ru
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 жазбалар4 тіркелуші
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
8

«Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады...»

Бүгінгі материалда «Қара-ала сырмақ», «Жапырақ жауған күз» өлеңдер жинағының авторы, жас ақын Жақсылық Қазымұратты шығармашылығы, бүгінгі жас ақындардың жағдайы турасында білу үшін әңгімеге тартқан болатынбыз.

— Сәлем Жақсылық, алдымен өзің жайлы, поэзияға келуің жайлы айтып өтсең.

— Мен 1990 жылдың 23 қыркүйегінде қазіргі Қытай Халық Республикасының Шиху қаласында туылғанмын. Отбасында үш баланың кенжесімін. Туған ауылымда мектепті бітірген соң 2008-жылы атақонысымыз Қазақстанға келдім. Сөйтіп бір жылдай осында оқуға түсуге дайындық курсында оқыдым. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдағалы жатырмын.

Әкем оқыған, көзі қарақты кісі болды. Оралхан Бөкейдің бір сөзі бар ғой: "Мен әкемнен қорқатынмын, ол оқымаған оқымысты еді", — деген, сол айтқандай әкемнің әсері болған шығар, 13-14 жасымда аздап бір сөздерді ұйқастыруға, тақпақтарды құрауға, мектепте әдебиет сабағындағы тапсырмаларды ұйқастырып жазуға құмартып жүрдім. Содан 16-17 жасымда ең алғашқы өлеңдерімді, «тырнақ алды» туындыларымды жаза бастадым.

Енді-енді өлеңге құмартып жүрген 13-14 жасымда:
«Мені сондай биіктерге жетеледің,
Анашым!
Мәңгі мені мәпеледің,
Өзіңізді мақтан тұтып өтер едім» деген сынды ұйқастардан тұратын анашыма арналған бір қызық тақпақ шығарып, оны қойын дәптеріме жазып қойдым. Содан бір күні мектептен үйге келсем, тақпағымды анам оқып көріп, керемет бір қуанып отыр екен. Менің жүрегімді сол кезде бір мақтаныш сезімі кернеп: «ойпырмау, ертең мен ақын болсам анам осылай қуанады екен ғой» деген ой келді. Ол кезде арман деген сұмдық қой — жалындап тұрған бала арман. Ана жанарындағы бақытты көргенде құдды бір ертең ұлы ақын болып кететіндей. Сонда мен өз-өзіме іштей «Мен ақын боламын!» деп бекіндім. Кейін өлең жаза бастағанда жұрттар: "Сен неге ақындыққа қызығасың?" десе, мен: "Өйткені мен өлең жазсам, мамам қуанады екен" дейтінмін.

— Өлеңдеріңде көбінде қандай тақырыптарды қозғайсың?

— Өлең жазуды енді бастап келе жатқан жас ақын болғандықтан әркімге бір еліктейміз, біреуден үлгі алғымыз келеді, біреудің ішкі ой иіріміне, сөзді қабыстырып байланыстыруына, оқырманына ой тастауына ұмтылғымыз келеді. Бірақ Мұқағалидің айтқан бір керемет сөзі бар ғой: «Поэзия — махаббатпен басталып, парасатпен аяқталуы керек» деген, жалпы соған ұмтыламын.

Қазір біздің жалындап, жүрегімізді қайда қояр жер таппай жүрген шағымыз ғой. Сондықтан да негізгі өлеңімнің дені ғашықтыққа, махаббатқа, сүюге, өртеніп күюге арналады. Оны ешқандай бір әбестік деп айтуға болмайды. Өйткені жанарымның көргені, жүрегімнің қалағаны, сезім-түйсігімнің сезіп білгені сол. Соны қағазға түсіремін. Мен, мысалы, керемет Отанымды сүйетін шығармын, мен керемет патриот шығармын. Бірақ оның барлығын сезіну үшін уақыт керек. Оны бір үлкен ұлылықпен сезініп поэзияға түсіру дегенде оңай дүние емес.

Дәл қазір өзіме ең бір жүрегіме жақыны — ғашықтық, махаббат жырлары, лирикалық жырлар. Соларды оқып-ізденіп жүремін.

Тапсырыспен өлең жазуға деген көзқарасың қандай?

