Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qaz

Ұядан ұлы жолға

Ұядан ұлы жолға

Төре аулы жайлаудан қайтқалы, Шоқанның ойында Омбы қаласына деген
жүрiс жолы елестеп, асығу да бар. Әсiресе Сергей ағайдың қала жайынан қызықтырып
айтқан әңгiмелерi есiне түседi. Ал қалаға жүрсе мына ауыл өмiрiнен бөлiнедi. Ойыны
бiр құрдастан, тентек те болса, бауырлас Жақыптан бөлiнедi. Ыржия күлiп, қорғана
тiл қатып, балшықтан мүсiн жасап ойынына талшық еткен Мысықтан көз жазады. Қатар
отырып жазу салыстырған, ойын тобықта үнемi қасында болып, мұрнын тартып қойып,
«Шоқа» дейтiн құрдасы Әлiбайдан бөлiнедi. Осындай ойларға оралған Шоқан күн санап
анадағы бастаған күнделiк дәптерiне әрбiр ойын жазып жүрдi. Ол жаздағы нағашы аулына
барған сапарынан көрген-бiлгендерiн тегiс есiне түсiрiп жазып қойды. Әсiресе Етекбай
сөзiн, Зерендi түсiнiгiн жазды.

Ауыл Қосқималыға келген күнi-ақ Шоқан белгiлi күзек құдықта отыратын
жалғыз қара лашық Мысықтың үйiне келдi. Жаздай ел көрмей, елегiзiп елсiз өмiрде
бұйығып жүрген Мысықты екi бұзауды қайырып келе жатқан жерiнен қорық iшiнде кездестiрдi.
Ыржиып құлағы делдиiп тұра қалған Мысыққа Шоқан құнанынан түсiп, қасына келдi де:

– Немене, Мысық, аман ба! Мысық үндемедi, тек күле бердi.

– Сен, немене, сөздi ұмытып қалғансың ба? – Жоқ, сөздi бiлем.
Аман ба, Шоқан!

– Иә, аман. Өзiң, немене, қандай мүсiн жасадың?

– Түк те жасағаным жоқ.

– Неге?

– Бұзауымды бағып, апамды күтем. Мысықтың мына сөзi Шоқанға ерекше
бiр ой салды. «Иә, алдымен тiршiлiк өмiр жабдығы» дедi iшiнен.

– Мен ендi қалаға оқуға жүрем. Сен ертең бiздiң ауылға кел. Және
жаңа суретiң болса, ала кел.

– Жаңа мүсiнiм жоқ. Жалғыз қалай барам, қорқам. Апамды жалғыз
қалдыра алмаймын.

– Неге?

– Жоқ, ауырады, орнынан тұра алмайды.

– Әкең қайда?

– Төре үйiнiң шөбiн шауып жүр. Алыста, анау өзен жақта.

Мысықтың мына кейiнгi үй жайын айтқандары мұңайған түрiне көзi
түскен Шоқан оны аяп кеттi. Анасы ауру, әкесi бiреудiң жұмысында, өзi жалғыз. Мына
бұзаулар оның әрi күн көрер азығы, әрi ермегi. Қандай қиын, – дедi.

– Онда жарайды, ертең мен өзiм келейiн, жарай ма?

Мысық басын изедi.

Шыңғыс өзiнде қонақта жатқан Дабашинский Шоқанды ертiп Айғаным
аулына келгенде, Қанғожа, Мамеке – бәрi де ханым үйiнде едi. Шоқанды Омбыға  оқуға апарады деген сөз осы күзекке қонысымен-ақ
төре аулына хабарланған. Бүгiн ханым үйiнде болатын хабар да оларға айтылған-ды.
Сүйiктi немересiн қасына алып, қайта-қайта маңдайынан иiскеп, ойлана алыс-қа қараған
Айғаным:

– Мына Шоқанжанның тоқым қағарын өзiм iстейiн деп әдейi мына аға,
аталарын шақыртып алдым. Баталарын берсiн. Ана ауыл ақсақалдары да келедi. Шыңғысты
орысша оқуға бергенiмде, төре, қара болып – бәрi күңкiлдеп айтпаған өсегi жоқ едi.
«Айғаным ендi өзi шоқынғанмен қоймақ, баласын да орыс оқуына шоқындыруға берiптi.
Аталары орысша оқымай-ақ Үш жүздi билеп едi ғой. Бұл қай бұзылғаны» – деп айтпаған
өсегi бар ма едi. Сол шоқындыруға бердi деген Шыңғыс мiнi орталарыңда. Дiнiн бұзып
па? Халқының қағидасын бұзып па? Бiлiм алды, бiлiмдi елдiң адамымен тiзелесе отыруға,
өз ойын басқаға тәуелсiз-ақ орысша жеткiзуге жеттi. Ал мына Шоқанжан ендi одан да
үлкен оқуға барады. Жаңа заманның бiлiмiн алады, – дедi Айғаным.

