Үштілділік – заман талабы
Үштілділік – бүгінгі жаһандану дәуірінде заман талабына сай қалыптасқан маңызды ұғымдардың бірі. Елімізде үштілді білім беру саясаты ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, көптілді тұлғаны қалыптастыруға бағытталған. Аталған үрдісті жалғастыру мақсатында 20 қараша күні Алматы сервис және технология колледжінде «Үштілділік – заман талабы» атты 9-сынып оқушыларының арасында қалалық интеллектуалдық ойын өтті. Шараға №116, №128, №167 мектеп пен №119 мектеп-лицейі және №6 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты.

Ойынның мақсаты мен өзектілігіне Алматы сервис және технологиялар колледжінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы, шара ұйымдастырушысы Құралай Құдайбергенқызы тоқталып өтті.
«Іс шарамыздың өзектілігі – үштілділіктің заман талабы екенінде. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілі – ұлтаралық қатынастар тілі ретінде, ал ағылшын тілі – жалпы жаһандық экономикаға жол ретінде қарастырылады. Сондықтан бұл шараны осы бағытта жастардың қызығушылығын ояту мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Сайыс кезінде үш тілден сұрақтар қойылды, сөйлеу қабілетін байқадық. Себебі көбіне балалар телефонға байлаулы. 2 кезеңнен тұратын ойынға 4 оқушыдан жасақталған 5 команда қатысты. Бірінші рет ұйымдастырып отырған соң толқу мен уайым болды. Бірақ өзімізге ұнады. Енді жыл сайын ұйымдастырсақ деп ниеттеніп отырмыз».

Ойыншылар бірінші кезеңде өз-өздерін таныстырса, екінші кезеңде «Кім? Не? Қайда?» жәшігіндегі үш тілдегі сұрақтарға жауап берді. Үшінші кезең қатысушылардың жылдамдықтарын тексеріп, төртінші кезеңде команда капитандары сынға түсті.
1-Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық педагогикалық колледжінің оқытушысы, әділқазы мүшесі Мақпал Бикенқызы:

«Бүгінгі осы Алматы қаласының сервис және технологиялар колледжінің ұйымдастырып отырған «Тәуелсіздік тұғыры - үштілділік» атты жастарды талпындыру мақсатында ұйымдастырылған интеллектуалды шоудан үйренетініміз, алатынымыз өте көп. Оқуышылармен қатар біздер ұстаздарға да үлкен мотивация болды. Өйткені сұрақтары терең, мазмұнды, жан-жақты жалпы және арнайы пәндер бойынша қамтылғаны қуантады. Жастардың беталысы, қызығушылықтары, ізденімпаздығы, үлкен дайындықпен келгендері қуантып тұр»,- деп өз пікірін білдірді.
Қатысушы командаларға жүлделі орынмен қатар, «Үздік капитан», «Зияткерлік команда», «Ізденімпаз команда» сияқты номинациялар табысталды. Командалық есепті 1-орын иеленген «Шолпы» құрамасының капитаны, 119 мектеп-лицейі 9-сынып оқушысы Айша Ринатқызы ойыннан алған әсерін айтты.

«Бұл күннен алған әсерім өте керемет. Жоба басында қатты уайымдағаным рас. Себебі команданың капитаны болу оңай емес. Жауапкершіліктің көп бөлігі менде десем болады. Уайымдағанымның тағы бір себебі өзге мектептерден келген басқа оқушылар үш тілде жауап берді. Ал біздің топ тек ана тілімізде жауап қаттық. Таныстыруға да жете мән бердік. Тобымыздың атын «Шолпы» деп қойып, әділ қазылардың көзіне бірден түстік деп ойлаймын. Тобымыздың бірінші орынға шыққанын естігенде өте қатты қуандым. Капитандардың үздігі болғанда кәдімгідей толқып, әсерленіп кеттім. Сайысқа бір аптадай дайындалдық, нәтижесіне разымыз. Дайындық барысында қазақ халқының тарихына, салт-дәстүрлерге қатысты кітабын бір оқып шықтық».
Оқушылардың интеллектуалдық деңгейін арттырып, патриоттық рухта тәрбиелеу – кезек күттірмейтін маңызды істердің бірі. Сондай-ақ жаһандану заманында шет тілдерін меңгеріп, бәсекеге қабілетті маман болуы үшін білім ордасының атқарар ықпалы зор. Мұндай игі істер өз жалғасын табады деп сенеміз. Өйткені елдің ертеңі білімді һәм озық ойлы жастардың қолында.
