Ыбырай Алтынсариннің ғибратты әңгімелері

Ыбырай Алтынсарин
Жаман жолдас
Екi дос кiсi жолдастасып келе жатып, бiр аюға ұшырапты. Бұл екi кiсiнiң бiреуi әлсiз, ауру екен, екiншiсi мықты, жас жiгiт, аюды көрген соң бұл жiгiт ауру жолдасын тастап, өзi бiр үлкен ағаштың басына шығып кеттi дейдi. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрменi жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кiсi болды да жатты: есiтуi бар едi, аю өлген кiсiге тимейдi деп. Аю бұл жатқан кiсiнiң қасына келiп иiскелеп тұрды да, дыбысы бiлiнбеген соң тастап жөнiне кеттi. Мұнан соң манағы жолдасы ағаштан түсiп, аурудан сұрапты:
– Достым, аю құлағыңа не сыбырлап кеттi? Ауру айтты дейдi:
– Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екiншi рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма дедi, – дейдi.
БIР УЫС МАҚТА
– Бiр кiшкентай қыз әкесiнiң шапанын жамап отыр екен, шешесi қасына отырып, ақыл айтты:
– Балам, дүниедегi жаратылған жанды-жансыздардың ешқайсысының да керексiз болып, жерде қалатыны болмайды, – деп. Сол сөздi айтып отырғанда, қыз бала киiмiн жамап болып, жердегi мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастады:
– Әже, осы қиқымның еш нәрсеге керегi бола қалмас, – деп.
Шешесi:
– Балам, сол да жерде қалмайды, – дедi. Осылайша сөйлесiп, терезеден қарап отырса, манағы мақтаны жел көтерiп ұшырды, мұны бiр торғай көрiп қуып барып, мақтаны тұмсығына тiстеп қана алып, ұшып кеттi. Қыз әжесiнен:
– Манағы мақтаның қиқымын бiр торғай алып кеттi, оны неғылады? – деп сұрады. Әжесi айтты:
– Көрдiң бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөздiң келгенiн. Ол кiшкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етедi, – дедi.
МЕЙIРIМДI БАЛА
Қытай жұртында ескi заң бар, бiреудi алдағандығы мойнына түскен кiсiнiң қолын кесе-тұғын. Бiр төре осындай iспен күнәлi болып, әлгi айтылған жазаны беруге тұрғанда, күнәлi төренiң жас қыз баласы әкем үшiн жауап беремiн деп, мәлiм болды. Қызды патшаға алып келiстi.
– Тақсыр, патшам, – дедi қыз, – менiң әкем жазаға лайық болғаны рас, соның үшiн қолынан айрылуы керек болды, мiнекей, тақсыр, әкемнiң қолы, – деп өзiнiң қолын көтердi. – Бұл қол да менiң жазықты болған атамның қолы, бiрақ мұнымен бала-шағаларын асырауға шамасы келмейдi. Бұйырыңыз, тақсыр, осы нашар қолын кесiп, жұмысқа жарап, бала-шағаларын асырайтын қолын атама қалдыруға.
Патша баланың мұнша атасына мейiрiмдiлiгiне рақымы келiп, төренiң күнәсiн кештi дейдi.
ӘДЕП
Бiр жүрттың бас әкiмi екiншi бiр байға жолығысып сөйлесiп тұрғанда, қасынан бiр жарлы мұжық өтiп бара жатып иiлiп, бас ұрып сәлем бердi дейдi. Оған қарсы әлгi үлкен әкiм төре онан да төменiрек бас ұрып сәлем алды. Қасындағы бай:
– Тақсыр, осынша жүрттың үстiнен қараған әкiмсiз, осы бiр мұжыққа неге сонша бас ұрасыз? – деп айтты дейдi.
Сонда әкiм:
– Ешбiр iлiм-бiлiм үйренбеген мұжық сонша иiлiп, әдептiлiгiн көрсеткенде, мен онан әдепсiз болып қала-йын ба? – дедi дейдi.
АУРУДАН – АЯҒАН КҮШТIРЕК
Сейiт орам үстiнде жүгiрiп бара жатқанда, бiр арбалы келiп, аңдаусыз соғып кетiп, аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баланы көрiп шошынғаннан шешесi есiнен танып қалыпты. Мұны көрген соң, Сейiт жыламақ түгiл, сынған аяғын орнына салып таңып жат-қанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кiсi:
– Аяғың ауырмай ма, қабағыңды да шытпайсың? – деп сұрады.
Сейiт шешесi шығып кеткен соң, демiн алып, сынықшыға сыбырлап айтты дейдi:
– Ауырмақ түгiл, жаным көзiме көрiнiп тұр, бiрақ менiң жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып, жүдемесiн деп, шыдап жатырмын, – дедi.