Әрқайсысы Айғаным сөзiн өзiнше түсiнген туыс-қандар үнсiз тыңдап,
әдеппен ана алдындағы құрмет-терiн iстедi. Айғанымның әлгi айтқан сөзiн тыңдап отырған
Дабашинский:

– Төрелер, ханым аналарың да өте дұрыс айтады. Сiздердiң бағынған
үкiметтерiңiз орыс патшалығы, оның тiлiн бiлiп, заңын ұғу сiздерге фарыз. Егер оны
бiлмесеңiздер, мен сияқты тiлмәш арқылы тiл қатып аузын буған өгiз болып отырасыңдар.
Сiздiң қазақтың мақалы бар ғой, «шайнап берген балаға ас болмайды» деген. Сондай-ақ
бiреу арқылы тiлдескен ел басшысы ұлыққа қай ойын жеткiзедi. Ал мына Шыңғыс Уәлиханович
патшаның өзiмен де сөйлесе алады. Шоқан мына корпусқа түсiп оқыса, Шыңғыстан да
оқымысты болады. Ендi сiздiң елдiң жастарына оқу керек, – деп Дабашинский өте бiр
достық ойлар айтты. Бұл сөзге риза болған Айғаным:

– Шырағым, мен асыл ұлым деп мына Шоқанымды өз қолыңа беремiн.
Үйiңде ұста, зерiктiрме, оқуын жақсылап оқыт. Сен де дос-жар баламның бiрi бол,
– дедi.

– Ханым апай, сенiмiңiздi ақтармын. Шоқаныңызды өз балам етiп
тәрбиелермiн.

– Жолың болсын, шырағым. – деп Айғаным қасындағы Шоқанға, – сен
ана ағаңның айтқанын тыңда. Оқуыңды жақсы оқы, – дедi. Шоқан үндемей басын изедi.

Осы кезде Айғаным хабарлаған ауыл ақсақалдары, Ықылас, Сал, Әжiбайлар
тағы басқалары келдi. Мәжiлiс қызды. Қанғожаның қобызы да, Нұртайдың әнi де шыр-қалды.
Түс ауа ханым аулынан аттанған топтың iшiнде келе жатқан Шоқан, өз ауылдарына таянғанда:

– Атеке, мен кеше Мысыққа келем дегем, соған барып келейiн, –
дедi.

– Е, досың ғой, әлгi шебер бала ғой, бар, бар, – деп Шыңғыс рұқсат
еттi.

Шоқан Тақырбас бар қасында, Мысыққа келгенде, күркесiнiң қасында
от жағып жүр екен. Ол Шоқанды көрiп, ыржая күлiп алдынан шықты.

– Ал, Мысық, жүр, бiздiң ауылға жүр.

– Апам жалғыз қалады ғой.

– Көп болмайсың, апаңа айт, – Жарайды, қазiр, – деп Мысық апасы
жатқан қара лашыққа жүгiрiп кеттi. Бiраздан соң үстiне анада Шоқан берген көнетоз
шапанын киiп шықты.

– Кәнi, менiң артыма мiн, – деп Тақырбас оны қолынан тартып артына
мiнгестiрiп алды. Мысықты өзiне iлестiре үйге кiрген Шоқанға Зейнеп:

– Шоқанжан-ау, мына сары сұңқарды тағы тауып алғансың ба? – дедi
таңданып.

– Иә, апеке, шешесi ауру екен. Жазда сурет жасай алмапты. Әкесi
атам үйiнiң шөбiн шауып, үйiнде жоқ. Сондай аяныш, – дедi.

– Шешесi не ауру екен? – деп Зейнеп ежiктей сұрады. Оны байқап
тұрған Мысық қорқып, көзiн жыпылықтатып, төмен қарап кеттi.

– Апа, сiз ұрыспаңыз, оның жазығы жоқ. Мен ертең қалаға оқуға
жүремiн ғой, ана менiң қазақы кемзал, шалбарымды Мысыққа бершi, түк киiмi жоқ.
Өзiне тамақ бергiзшi. Шешесiне де тамақ берiп жiбер, – дедi өтiнiш етiп.