— Көп жағдайда өз жақындарың, жанашыр достарың сұрап тұрғанда, әрине, көңілің қалдырғың келмейді. Дастархан басында, той-томалақтарда, туған күндерде өзінің тілегін кішкентай бір тақпаққа сыйғызып айтқысы келетін өзімнің таныстарым болса, шамам келгенше оның ойын бейімдеп, қағазға түсіріп немесе ауызекі ұйқастарды құрып бергенге қарсы емеспін. Ол адамның көңіл-күйі, қуаныш-шаттығы. Оның астында оның шынайы тілегі, пейілі жатыр. Сол үшін қолымнан келіп тұрса, тапсырыспен жазу деген менің табиғатыма жат нәрсе дегеннен гөрі адами тұрғыда жазып беруге болады. Ал былайша нақты бір мекемелердің, газет-журналдардың немесе біреулердің арнайы тапсырысымен біреуге арнап өлең жазу деген менің табиғатымда жоқ. Оны шығарып газетке жариялау немесе телевизияда біреудің алпыс жасы, біреудің жетпіс жасы деген сияқты... Мысалы, алдымызда Астана күні келе жатыр. Мен Астанаға арнап міндетті түрде өлең жазып, оны жариялап, одан бір қызық көріп, сол арқылы өзімнің бір қиыншылықтарымды шешіп алсам деген сияқты нәрселерге барып көрмеппін.

— Жас ақын еліміздегі жастар поэзиясы жайында не айтады екен?

— Жастар поэзиясының соңғы бір буыны өз жемісін оқырманына, халқына беріп үлгерді деп айтуға болады. Олар 80-жылдары дүниеге келген, поэзияға 2000-2010 жылдары еңбек еткен қуатты буын. Қазақ поэзиясында жас болса да өзіндік қолтаңбасын қалдырған Ерлан Жүніс, Тоқтаралы Таңжарық, Мұнарбек Дәли, Ұларбек Нұрғалым қатарлы Құралай Омар, Танагөз Толқын сынды біздің алдымыздағы аға-әпкелеріміздің қуатты жырларының өзектілігі өз уақытында өзіне тиесілі сыншысынан, оқырманынан бағасын алған. Олар енді ары қаратай кемелденуге, үлкен бір дүниелер жасауға бағытталғандар.

Ал тірнек ұқсап енді-енді өскін жарып келе жатқан олардың ізбасарлары бар. Олар бүгінде көпшіліктің назарында жүрген Бауыржан Әлқожа, Олжас Қасым, Қайсар Қауымбек, Еркебұлан Кенехан т.б.

Қашанда бір толқыннан екінші толқынның өзгешелігі, парқы болады. Мысалы, менің айналамда жүрген ақын достарымның алдыңғы буынға қарағанда бір ұлттық бояуы, ұлттық болмысы бар. Әр нәрсені қазақи түсініп, қазақи қара өлеңге жақын етіп жазуы бұл қазақ поэзиясының әлі қалыптасып үлгермеген, енді белең беріп келе жатқан толқынының бір жылт еткен жаңалығы деп ойлаймын. Жас ақындарды оқып көріңізші, Қайсар Қауымбектің өлеңдерін оқи отырып бір керемет отансүйгіштікті, ұлттық идеяларды ұғасыз, Олжастың өлеңдері ауылдың табиғаты, ауылдағы қарапайым адамдардың өмірі, тірлік-тынысының, болмыс бітімінің барлығын сол поэзияға сіңірсе, Бауыржандағы табиғат көрінісін өз күйінде түсіруі, табиғатпен өзін байланыстырып айтуы тым өзгеше.

Бұл буын әлі қалыптасып болмаған, әлі әдеби орта мойындап та үлгермеген. Менің басып айтатыным, оларда ұлттық бояу бар, ұлттық болмыс бар, қазақилық бар. Еңбектенсе, ары қаратай қолдау болса, бұл буыннан да үлкен бір жеміс күтуге болады.

— Елімізде жас ақындарға арналған мүшәйралар жиі болып тұрады ма? Өту деңгейі қандай?

— Жас ақындарға арналған мүшәйралар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Өзімнің естігендерімнен жақында Байқоңырда, Ілиястің ауылында, Мұқағалиға арналған мүшәйра Талдықорған қаласында өтті. Ақындарға берілетін сыйлықтар да жақсы, басы 100 мыңдап соңы 30-40 мыңдап алып жатыр. Бұл енді ақындар мүшәйрасының жыл өткен сайын деңгейінің сапа жағынан да, қолдау жағынан да салыстырмалы түрде жақсарып келе жатқандығын көрсетеді. Сол сынды екі жылда бір рет жас ақындардың форумы өтеді, Arzu.kz «Алтын қалам» мүшәйрасын өткізіп тұрады. Ал бұл мүшәйраларға әр ақын өз ыңғайына қарай қатысады.

