ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Жоғарғы Сот А.Айтбаеваға, М.Рассохинға, Л.Оттқа және бірқатар өзге де тұлғаларға қатысты істі қарады

Бүгін Жоғарғы Соттың кассациялық сатысы Бас прокурордың наразылығы, сондай-ақ сотталғандар А.Т.Айтбаеваның, М.М.Рассохиннің және Ж.А.Шәріповтың өтінішхаты бойынша келіп түскен сотталғандар А.Т.Айтбаеваға, М.М.Рассохинге, Л.В.Оттқа, Ж.Т.Кәкенге, Ж.А.Шәріповке қатысты қылмыстық істі қарады.

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Әсемгүл Төлеубекқызы Айтбаеваға, Максим Михайлович Рассохинге, Жолдыбай Тоқсанұлы Кәкенге қатысты Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2016 жылғы 5 наурыздағы үкімін, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2016 жылғы 27 маусымдағы қаулысын өзгерту туралы қаулы шығарды.

Бас Прокурордың наразылығы, сотталғандар А.Т.Айтбаеваның, М.М.Рассохиннің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылды. Сот актілерінің А.Т.Айтбаева мен М.М.Рассохинді Қ.Ә.Ізтелеуге қатысты 435 540 теңге сомасындағы алаяқтық эпизоды бойынша кінәлі деп таныған бөліктерінің күші жойылып, кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты іс жүргізу тоқтатылды.

Үкімнің А.Т.Айтбаева мен М.М.Рассохиннен Қ.Ә.Ізтелеудің пайдасына 435 540 теңге сомасында материалдық шығынды ортақ негізде,  сондай-ақ мемлекет кірісіне мемлекеттік баж салығын өндіріп алуға қатысты бөлігінің күші жойылып, Қ.Ә.Ізтелеудің азаматтық талап арызы қанағаттандырылудан бас тартылды.

Ж.Т.Кәкеннің ҚР КК-нің (1997 жылғы 16 шілдедегі редакциясы бойынша) 28-бабының 5-бөлігіне, 177-бабының 3-бөлігінің «б» тармағына сәйкес іс-әрекетін ҚР КК-нің 28-бабының 5-бөлігіне, 177-бабының 2-бөлігінің «а, б» тармақтарына қарай қайта саралап, соған сәйкес сотталған адамның меншігіндегі, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркілене отырып, 1 (бір) жыл 1 (бір) ай 8 (сегіз) күн мерзімге бас бостандығына айыру жазасы тағайындалды. Сотталған Ж.Т.Кәкенге тағайындалған жазаның бас бостандығынан айыруға қатысты бөлігі өтелген деп есептелді.

Лилия Владимировна Отт пен Жақсыкелді Асқарұлы Шәріповке қатысты осы үкім өзгеріссіз қалдырылды.

Сотталған Ж.А.Шәріповтің өтінішхаты қанағаттандырылусыз қалдырылды.

Сотталғандардың тағылған айыптарға сәйкес әрекеттерінің үкім мен апелляциялық сатының қаулысында баяндалған мән-жайларға сәйкес жасалғандығының дәлелденгені туралы соттың тұжырымдары сот отырысында зерттелген жан-жақты, толық әрі объективті дәлелдемелерге сәйкес негізделген, істің іс жүзіндегі мән-жайларына сәйкес келеді.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Л.В.Отт, А.Т.Айтбаева мен М.М.Рассохиннің арасындағы Ж.А.Шәріпов пен Ж.Т.Кәкеннің дем берушілігімен жәбірленушілерді жаңылыстыру және оларды алдау жолымен тауарлық және ақшалай несие бойынша алаяқтық жасауға алдын ала сөз байласқанын дұрыс анықтаған.

Қылмыс рөлдерді бөлу негізінде жасалған, яғни, сотталған Л.В.Отт тауарлық және ақшалай несиелерді ресімдеу үшін жәбірленушілерді іздеумен, ал сотталғандар А.Т.Айтбаева мен М.М.Рассохин банк менеджерлері Ж.А.Шәріпов пен Ж.Т.Кәкеннің көмегі арқылы оларды тікелей ресімдеумен айналысқан.

Сот сотталғандардың 314 эпизод, соның ішінде 160 жәбірленушіге қатысты 58 ақшалай несие бойынша алаяқтық жасағанын дәлелді деп таныды.

А.Т.Айтбаева мен М.М.Рассохиннің кінәсі бірқатар тұрақты әрі бірізді куәгерлік айғақтар мен фактілердің жиынтығымен дәлелденген.