– Иә, жол садақаң болсын, берейiн, – деп Зейнеп
Қанипаға, – Шоқанжанның кемзал, шалбарын ана балаға әпершi. Өзiне тамақ бер. Шешесi
ауру болса, шай, қант түйiп бершi, – дедi. Қанипа жымия күлiп:

– Осы бiр сары шегiр жүгiрмекке Шоқанжанның мүлде
ықыласы түстi-ау. Мына кемзал, шалбарын қалаға жүрерде өзiм сұрап алып, ана бауырыма
кигiзейiн деп жүр едiм.

– Қанипа, оған ренжiмей-ақ қой. Сенiң бауырыңа
да Шоқанның бiр көнесi табылар, – деп Зейнеп Қанипа көңiлiн де жұбатып қойды. Киiм
киiп, шай, қант алып, олжалы болған Мысық қуанышы қойнына сыймай, үйiне жетуге асығып,
Шоқанның қасына келiп, не айтарын бiлмей, ыржиып танауын тартып тұрып қалды.

– Немене, үйiңе қайтасың ба? – Мысық басын изедi.
– Тақа, мына Мысықты үйiне апарып тастаңыз, иттен қорқады, – деп Шоқан Мысықпен
хош айтысты. Тақырбастың артына мiнгесiп жүре берген Мысыққа:

– Мысық, мүсiн жасауыңды ұмытпа. Маған жақсылап
көп мүсiн iстеп қой.

Мысық Тақырбастың белбеуiнен ұстап, тырмысып
бара жатып артына бұрылып:

– Жарайды, iстеп қоям, – дедi.

Шоқан Тақырбастың артына мiнгесiп бара жатқан
Мысыққа қарап бiраз тұрып қалды. Тек, артынан келiп құшақтай алған Жақыптың:

– Өй, анау әлгi мияу Мысық па? – деген сөзiне
бұрылып:

– Иә, сотқар, бiр айқасатын едiң, көре алмай
қалдың-ау, – дедi.

Жақып Шоқанның қалаға жүретiн хабарын естiгелi
берi бұрынғыдай соқтықпай, өзiнше бiр ойға түскендей болып жүрген. Бұл жерде де
сол мiнезiн iстедi.

Дабашинский Шыңғыс аулына келiсiмен-ақ Шоқанның
жаңа досы болып алды. Шекарашылар меке-месiнiң тiлмашы, қазақ даласын көп аралаған,
тапқыр да тiлмәр Дабашинский Шыңғыстың көптен бергi досы едi. Шоқанды оқуға алып
жүрердегi Шыңғыстың қаладан Шоқанға сайлаған пәтер үйi де осы Дабашинский үйi болатын.
Сондықтан, көктем кезiндегi қалаға қатынасқанында, Шыңғыс Дабашинскийдi әрi қонаққа
шақыра, әрi оқуға берер баласы жайлы сөз байласқаны бар-ды. Дабашинскийдiң бұл келуiндегi
себептер де осы болатын. Дабашинский Шыңғыстан бiр-екi жас үлкен болғандықтан, Шыңғыс
оны Уәсiл ағай деп өзiмсiне сөйлейтiн. Шыңғыстың өзiн қазақсына атағанына Дабашинский
аса разы болып, көңiлденiп қалушы едi. Әкесiнiң атауымен Шоқан да оны Уәсiл ағай
деп атайтын болды:

– Корпусқа бала қабылдау кезi болып қалды. Алдын ала барғанымыз
жақсы, – деп Дабашинский Шың-ғысқа жүру жайын бiр ескертiп қойды.

– Иә, иә, ол рас. Ертең ерте аттанамыз, – деп Шың-ғыс жол аттарын,
қасына алар жолдасын әзiрлеттi. Тұңғыш баласын бауырынан шығарып алыс жолға, шәњәрлi
жерге жiберуге әзiрлеген Зейнеп әлденеден бiр ауыр ойда. Ананың көз алдына кiшкене
Шоқанның жат үйде жалтаңдап отырған түрi елестейдi. Қаланың қамау көшесi, өзi тiлiн
түсiнбейтiн жұрттың iшiнде баласының жабығып тұрған бейнесi келедi. Iшi елжiрегенiмен
бiр сенiмдi медеу бар. Ол анада келiп жатқан Сергей, мына Уәсiл ағайлар көңiлiне
тиянақ тәрiзденiп кетедi. Бiлiмге, оқуға аттанады, ол бiр мерей ғой деген жақсылық
ойдың жарқын сәулесi жiгер туғызып тұрғандай болады. Осыны ойлайды да бойын ширатады.

