Жаңа достар арасында
Жаңа достар арасында
Шоқанның ауылдағы әдетiмен таңертеңгi ұйқыға
маужырап жатқанын көрiп Уәсiл ағай оятуға қимай сәл бөгелiп қалды.
– Шоқан, Шоқан, – деп дыбыстады. Өзi де оқу ойында
болып, сергек жатқан Шоқан басын жастықтан жұлып алды.
– Шоқан, сен ендi тұр, жуын, киiн. Тамақтанайық,
оқуға бару керек, – деп Васил ағай жұмсақ қана жымия сөйледi. Шоқан мектепке баратыны
есiне түсiп, сергектене орнынан тұрып, киiнiп, сыртқа шықты. Ал-ғашқы оянған бойында
сыртқа шыққанша әкесiн де, Бейсендi де есiне түсiрiп ойланбаған едi. Күнде қораның
iшiнде тұратын пәуеске, пысқырынып лапас астында тұратын үш күрең ат бiр де бiрi
жоқ. Қора iшi қоңылтақсып босап қалыпты. Қырдың жер тарпыған сәйгүлiктерi, жол шаңының
тозаңын жамылған пәуеске, шапаны қолпылдап, бөркiн жымырайта маңдайына тұқырта киiп
күлiмсiреп тұратын Бейсен дала еркiн-шiлiгiн етегiне түйiп алып жүрiп кетiптi. Шоқанның
жүрегi аузына тығыла, әлденеден көңiлi босағандай көңiлсiздене қалды. Ол жан-жағына
жалтақтай қарап, үйге кiрдi де, Васил ағайына ойлана қарап.
– Басил аға, атекемдер қайда? – дедi.
– Ә, олар таң елең-алаңда салқынмен жүрiп кеткен.
Сен ендi корпус оқушысы боласың. Сенiң ендiгi, жолдасың, серiгiң қала жұртшылығы,
– дедi.
Шоқан кешегi әкесi алып берген корпус балаларының
формасын киiп, Васил ағайына ерiп корпус үйiне келдi. Алдарынан күлiп қарсы алған
Сергей ағай Шоқанмен анада өзi үйреткен тәртiппен амандасып, жылы туысқандық шыраймен
қарсы алды.
Бiраз уақытта Сергей Сотников:
– Василий Иванович, сiз ендi қайта берiңiз.
Қазiр балаларды класқа бөледi. Оны өзiм басқарысамын. Шоқан ендi Кадет корпусының
оқушысы ғой, – деп көтермелеп қойды.
– Иә, онда мен қайттым. Шоқан, үйдi өзiң табасың ғой. Оқуыңа орналас,
– деген сөзiн айтып Дабашинский қызметiне кеттi. Балалар да жинала бастады.
– Ә, Шоқан, аман ба, – деп Григорий Потанин де келдi.
Кешегi танысуынан берi үйiрленiп қалған Шоқан өзiнiң ауылдағы
төл жолдасы келгендей Григориймен үйiрлесе түстi. Қазақ тiлiн жетiк бiлмегенмен,
айтқанды түсiнiп бiраз сөздi айта бiлетiн Григорий Шоқанға бiр де бiр табжылмас
серiк болып сезiлдi. Өзiндей, өзiнен де кiшi бiраз бала корпус үйiнiң алаңында топтала
жиналып бiрiне бiрi тосырқай қарап тұрысты. Анадай шет жақта басына тақия киген,
қамыт аяқтау, секпiл бет бiр бала ақырындап Григорий мен Шоқанның қасына келдi.
Ол бiраз қипақтап тұрды да:
– Сiз қырғыз тугiл мә? – дедi Шоқанға.
– Жоқ, мен қазақпын, – деген сөздi Шоқан ажарлана айтты да, –
Сен өзiң кiмсiң?
– Мен татар баласымын.
– Атың кiм?
– Исмiм Ѕазиа Мұзаппаров. Немене, сен мұнда оқуға келдiң бе?
– дедi Ѕазиз.
– Иә, оқуға келдiм.
– Мұнда военныйларның балаларын ала ғой. Нишiк сен мұнда түшмәксiң?
– Ѕазиздiң мына сөзiне Шоқан анықтап жауап айта алған жоқ. Ѕазиз осымен сөзiн аяқтады.
– Ал, балалар, корпусқа кiрiңдер, – деген кезекшi әскери адамның
айтуымен балалар корпус iшiне кiрдi. Шоқанды Сергей ағай ертiп өзiмен бiрге оқитын
балалар тобына қосты. Балалар қалай топталды, кiмнiң баласы қай бөлiмде оқиды, оны
Шоқан ұғынып бiле ал-ған жоқ. Тек Ѕазиздiң «нишiк сен мұнда түшмәксiң» деген сөзi
көңiлiне түйткiл болып қала бердi. Оқуға топтағанда Григорий өткен жылғы оқыған
тәртiбiмен екiншi группа балаларына қосылып кеттi. Әлгi өзiмен сөйлескен Ѕазиз
ғана өзiмен бiрге топталған бiрiншi группа балаларының iшiнде қалды. Орысша бiр
ауыз сөз бiлмейтiн Шоқанға Ѕазиз көмектестi. Әжесi Айғанымның бiр кiсiлермен сөйлесiп
отырғанда айтқаны бар-ды: «Адам сөйлескенше, жылқы кiсiнескенше» деген. Алғашқы
кездескенде «сен қырғыз тугiл мә» деген сөзiнен көңiлiне дық алып қалған Шоқан Ѕазиздi
ал-ғашқыда iштей ұнатпаса да, өз тiлiнде сөйлесiп ұғынысқаннан бастап үйiрлене бердi.
