Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Жас кәсіпкерлер 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиенің игілігін көріп отыр

Шымкент қаласында жеке кәсібін ашып, бизнесін дамытқысы келетін жас кәсіпкерлерге арналған шағын несие қаражаты толық игеріліп бітуге таяу.

Бүгінгі таңға 462 өтінім қаралып, 262 азамат комиссияның оң шешімін алды. Бұл туралы жеңілдетілген несие беру бойынша кезекті комиссия отырысында мәлім болды. Жобалары мақұлданған азаматтардың басым көпшілігі өз кәсіптерін ашып, табыс табуда.

Бұған мемлекет барынша жағдай жасап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлікті, оның ішінде жас кәсіпкерлерді қолдауға үнемі мән беріп келеді. Мемлекет басшысы 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа жолдауында «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынас түбегейлі өзгертіліп, мемлекет ең алдымен бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнататынын айта келіп, жастардың бизнес бастауына нақты көмек болатын жайтты айқындап берді.

«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деген еді президент былтырғы жолдауында.

Енді сол жолдауда айтылған сөздің орындалып жатқанына куә болып отырмыз. Оған үшінші мегаполис те өз үлесін қосып келеді.

Жастарға қолдау көрсетуге бағытталған бағдарлама 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Несиеге өтінішті ЖК (ИП) немесе ЖШС секілді заңды тұлға атынан жазуға болады. ЖК-ның тіркелген мерзімі 5 жылдан аспауы керек.

Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаса кепіл берушіні тартуға болады. Сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз.

Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген. Ол микрокредиттеу мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Бұл – несиені 5 жылға алсаңыз 1.5 жылдан астам уақыттан кейін, ал 7 жылға алсаңыз 2 жылдан астам уақыттан кейін несиені қайтара бастауға болады деген сөз.

Мүмкіндікті пайдалану үшін қажетті құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет. Бұл акционерлік қоғамның Шымкент қаласындағы филиалы Қонаев даңғылы, 3/3 мекен-жайында орналасқан.

0
0
186

Осы тақырып бойынша

Жас кәсіпкерлер 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиенің игілігін көріп отыр - Yvision.kz