Үш ат жегiлген пәуескенiң күймесiн шалқалата ашып Бейсен көлденең
тартқанда, Айғаным бастаған аналар тобы Шоқанды кезекпе-кезек бетiнен сүйiп, асыл
ниеттерiн айтуда.

Алдымен пәуескеге келiп отырған Шыңғыс:

– Кәнi, Уәсiл ағай, келiңiз, – деп өз қасын нұс-қады.

Тентек Жақып жыламсырап Шоқанды құшақтап, бауырлық
жылы мiнез көрсетiп тұр. Жақыптың сырт жағында Әлiбай, Мұқандар тұр. Бұлар ыржия
күлiп, «Шоқан, қош, аман бол» десiп, жолдастық қимас достық лебiз бiлдiруде. Бейсеннiң
делбе ұстаған қолы қозғалғанда, пәуеске үзеңгiлiгiне аяғын салған Шоқанды ұстап
қолтығынан алып Зейнеп өз қолынан аттандырып жiбердi. Шоқанның пәуеске тұтқасына
жармасқан қолынан ұстап Уәсiл ағай көтерiп алды. Жан-жүйесi босап көзiне жас алған
Зейнеп: «Жолың болсын, құлыным» – деп орамалын көтерiп қала бердi. Пәуескенiң артынан
көзi жасаурай қарап тұрған Айғанымға:

– Апасы, үйге жүрiңiз, Шоқаныңыздың жол шашуына
батаңызды берiңiз, – дедi Зейнеп.

– Жарайды, Зейнепжан, Шоқанымнан аяр тiлегiм
бар ма, – деп Айғаным қасындағы күтушiлерiмен үйге кiрдi.

Ауылдан шыға бере тақта жолға түскен пәуескенi,
ертiп тұрған үш күрең ат зырлата ұшырып келедi. Артына жалтақтай қараған Шоқанға:

– Шоқанжан, ендi артыңа емес, алдыңа қара. Өмi-рiңнiң
өрi алдыңда, – дедi Шыңғыс.

– Иә, Шоқан, Шыңғыс Уәлиханович өте дұрыс айтады.
Алдыңа қара. Қызық та, бiлiм де, өнер де алдыңда, – дедi Дабашинсқий, Шоқанның ауылға
қиыла қараған ойын бөлiп. Құсмұрын жазығынан созыла құлаш ұрған жiңiшке қара жол,
тобыл бойын кемерлей тартып келедi. Анда-санда күзекте отырған кигiз үйлi қазақ
ауылдары, кей жерде некен-саяқ қысқы қора елесi көрiнедi. Солтүстiктен ескен қоңыр
жел лебi әрi сал-қын, әрi бiр көңiлсiздiктi сүйретiп жүргендей, бiр ыз-ғар сездiредi.
Аспан әлемiндегi бұлттың түрi де, қоңыр күңгiрт тартқан күн жылуы да ауылдан алыс
жолға аттанған Шоқанның бала көңiлiне солғын болып сезiледi.

Шоқанның осы сияқты көңiлсiз күйiн сезген Дабашинский
әдейi әңгiмеге алдандырғысы келiп:

– Шоқан, сен орыстың ұлы оқымыстысы әрi ақыны
Ломоносов жайында естiмеген боларсың. Бiлiмдi iздеген адамға оның өмiрi үлгi, мен
саған соны айтып берейiн, – дедi.

– Иә, Уәсiл ағай, Шоқанға айтыңыз. Ломоносовты ұлы ақын Пушкиннiң:
«Ломоносов бiздiң бiрiншi уни-верситетiмiз» дегенi әншейiн айтылмаған. Ұлы ақын
оны өте жоғары бағалаған, – деп Шыңғыс Дабашин-ский ойына түсiрген Ломоносов жайындағы
көңiлiнде қалған Пушкин сөзiн есiне алды.

– Шоқан, сен әлi орысша оқып хат таныған кезiңде Пушкиннiң де,
Ломоносовтың да өмiрбаянын, шығармаларын оқып танысасың. Мен саған тек Ломоносовтың
оқуды қалай iзденiп, ұлы ғалым болғанын айтып берейiн.

