді. Кешкі намазды жұмыстан кейін оқуға болады. Және түнгі намаз - 9 бен 10-ның арасында. Бар мәселе - екінті немесе түстен кейінгі Аср намазында болып отыр" деді. Бұған “мақұл” дегеннің өзінде мына бір пәтуә қалың жұртты елең еткізді: “Исламның Ханафи мазһабындағы негізгі қағидат - екінті намазын бесін, яғни түскі намазға немесе кешкі намазға қосып оқуға болады. Одан ешкімнің шариғатты бұзып тұрған жағдайы жоқ!”. Фикх деп аталатын шариғат атынан дәл мұндай кесімді сөз айту, негізі ойыншық емес. Сөзімізді нақтылай түссек, талқыланып жатырған бұл Заң жобасындағы тағы бір өзекті мәселе – Қайрат мырзаның өзі айтқандай, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан Ислам дінінің сунниттік бағытындағы Ханафи мәзхабына басымдық беру болып табылады. “Құп” делік. Алайда Ханафи мәзхабы болса Қайрат мырзаның “екі намазды біріктіріп оқуға болады” деп пәтуа берген мәселесі туралы не дейді, соған назар аударалық.

Әлемдегі сүннит мұсылмандардың қадір тұтып силайтынғ көнеден келе жатқан бірден-бір университет, Мысырдағы Әл-Азхарды бітіріп келген, ҚМДБ қызметкері Қайрат Жолдыбайұлының “Дін мен діл” атты кітабына жүгінсек, онда “Неліктен Ханафи мәзхабында бесін және екінті намаздарын қосып оқуға рұхсат берілмейді?” деген жауапқа былай делінген: “Қасиетті Құран Кәрімде “Сөзсіз намаз мүміндерге арнайы белгіленген уақыттарда (оқылуы) парыз етілді” («Ниса» сүресі, 103-бет) деп, әрбір намаздың жеке уақытының бар екендігі білдірілген. Сондай-ақ, көптеген мутауатир сахих хадистерде де әр намаздың жеке уақытының бар екендігі әрі әрқайсысының белгіленген өз уақытында оқылуы керектігі жайлы айтылған. Яғни, Құранда да, мутауатир хадистерде де әр намаздың жеке уақытының бар екендігі білдірілген. Ал енді осы үкімнің жалпылығын, яғни әр намаздың жеке уақытта оқылуының парыздығын жолаушылық секілді кейбір жағдайларға байланысты өзгерту үшін өте қуатты дәлел керек. Дәлел ретінде қолданылатын хадистің тек қана сахих болуы жеткіліксіз. Себебі, ахад жолмен жеткен сахих хадис “занни” болғандықтан өте аз болса да шүбә бар. Ал мутауатирде тозаңдай күмән жоқ. Сондықтан, мутауатир жолмен бекітілген жалпы үкімді ахад жолмен жеткен хадистер арқылы өзгертуге болмайды. Міне, сондықтан Ханафи мәзһабында сапар кезінде екі намазды қосып оқуға рұқсат етілмейді...

..Ханафи мәзһабында қажылық кезінде ғана бесін мен екінді намаздарын, ақшам мен құптан намаздарын қосып оқу сүннет”.

Ал енді өзіңіз қорытынды шығарыңыз. Атамыз Қазақ әу бастан Ханафи мәзхабын ұстаса. Оны ҚР Діни істері комитеті төрағасының өзі қуаттап, өзі ұсынған Заң жобасында дәл осы мәзхабқа басымдық беруді көздеген болса, алайда дәл сол Ханафи мәзхабында намаздарды біріктіріп оқуға жол жоқ болса, онда Қайрат Лама Шәріптің: “Исламның Ханафи мазһабындағы негізгі қағидат - екінті намазын бесін, яғни түскі намазға немесе кешкі намазға қосып оқуға болады. Одан ешкімнің шариғатты бұзып тұрған жағдайы жоқ” дегенін қалай түсінеміз? Өзіміз сан ғасыр ұстанған Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабының ғалымдары тиым салған нәрсеге Қайрат Лама Шәріп неге қарсы шығып тұр?Әлде ата-бабамыз ұстанған Ханафи мәзхабын мойындамайтын сектант па? Аллаһ біледі!

   

Оцените пост

0