Григорий тек сабақ әредiгiндегi демалыста ғана кездеседi. Бар
маңындағы тiл қатысары Ѕазиз. Бұл екеуi өздерiнiң жай-күйлерiн айтысып, әңгiмелесiп
жүретiн болды. Алғашқыда Дабашинскийдiң үйiнен келiп жүрдi де, артынан Шоқанды Сергей
ағайы балалардың жатақханасына орналастырды. Ендi Шоқанның Ѕазизбен төсегi де қатар
қойылып, мүлде жақындасып кеттi. Ә, дегенде тiлiн ұқпай, оқуды жобамен, кейде Ѕазиздiң
көмегiмен байыптап ұғынған Шоқан, жаңа жыл қарсаңында ойын сөздерiн, сабақ жайын
еркiн түсiнетiн болды. Бұрынғы тiл бiлмей шеткерi тұратын тұйықтық жадырап, өзiмен
сабағы бiр балалармен ойыны үйлесiп еркiндей бастады.
Алғашқыда Шоқанды жексенбi күнi Сергей өзi келiп үйiне ертiп
әкетiп жүрдi. Үйiнiң iшi тегiс қазақша бiлетiн Сотниковтың үйi Шоқанға қырдағы ауылындай
аса бiр жылы болып сезiледi. Әсiресе Сергей ағайдың әзiлшiл жайдары мiнезi, қазақуар
әңгiмелерi сондай көңiлiн көтерiп тастайды.
Ѕазиз де жексенбi күнi өзiнiң сол қаладағы ағайының үйiне кетедi.
Жексенбi күн корпус балаларының асыға күтер мейрамы болатын.
Жаңа жыл карсаңындағы демалыста Васил ағай өзi келiп Шоқанды
үйiне алып кеттi. Сергей Сотников бұл демалыста Дабашинскийдiң үйiнде болуына қарсы
бол-ған жоқ. Оның себебi жаңа жыл қарсаңында Шыңғыстың өзi қалаға келiп қайтамын
деп хат жазған болатын. Анадағы тез келем деп кеткен Шыңғыс, тек жаңа жыл қарсаңында
ғана келетiн болды.
Шыңғыстың анадағы айтуы бойынша тез келмеу-iнде
оның өз есебi болды. Қалаға, қорпус тұрмысына етi үйренгенше көзiне көрiнсем, қайтамын
деп балалық iстер. Мектебiне, балаларға да әбден бойы үйренсiн деп, әдейi кешiгiп
келдi. Және Дабашинский мен Сотниковке хат жазып, Шоқан жайын үнемi сұрастырып,
жатақхана тұрмысына Шоқанның бойы үйренгенiн де осы жаңа жыл қарсаңында бiлдi. Бұл
келiсiнде ол қаланы жатырқап тұрған қыр баласын көруге келген жоқ, ол корпустың
оқушысын көруге келдi.
Шоқан Дабашинскийдiң үйiне келгенде, әтекесi
Бейсен екеуi алдынан шықты, Шыңғыстың құштарлана сүйiп, қыса бауырына басқан жылы
құшағынан босаған Шоқан тура барып Бейсендi өзi құшақтай алды. Бейсен де Шоқанды
көтере құшақтап: «Әжең, апаң, Жақып, Әлiбай – бәрi сәлем айтты», – дедi.
– Мысық ше? – дедi Шоқан жұлып алғандай.
– Мысықты көргенiм жоқ, – деп Бейсен жай елеусiз
жауап бердi. Бейсеннiң «Мысықты көргенiм жоқ» дегенi Шоқанға сондай ауыр тидi. Неге
ауыр тидi? Себебi не? Оны Шоқан ажыратып қорытынды ойламады.
Қораның iшiнде үш бiрдей жарау аттар омыраулары
қырауытып, бүгiлiп тұр. Күймелеген жеңiл шананың жетегiн Бейсен қаңтара көтерiп
тастапты. Анадағы әкесi мен Бейсен кетiп қалған күнгi таңертеңгiлiк көңiлсiз жаңа
ғана орнына келгендей Шоқан тура аттардың қасына барып бiраз тұрды. Шеткерi тұрған
кер аттың жалынан ұстап, омырауынан сипады.
– Малмен үйренiп бiрге өскен ауыл баласы, қараңыз,
малын сағынып қалған. Бiздiң үйдiң iшiмен сәлемдескен де жоқ. Барып атына сәлем
бердi, – деп Васил ағай анадай жерде тұрып әзiлдедi:
– Иә, иә, ол солай, оның ауылдан келгенiне көп
болған жоқ қой, сағынады ғой. Шоқан өзi ауылда да атты жақсы көретiн, – деп Шыңғыс
Дабашинскийдiң сөзiн қоштады.
Шоқан бiрнеше күндей әкесiмен бiрге болып, шанамен
Ертiс бойына шығып серуен де жасады. Жатақхана, мектеп iшiнiң өмiрi бұйықтырып
қалған Шоқан, сонау кең даласына шыққандай еркiн жүрiп, бiраз сейiл құрды.
Қысқы жаңа жыл демалысы аяқталып, Шоқан қайта барып жатақ үйiне
орналасты. Шыңғыс та баласын жатақ үйiне апарып салып қайтып кеттi. Шоқанның аз
уақытта қала, жатақхана тұрмысына бойы үйренiп мойындап алғанына, аздап та болса
орысша тiлге жаттыға бастағаны Шыңғысқа үлкен қуаныш болды.