Пәуескеге отырғызардағы Зейнептiң елжiрей бетi-нен сүйiп, аналық
махаббатпен қараған жанары көз алдынан кетпей, тентек Жақыптың пәуеске қозғалған
сәттегi қолын бұлғап аңырап тұрып қалғаны көз алдына елестеп мұңая ойланып отырған
Шоқан Уәсiл ағайдың жылы лебiзiнен ойы сергiп:

– Уәсiл аға, ол қандай адам, айтыңыз, тыңдайын, – деп көңiлi жадырай
Дабашинскийге, әкесiне жалтақтап кезек қарап көтерiле отырды.

– Михаил Васильевич Ломоносов Россияның шет жағындағы Архангель
губерниясындағы бiр қара шаруаның баласы. Ол 1711 жылдар шамасында туған. Ол кезде
орыс қалалары мен деревняларында оқу аса өрiс алмаған кез ғой. Деревнядағы бастауыш
мектепте оқығанымен ол онша өнiмдi бiлiм ала алмаған. Жиырма жасқа келген кезiнде
талапты жас оқу iздеп жаяу, жалғыз алыс Москваға жүрiп кеткен. Азықсыз, көлiксiз
жаяу алыс жол жүрiп, ашып-арып Москваға жетiп, өзi iздеген оқуына тұяғын iледi.
Бiр жағынан еңбек етiп және оқып жоғары дәрежелi бiлiм алады. Ломоносовтың зеректiгiне
сүйсiнген ұстаздары оны Германияға үлкен оқуға жiбередi. Ол Германияда университеттi
бiтiрiп, үлкен ғалым болып қайтады. Әрi ғалым, әрi ақын данышпан Ломоносов бiздiң
орыс елiнiң ардақты ұлы, тұңғыш ғалымдарының бiрi болған. Шоқан, көрдiң бе, ұлы
адамдар бiлiмдi қалай iздеп табады. Сен мына сияқты салтанатпен оқуға аттанып келе
жатып, аулыңды қимай мұңаясың. Асықпа әлi-ақ қала тұрмысына үйре-нiп кетесiң, –
дедi.

– Ұқтың ба, Шоқан, Уәсiл ағайдың айтқанын өзiңе ақыл деп ұқ. Ендiгi
сенiң ақылшың осы кiсi болады, – деген сөзiн Шыңғыс Шоқанның құлағына Дабашинскийге
үйiрлiгiн ұғындыра беру үшiн қайталай айтты. Арада бiрнеше күн жүрiп Омбы қаласына
да таянып қалды. Алдымен ұзыннан қарауыта тоғайға бөленген Ертiс өзенiнiң арнасы
көрiндi. Жазық даланы қақ жара белдеуленген өзен өлкесiне көз тастаған Шоқан Дабашинскийге
бұрылып:

– Уәсiл аға, анау қарауытқан немене? – деп сұрады.

– Ол қарауытқан үлкен Ертiс деген өзеннiң бойы. Өзен жағасын кемерлей
өскен тал, қайың ағаштар ғой қарауытып тұрған. Ертiс аса үлкен өзен, әлi қасына
бар-ғанда көресiң. Омбы қаласы осы Ертiс өзенiнiң жағасында.

– Немене, бiз қалаға жақындадық па?

– Ендi қала жақын, бүгiн қонаға қалаға барамыз, – дедi баласының
жол жүруден жалыққанын сезiп отырған Шыңғыс. Аттардың үздiксiз жүрiстен салмақтана
жортқан баяу қимылына ыңылдай теңселе ғана қолын қозғап отырған Бейсен, Шыңғыстың
«бүгiн қонаға қарай қалаға барамыз» дегенiн естiгеннен кейiн қозғалақтап аттарға
қамшы үйiрiп қойды. Ширыға жортқан үш күрең дала апшысын қуыра жүйткiдi. Ширыға
жорт-қан ат жүрiсi жаңағы – қалаға қонаға барамыз» деген әке сөзi көңiлдендiрген
Шоқан, алға ұмтыла, Бейсеннiң иығынан асыла айналаға көз тастайды. Ол әнi көрiнiп,
мiнi көрiнiп қалады дегендей қала елесiн көздейдi. Әлден уақытта қарауытқан өзен
өлкесiнiң арғы жағынан андағайлаған биiк мұнараларды көрдi. Кешкi батар күннiң шапағына
шағылысқан шеркеу крестерiнiң алтындаған бояулары жалтылдап көз тартады.