Сонымен қатар, сотталған Л.В.Отт басты сот талқылауының барысында Астанадағы аялдамалардың бірінде «Несие ресімдеуге көмектесемін – «Мадина» деген мәтіндегі және ұялы телефон нөмірі көрсетілген хабарландыруды көргендігін мәлімдеген. Әлгі нөмірге хабарласып, өзін «Мадина» деп таныстырған қызбен танысқан. Оған өзінің ЖСН нөмірін жіберіп, содан соң «Мадинаның» көмегімен оның таныс менеджері арқылы 600 мың теңге сомасындағы тауарды сатып алуға несие ресімдеген. Мадина өз кезегінде оған 300 мың теңге беріп, қалған тауарды алып кеткен. Кейіннен «Мадинаның» шын аты Әсемгүл Айтбаева екенін білген. Кездесуде А.Айтбаева оған өзімен бірігіп жұмыс істеу туралы ұсыныс білдірген. Ол несие ресімделуі тиіс адамдарды алып келуі тиіс болған, пайданың 50 пайызын А.Айтбаева өзіне қалдырып, қалған соманы оған берген. А.Айтбаева осы соманың 5-10 пайызын жәбірленушілерге төлеген, соманың бір бөлігі 2-3 ай көлемінде несиені өтеуге төленген, кейіннен төлем тоқтатылған. Л.Отт А.Айтбаева ұсынған шарттармен келісіп, 2013-2014 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданынан несие ресімдеу үшін адамдар алып келген.

Сотталғандар Ж.Кәкен мен Ж.Шәріпов А.Айтбаеваның өтініші бойынша несиелерді ресімдегенін және осы үшін одан сыйақы алғанын мәлімдеген.

Барлық сатыдағы соттар (бірінші, апелляциялық және кассациялық) Л.Оттың А.Айтбаева мен М.Рассохин тауарды оның құнының 50 пайыздық мөлшеріндегі бағасына сатып алумен ғана айналысты деп өзгерткен пікіріне сынмен қарады.

Айталық, сотталғандар А.Айтбаева мен М.Рассохиннің Л.Оттан «тек тауар сатып алумен айналыстық, несиелерді ресімдеуге еш қатысымыз жоқ, жәбірленушілерді танымаймыз» деген тұжырымдарын жәбірленушілер мен куәгерлер теріске шығарды. Олардың арасында жәбірленушілер М.Ращевская, А.Жұмабекова, Н.Ягимнас, куәгерлер А.Сүлейменова, М.Әжібаева, К.Түлендинов және т.б. бар. Олардың барлығы несиені ресімдеу барысында әр түрлі жағдайларда А.Айтбаевамен және М.Рассохинмен кездескендерін, байланыста болғандарын айтып, олардың бұл процесте белсенді рөл атқарғандарын растаған.

Сот талқылаулары барысында іс бойынша 160 жәбірленушінің 57-сі ғана сұралып, сот іс бойынша барлық жәбірленушілерді сот отырысына қатыстырып, сұрақ-жауап алуы қажет деген наразылық уәжі негізсіз болып табылады. Мәселен, аталған қылмыстық іс бойынша сот тарапынан сұрау салынбаған жәбірленушілер Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының тұрғындары болып табылады. Осыған байланысты, олардан келіп түскен жазбаша өтініште олар Астана қаласында өтетін сот отырыстарына материалдық қиындықтарға байланысты келіп қатыса алмайтындықтарын және өздерінің талап арыздарын қолдап, айғақтарын сот отырысында оқып беруді сұраған. Бірінші сатыдағы сот Қылмыстық процестік кодекстің 372-бабының 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес олардың берген түсініктемелерін жария етуі негізді болып табылады. Осы ретте, жәбірленушілердің жария етілген түсініктемелерінде қандай да бір қарама-қайшылықтар болмаған, процеске қатысушылар тарапынан ешқандай сұрақ туындамаған.

Бұған қоса, сот А.Айтбаева мен М.Рассохиннің қылмыстық жолмен тапқан ақшалай қаражаты өз қалаулары бойынша жұмсағанын анықтады. Айталық, 2013 жылдың тамызы мен 28 желтоқсаны аралығында қылмыстық әрекеттер жасаған кезеңде сотталғандар бірқатар қымбат автокөліктер, сондай-ақ Астана қаласынан 1 бөлмелі пәтер сатып алып, оны А.Айтбаеваның туысқанына тіркеген. Сот жылжымайтын мүлікті қарау, оған ақы төлеу мен тіркеу А.Айтбаеваның тікелей қатысуымен жүзеге асырылғанын анықтады. Осы ретте, сотталғандар ешбір жерде ресми түрде жұмыс істемеген. Олардың жеке кәсіпкер немесе ЖШС ретінде қандай да бір тіркеуден өткен кәсіпкерлік қызметі болмаған. Сот пәтер мен өзге де мүліктерді қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлік ретінде танып, оларды мемлекет кірісіне өндірді.

Еске сала кетейік, соттың үкіміне және апелляциялық соттың қаулысына сәйкес А.Айтбаева түпкілікті 5 жылға, М.Рассохин мен Л.Отт 4 жыл 6 айға, Ж.Шәріпов – 3 жылға бас бостандығынан айырылып, жазаларын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды. Барлық сотталғандардың қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленді.

http://sud.gov.kz/kaz/news/zhogargy-sot-aaytbaevaga-mrassohinga-lottka-zhne-birkatar-ozge-de-tulgalarga-katysty-isti