Өзбекстанда әйелдердің көлік айдауына тыйым салынған ба?
немесе таксидегі қызық оқиға

Фото: profi196.ru
Жаңбыр құйып тұрған соң, амал жоқ, такси шақырдым. 1 минутта келеді деген такси 10 минуттан соң келді. Үлгерермін деп үндемедім. Құйғытып олай жүрді, бұлай жүрді, Шумахер санай ма өзін, ұқпадым, аварияға өзі тіленіп жүргендей.
Үндемедім. Бір кезде:
- Ә, бәсе, қатын екен ғой, үйінде отырмай ма тамағын істеп, байы бағады ғой! - деп қойып қалды. Бұл жолы шыдамадым да:
- Күйеуі жоқ шығар? - дедім. Ары қарай "әйел затынан ала алмай жүрген өшіңіз бар ма?" деп жалғастырмақ болғам, оған жеткізбеді:
- Онда таксиге мінсін!
- Мынадай таксиге қалай мінеді, жолаушыны сыйламайды, жүрісі қауіпті, сосын жаңа ол емес, сіз ереже бұздыңыз, негізгі жолдағы көлікті өткізіп жіберуіңіз керек еді, - дедім салмақты үнмен, өзімше сабыр сақтап.
Ұялып қалды-ай, кәдімгідей Сосын бір кезде:
- Өзбекстан сияқты заң қабылдау керек! - деді. - Әйелдерге көлік айдауға тыйым салыпты ғой, бізде де тыйым салу керек!
- Оны кім айтты?
- Өзбекстаннан келген танысым.
Осы кезде гуглдан фактчек жасап үлгіргем.
- Аға, Өзбекстан ондай тыйым салмаған, тіпті бар ғой, жаңа жылдан бастап әйелдерге автобус пен жүк көлігін айдауға да рұқсат беріпті. Танысыңыз өтірік айтыпты.
- А-а, солай ма екен, а-а...
Ары қарай тып-тыныш жеткізіп салды...
Халима Тәжіқұлдың жазбасы