– Атеке, анау көрiнген не? – деп Шокан үнсiз қала елесiне көз
тастап келе жатқан Шыңғысқа қарады.

– Ол, ол қаланың шеркеулерiнiң мұнарасы. Анау қарауытып көлбеген
қаланың өзi. Әне көрдiң бе, ағараңдаған үйлер, жылтылдаған оттар да көрiне бастады,
– деп Шыңғыс баласына қала көрiнiсiнен байыпты хабар бердi.

Шеркеу деген сөздi бұрын естiмеген Шоқан, ол ерекше Мұнара орнатқан
қандай үй дегендей ойланса да, қуалап сұрай қойған жоқ. Осындай әңгiме сұраумен
алданып келе жатқанда Ертiстiң қалаға қатарлас-қан қабағына да жетiп қалды. Бiразда
қала ап-айқын үлкен-үлкен үйлерiмен, сәндi көшелерiмен саңлақтанып көрiндi. Сонша
болмады Бейсен желдiрте айдап аттарын екпiндете, Ертiстен өтетiн үлкен қайықтың
аузына да келiп тоқтады.

– Мына өзеннен бiз қалай өтемiз? Ана арғы жаққа барамыз ба? –
деп Шоқан өзi түсiнбеген жайларды сұрай бастады.

Қайық аузына келiсiмен пәуеске күймесiнен жерге түсiп, бой жазып
жүрген қала тұрғыны Дабашинский:

– Ал, Шоқан, қала деген осы, анау су жиегiнен көтерiле салынған
биiк үйлер кеңселер. Солардың бiрiнде сен оқисың, – деп қала жайынан түсiнiк айтып
тұрды. Арғы жаққа кеткен паром қайық көп кешiгiп тұрып қалды. Қала көрiнiсiне қызыққан,
iшi пысқан Шоқан:

– Атеке, сiздiң жол дәптерiңiз қайда, маған бере тұршы? – деп
сұрап алды. Шыңғыс та жерге түсiп бой жазып жүрген. Шоқан дәптерге қыстырулы қарындашты
алып, қала көрiнiсiнен бiр үш сурет салды. Әсiресе, шеркеудiң бейнесiн, биiк үйлердiң
Ертiс қабағынан көрiнiсiн салды.

Бұлар паром тосып тұрғанда Ертiстiң бас жағынан суды қақ жара
жүзiп бiр пароход келдi. Атой берiп айқайлап сумен кешiп жүрген кемеге Шоқан таңдана
қарап қалды. Бұрын ондай су кемесi – пароходты көр-меген оған сондай жаңалық болды.
Шоқанның таңданып отырғанын көрген Дабашинский:

– Шоқан, мына кеменi көрдiң бе, бұл осы Ертiс өзенiмен жоғары
өрлеп, төмен құлдилап басқа қала-ларға барып кiсi мiнгiзiп жүретiн, жүк таситын
пароход. Бұл будың күшiмен жүредi. Әлi осыған да мiнесiн, – деп пароход жайын түсiндiрдi.
Бiздiң паромның арғы жақта бөгелiп тұрғаны да осының келетiнiн бiлiп, көлденең жүруге
рұқсат болмай тұр екен ғой, қазiр келедi, – деп оның да тәртiбiн айтып қойды. Шоқан
алдыңғы салған суреттерiне қоса қарындашпен сызғылап әлгi пароходтың да бейнесiн
жазды.

Бiразда паром да келдi. Шоқандардың пәуескесi келiп үлкен қайыққа
түстi. Дабашинский мен Шыңғыс та күймеге жайлана отырысты. Шоқанның қолында ұстаған
жол дәптерiн қолына алған Шыңғыс жаңа ғана Шоқан салған суреттердi көрдi.

– Уәсiл ағай, мына Шоқанжанның қаланы көргенде салған суретiн
қара. Бала деген елiктегiш әуесқой болады-ау. Мынасы қала көрiнiсiне ұқсайды, –
деп дәптердi Дабашинскийге ұсынды.

– Сiз қаланы айтасыз, мына әлгi өткен пароходты қараңыз, Шыңғыс
Уәлиханович, – деп Шоқанның шимайлаған пароход бейнесiн көрсеттi. – Пароходтың
өзiнен түтiнi үлкен болып кетiптi, – деп Шоқанға қарап қызықтай күлдi. Шоқан қысылғаннан
төмен қарап аяғының басымен жер шұқи бердi.

