ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Жаңаөзен халқын арандатқан кім?

Ақтау қалалық сотында 16 тамыздан бастап В.Козлов, С. Сапарғали, А.Әминнің қылмыстық істері бойынша дүмпулі дүбірдің ақ-қарасын анықтау жалғасуда. Кешегі күні яғни, он алтыншы тамызда прокурорлар тарапынан заңды фактілер тізбегіне куә болсақ, келесі күні айыптаушы жақ кәугерлерінің сөзі тыңдалды.

Таңғы онда басталған сот, әуелгі куәгер «Өзенмұнайгаз» компаниясының бұрынғы директоры Киікбай Ешмановтан жауап алуды бастады. Негізі бұл процестегі куәгерлер саны қырық бір. Ешмановтың сот отырысында берген жауабынан түйгеніміз, 16 желтоқсанда Жаңаөзенде жасалған бүліктің бір ұшының басталуы осы оппозиция партиялардан дегенге сайып келеді. Ешмановтың берген жауабы бойынша, «Өзенмұнайгаздағы» ереуілдердің басты айдап салушысы Ақжанат Әмин мырза екендігімен түсіндірді. Ол өзінің беделдігінін арқасында жұмысшыларды өз қол шоқпарына айналдырған көрінеді. 2008 жылдары аталмыш қызметке орналасу уақытынан бастап болған ереуілдердің себебін де нақтылай түсті. Сондай-ақ жұмысшылардың аштығы мен ереуілдерінің барлығы да заңсыз екендігін айтты. Жұмысшылардың негізгі талаптарының бірі – жалақыны өсіру, сервис мекемелерді «Өзенмұнайгаздың» қарамағына қалдыру мен басшылықты ауыстыру болатын. Бұл талаптардың барлығы да орындалған. Ешманов сот төрағасының алдында Әминнің бірқатар былықтарын епті баяндап, оның барынша арандатушылық істермен айналысқанына еш шүбәсіз қарайтындығын білдірді. Осы ереуілдер барысында Әминмен тікелей кездесіп, ауызба-ауыз мәселелер жиынтығымен бөліспек те болған. Алайда, Әминнің сөздерінен оның өрескел қылықтан тайынбайтындығын аңғарған.

Он алтыншы желтоқсан оқиғасына дейін арнайы партия жасаған үнпарақтар да таратылып, халықты алаңға жинау мақсатында хабарландырулар жасалғанын сөзінің барысында айта кетті. Сол сияқты Ақжанат Әминнің өзара жақтастары да болған екен. Олар Төлетаева, Соколова тағы басқалар. Әрине, шулы процестің негізгі «көзірі» болып отырған Козловқа да байланысты пікірлер білдірді. Куәгер өзіне тиесілі барлық ақпаратты айтқаннан кейін, оған бірнеше қарша бораған зеңбірек сұрақтар да қойылды. Мәселен, Козловтың «Менің мұнайшылармен әңгімемнен қандай арандатушылықты байқадыңыз?» деген сауалына ол Козловтың жұмысшылармен кездесуінен кейін ереуіл тоқтамай одан бетер үдей түскендігімен түсіндірді. «Егер сіз жұмысшылармен кездесіп, оларға барлық ереуілдер заңсыз екенін айтып түсіндірген болсаңыз, бәлкім, бұндай бүлікке душар болмас па едік? Сіздің әңгімеңізден кейін ереуіл тоқтатылса онда сізді арандатушы деп айтпас едім» деді ол. «Сіз келген соң да, мұнайшылар тараған жоқ. Алаңда тұрғаныңыз оларды қолдау болды». Козловтың тарапынан қойылған «Табылған үнпарақтарды неліктен партияныкі деп ойлайсыз?» деген сауалына ол «әуелі үнпарақтардың орысша толтырылғандығына күмәнмен қарап, жергілікті тұрғындардың қазақша сөйлеуі бұған сай келмейтіндігін аңғардым. Және бір қызығы орысша толтырылған» деді ол.

Ал қорғаушы жақтың адвокаты Сәрсенбина Козловтың арандатушылық іске апарғандығын растайтын материалдардың болмауына байланысты жалған жала жабудың негізгі мақсатын сұраған болатын. Бірақ, Ешманов бұл даурыққан бүліктің негізінде қайтыс болған он бес адам қайта тіріліп келсе, «арандатушы» деген сөзді қайтіп алатынын айтып, оны халықтан сұрауын өтінді. Бірақ, шығар қорытынды бірінші куәнің берген жауаптарымен шектеліп қалмақ емес.

Ал сот отырысы түстен кейін Әлеуметтік қорғау және еңбекпен қамту министрлігінің вице-министрі Біржан Нұрымбетов мырзадан жауап алуды басталды. Ол мұнайшылар ісі бойынша Жаңаөзенде 4 рет болған. Нұрымбетовтың айтуынша, айыпталушылардың арасынан тек Серік Сапарғалиды 2011 жылы қараша айында бітімгерлік комиссияның құрамында көрген. Соңғысында, 23-24 қараша күндері түнге дейін мұнайшылардың өкілдерімен кездесу өткізгенін мәлімдеді. «Сол кезде сарапшылар 1.8 және 1.7 коэффицентін қолданғанын мақұлдағанымен, хаттамаға қол қоюдан бас тартқанын айтты.
Нұрымбетовтан кейін бұрыңғы облыс әкімі орынбасары Айтқұлов куәгер ретінде қолындағы кісенімен сот залына кірді. Ол әкім Көшербаев пен Нұрымбетов бастаған бітімгерлік комиссия құрып, мұнайшылардың жалақысы 25-30 пайызға көбейгенін айтты. Айтқұловтың пікірінше, халық облыстық билікке сенбеген. Ал «Алға» партиясы Маңғыстау облысына ерекше қызығушылық танытқан көрінеді. Тек жұмысшылар тарапынан жалақыны көтеру мәселесі талап етілгенін айтып, Айжангүл Әмірованың «шеф былай жаса деді» деп үнемі Козловтың тікелей қол шоқпарында жүргенін дәлелді сөз екенін білетіндігімен мәлімдеме жасады.

Тағы айта кетер бір жағдай, жоғарыда Ешманов 16 желтоқсанда алаңға қойылған киіз үйлердің тұрғызылуын тікелей облыстық басшылықтан түскен бұйрық деген болатын-ды. Бірақ бұл сөзді Айтқұловтан Ешмановқа бұндай бұйрық берілмегендігін айтты. Осыдан кейін Козловтың адвокаты Венера Сәрсембина соттан Ешманов пен Айтқұловты бір-бірімен беттестіруді талап етті. Келесі сот отырысы 20 тамызда өтетін болды.

Сот процесіне бірінші күні келгендердің қарасы да қалың болып еді. Сотты арнайы бақылауға келгендер арасында Евгений Жовтис, Амангелді Шорманбаев, Роза Ақылбекова сияқты құқық қорғаушылар мен «Жаңаөзен-2011» қоғамдық комиссиясының мүшесі Рысбек Сәрсенбайұлы, "Азат" ЖСДП өкілі, әрі В.Козловты қолдаушы Болат Әбілов сияқты саясаткерлер де болған еді. Бірақ, 17-сі күні өткен кезекті процесте аты аталған азаматтардың кейбірін кездестіре алмадық. Сірә, олар өздері қорғаштап жүрген айыпталушылардың Жаңаөзен оқиғасына кінәлі екенін түсіне бастаған сияқты...

Асылжан Иманғалиев

http://www.serke.org/news/zhanaөzen-khalkyn-arandatkan-kіm-0