Жергілікті компанияларды мемлекет тарапынан қолдау жалғасады
Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындар отандық өнімнің импортты алмастыра алатынын дәлелдеп отыр.

Шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков «Тассай» индустриалды аймағын аралау барысында «Эко фарм», «Alem Luxury» және «Mega Smart» кәсіпорындарының жұмыстарымен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Эко фарм» ЖШС компаниясының негізгі бағыты – дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру, фармацевтикалық қызметтер. Компания 1995 жылы құрылған. Ал аталған индустриалды аймақта өткен жылы ашылды. Жобаға салынған инвестицияның жалпы құны – 1,925 миллиард теңге. Мұнда 40 жұмыс орыны бар. Компанияның Шымкент, Қызылорда, Тараз, Ақтөбе қалаларында 4 дәріхана қоймасы, 30 дәріханадан тұратын желісі жұмыс істеп тұр. Кәсіпорындағы «Ecotex» тігін өндірісі медициналық арнайы киімдерді шығарады. «Эко фарм» ЖШС «Avatube» сауда белгісі мен «ЭкоФарм Интернейшнл» және «Marai E7 Group» отандық өнімдерінің ресми дистрибьюторы болып есептеледі.

«Alem Luxury» ЖШС кәсіпорыны «Тассай» индустриалды аймағында биыл іске қосылды. Жиһаз өндіретін кәсіпорынның инвестиция көлемі – 500 млн теңге. 30 жұмыс орыны ашылған. Компания шкаф жиһазына маманданған. Негізгі бағыты– үйге арналған жиһаздың барлық түрін жасап шығару. Өнімдер жоғары сапалы материалдардан жасалады. Жылына 5 000 өнім шығаруға қауқары бар.
«Mega Smart» ЖШС кәсіпорыны аталған аймақта 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Инвестиция көлемі– 545 миллион теңге. МДФ жылтыр плиталары мен жиһаз шығаратын зауытта 50 жұмыс орыны бар. Өнімдер бірегей болып есептеледі. Өйткені елімізде баламасы жоқ Оңтүстік Кореяның технологиясы қолданылады. Сонымен қатар, мұнда жиһаз өндіретін цех салынды. Цехтың жобалық қуаты жылына 5000-нан асады. Бұл Оңтүстік Кореяның импортына тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді. Яғни жылтыр плиталардың ішкі нарықта айналым көрсеткіші 90 пайызға жетті. Бүгінде көрші елдерге экспорттау мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ компания өткен жылы жиһаз фабрикасын іске қосты. Жобаның құны – 750 миллион теңге. Жылына 120 мың жиһаз шығарады. 50 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның Алматы, Қызылорда, Қостанай және Павлодар қалаларында өкілдіктері бар. Алдағы уақытта елімізде 16 өкілдік құру жоспарланып отыр.
Кәсіпорындардың жай-күйімен танысқан қала басшысы отандық компанияларға мемлекет тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді. Осы орайда жауаптыларға «Эко фарм» компаниясын тігіншілермен қамтамасыз ету мақсатында № 5 тігін училищесінің студенттерін тарту бойынша тапсырма берді.