– Сен, Шоқан, ұялма, бұл тамаша талап. Орыс тiлiнде мынадай сурет
салушыларды художниқ дейдi. Бұл тамаша өнер, – деп Дабашинский қайық үстiнде суретшiлiк
жайында бiраз әңгiме айтты. «Оқыған бiлiмдi елдiң аты бiлiмпаз, осы Уәсiл ағайдың
тiптi бiлмейтiнi жоқ» деп ойлады Шоқан өзiне ерекше бiлiмпаз болып көрiнген Дабашинскийге
разылана.

Бұлар қаланың орта шенiндегi аласа ғана шатырлы үйге келiп тоқтады.
Ат, арба қораға кiрдi. Әлi көзi үйре-нiп болмаған Шоқан үйге, айналаға жатырқай
қарайды. Қала үйi бiрiне бiрi тiркеле салынған, ұзыннан ұзақ құймалар. «Ал, үйге
кiрелiк» деген Уәсiл ағайдың шақыруымен Шыңғыс бастап, бәрi үйге кiрдi. Орта жастағы
жалаң бас сары әйел Шыңғысқа таныс үйiр адамша қол берiп: «Шыңғыс Уәлиханович» деп
амандасты. Олардың қасында тұрған кiшкене Шоқанды көрiп:

– Шыңғыс Уәлиханович, бұл жiгiт сiздiң бала ма?
Аты кiм, танысуға бола ма? – деп күлiп Шоқанның қолынан ұстап, – Менi Мария Михайловна,
дейдi. Сенi кiм деп айтайын? – дедi. Шоқан ақырын ғана:

– Шоқан, – дедi.

– Ә, Шоқан Шыңғысович екен ғой. Жас қонақ жоғары
төрлетiңiз, – деп қазақша жатық тiлмен үйiрiле сөйледi.

– Мария Михайловна, мына Шоқанды сiздiң балаңыз
болсын деп алып келдiм. Ендiгi билiгi сiздерде, оқытыңыз, тәрбиелеңiз, – деп Шыңғыс
осы сәтте өзiнiң ойын да айтып салды.

– Тiптi жақсы, Шыңғыс Уәлиханович, маған мына
сияқты жақсы баланы сыйлағаныңызға рахмет айтам. Онда, Шоқан, берi кел, мына жерге
шешiн, – деп Мария Михайловна Шоқанға сол сәтте-ақ өзiнiң орнын көрсетiп тәртiптей
бастады.

Алыс жол жүрiп келген Шыңғыс, Василий Дабашинский
қала тәртiбiмен жақсылап демалыс еттi. Тамақ артынан жолдан шаршап келген Шоқан
Мария Михайловна арнап көрсеткен керуетке жатып ұйықтап қалды. Шоқанның қала үйiнiң
қақпасын ашқан күнi осылай басталды.

Таңертең Шоқан оянғанда әкесi де, Уәсiл ағай
да үйде жоқ едi. Тек Мария Михайловна мен Бейсен үшеуi отырып шай iштi. Шай артынан
қора iшiне шығып, Бейсенмен бiрге аттарды күтiсiп, Ертiске суаруға апарысты. Осындай
алданышпен жүргенде түс кезiнде Шың-ғыс пен Василий келдi.

– Ал, Шоқан Шыңғысович, сен ендi Кадет корпусының
оқушысы боласың. Жолың болсын, үлкен адам бол, – деп Дабашинский Шоқанның қолын
алды.

– Иә, Шоқанжан, мынау Уәсiл ағаң екеумiз сенiң оқитын мектебiңе
барып, сөйлесiп қайттық. Сенi ертеңнен бастап қабылдайтын болды. Сәтi түскенде,
Сергей Сотников сонда кездестi. Барлық жұмысты өз қолына алып, өзi ие болып кеттi.
– Сергей Сотниковтың атын айтқанда, құрбысын атағандай Шоқан сергектенiп:

– Атеке, Сергей ағай қайда, ол неге мұнда келмедi?

– Сергей ағайың қызметiнде. Ертең соның кеңсе-сiне барасың, –
деп Шыңғыс Шоқанның көңiлiн жұбатып қойды. Келер күнi Шыңғыс, Уәсiл ағай екеуi Шоқанды
пәуескемен корпус үйiне алып келдi. Күлiмдеп алдарынан шыққан Сергей Сотников:

– Ә, Шоқан Шыңғысович, оқуға келдiң бе, қазақша айтқанда жолың
болсын, – деп Шоқанмен құшақтап амандасты. Мектеп кеңсесiне өзi ертiп келiп, оқу
бөлiмiнiң бастығына:

– Менiң сiзге айтып жүрген шәкiртiм осы бала, – дедi Шоқанды таныстырып.
Шоқанға жылы жүздi шендi киiм киген ұлық кiсiнiң жымия қарағаны сондай ұнады. Шендi
ұлықтар ызғарлы, түсi суық болады деп еститiн едi. Ал мына кiсi ондай емес, қазiргi
Шоқан ойындағы бар топшылау осы ғана. Бiраз орысша сөйлескеннен кейiн, Шыңғыс, Уәсiл
ағай, Сергей үшеуi оқу бөлiмiнiң үйiнен шығып, пәуескеге отырды.

– Ендi Шоқанды Кадет корпусының оқушысы дей беруге болады. Әлгi
кiсi айтты ғой, қазынаға дайында деп. Өзiмен бiрге оқитын балалармен бiрге қазыналық
үйде жатады. Тiл үйренуiне, сабақ дайындауына да жақсы, – деп Сергей Сотников алдағы
тәртiптi де түсiндiрiп өттi.

– Әзiрше Шоқан бiздiң үйде болар. Балалардың жатақ үйi әбден тәртiпке
келтiрiлсiн. Мен өзiм Шоқанды жақсы серiк тауып орналастырам. Сiз алаң болмай қайта
берiңiз, – деп Дабашинский Шыңғысқа қайтуына кеңес бердi.

– Ол да дұрыс, бiздiң бос жата беруiмiздiң мәнi жоқ. Ертең ерте
жүрiп кетермiз. Мұндағы жолығатын кiсi-лерге тегiс жолықтым, – деп Шыңғыс Шоқанға
өз жайын түсiндiрдi.

– Жарайды, атеке, қайтыңыз. Ендiгi жұмысты Уәсiл ағай өзi орындайды
ғой, – деп Шоқан ризалығын бiл-дiрдi. Осы әзiрде сырттан кiрген жас балаға Мария
Михайловна:

– Ә, Гришамысың. Жақсы келдiң. Берi жүр. Мен сенi бiр жақсы баламен
таныстырайын, – деп Шоқандар отырған бөлмеге ертiп келдi. Өткiр үлкен көк көздi
Гриша батыл басып келiп, орысша сәлемдестi.

– Ә, Григорий екен ғой. Кәнi, сен мына Шоқанмен танысып қой. Екеуiң
бiрге оқисың, – деп Дабашинский Шоқан мен Григорий Потаниндi қол алыстырып амандастырды.
.

– Шоқан, мынау бала Григорий Потанин деген, сен түсетiн Кадет
корпусына былтыр келiп түскен. Өзi қазақша бiледi. Бұл баланың әкесi Потанин сенiң
нағашы ағаң Мұса Шормановтың досы, мұның үй-iшiнiң бәрi де қазақша бiледi, – деп
Шоқанды жаңа дос құрбы баламен таныстырды.

Таң сiбiрлей Шыңғыс орнынан тұрғанда, Бейсен аттарды жемдеп, пәуескеге
жегiп, әзiр тұрған болатын. Көңiлшек әке Шоқанның ұйқыда жатқан кезiнде оятпай,
жүрiп кетудi ойлап едi. Ол жуынып, киiнiп ұйықтап жатқан Шоқанның қасына келдi.
Ойлана, қимай, бiраз тұрып, еңкейiп келiп маңдайынан иiскедi.

– Ә, Шыңғыс Уәлиханович, Шоқаныңды қимай тұрсың-ау. Сен ендi елжiрегендi
қой. Бұл бала бiздiкi. Оянса тағы босаңсисың. Өзiң жуырда қайта келем деп отырсың,
ал, аттан! – дедi Дабашинсқий баласын қия алмай тұрған Шыңғысқа.

– Ал, Уәсiл аға, өзiңе тапсырдым. Дұрыс айтасыз, бала сiздiкi.
Әншейiн, әншейiн, – деп сөзiн қайтадан Шыңғыс далаға шықты. Ол пәуескеге отырып
қорадан жөнелгенде Дабашинскийдiң өзi Шыңғысты қимай, көпке дейiн артынан қарап
тұрды.

 

0
0
4188

Осы тақырып бойынша

Ұядан ұлы жолға - Yvision.kz