Міндетті түрде бүкіл республикадағы мүшәйраларды түгендеудің қажеті жоқ. Мысалы, Жамбылдың мүшәйрасы өткізілгелі жатыр, Бауыржан Момышұлының мүшәйрасы өтті деп естідім. Жақында Повлодарда Қожаберген жыраудың 300 жылдығына арналған үлкен мүшәйра өтеді екен. Енді оның бәрін мүмкіндігіміз бен қалауымыз болып жатса, қатысуымыз керек шығар... Бірақ енді міне мүшәйра өтейін деп жатыр екен, мен осыған қатысайын, таң атқанша Қожабергенге арнап өлең жазып соның мүшәйрасынан орын алайын деген сияқты оймен жазу деген дұрыс емес деп ойлаймын. Ал егер қатысу бұйырып жатса, қатыс, бағыңды сынап көр. Оның өзі аламан, оның өзі бәйге. Біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Рухани жағынан алғанда мүшәйраға қатысудың пайдасы өте зор.

— Жас ақындар жиналып поэзия кешін ұйымдастырып, бір-бірінің өлеңдерің тыңдай ма?

— Әрине, ол әлем поэзиясында да, қазақ поэзиясында да ежелден қалыптасқан дәстүр. Мұқағали:

«Ақынды ақын оятпаса болмайды,
Ақынды ақын таяқтаса сол қайғы,
Ақынды ақын сүйемесе болмайды,
Ақынды ақын күйелесе сол қайғы», — деп айтқандай, поэзияға деген құштарлығы мол, ыстық жүректі, кіршіксіз адал ақын-жазушылар жиі-жиі кездесіп тұрамыз.
Өзім жаңа бір өлең жазсам, соларға көрсетіп, оқып бергім келіп тұрады. Арнаулы біз мына жерде бас қосамыз деп айта аламаймын. Бірақ барлығымызға ыңғайлы, тыныш жерде жиналып, өлеңімізді оқып тұрамыз.

Осы орайда Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіндегі ертеден келе жатқан, кезінде «Дос-мұқасандар» құрған елу жылдық тарихы бар «Бәйшешек» деген әдеби клуб жайында айтып өткім келіп тұр. Сол клубтың бір қызығы техникалық университетте бола тұра әр аптаның сейсенбісінде басымызды қосып шақырып отырады. Ол жерге керемет ақындар келеді, өлеңдер оқылады, поэзия тыңдалады, дәстүрлі ән айтылады. Былай қарасаңыз, бұл бір кеңістік. Ал техникалық университетте осындай кеңістік ашу бұл поэзияға деген үлкен жүрегі бар сол жердегі Мұрат, Сағдат қатарлы студент жастардың ұлт руханиятына қосып отырған үлесі деп қарауға болады.

Жалпы басымызды қосып өлең оқып, жыр тыңдап отыру бұрыннан бар және жалғаса береді.

— Қазақ поэзиясындағы жастардың орны қандай? Аға буын оларды қаншалықты бағалайды?

— Өз басым аға буынға дән ризамын. Алдыңғы толқын ағалардың кейінгі толқын інілеріне деген ізеті көңіл қуантады.

Шынын айтқанда, мен ең алғаш Қазақстанға келгенімде осындан 3-4 жыл бұрын «Алматыдағы поэзиялық орта маған қалай қарайды, менің өлеңдерімді тыңдайтын адамдар бар ма екен?!» деген күдік пен күмән болды. Әлі есімде, ең алғаш рет 2009 жылдың күзінде Қазақстан Жазушылар Одағына өлең оқығанымда қазақтың үлкен талантты ақыны Аманхан Әлімұлы ағамыз қолымды алып «Ойпырмай, не деген жақсы өлең» деп маған батасын берген. Кейін Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбайұлы, қазақтың көрнекті ақыны Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегіман ағаларым менің бір-екі өлеңімді оқығаннан кейін маған деген ағалық жүрегімен, мейіріммен көңіл бөліп, талантымды ашуға, бағытымның қалыптасуына қол ұшын берді. Мен қазір өз жеке басымды айтып отырмын, бірақ бұл үрдіс бәрінде де бар.

Сонымен қатар, «Жалын» баспасында «Жас толқын» деген сериямен жыл сайын кем дегенде бес-алты ақынның кітабы жарық көреді. Бұның өзі жастар поэзиясына мемлекет тарапынан, ел тарапынан көрсетіп жатқан құрмет. Сіздің кітабыңыз халыққа жетті, таралды деген сөз сіздің поэзияңыз оқырманға жетті, сіздің өлеңдеріңізді ел оқиды деген сөз. Ағалар қолдап отырса, мемлекет кітабыңды басып, түрлі мүшәйра, іс-шараларда елеп-ескеріп, тиесілі орныңды беріп жатса. Осыдан артық қандай көмек керек.

— Жас ақын ретінде жастар поэзиясына қандай сын айтар едің?

— Нақты кесіп айту қиын, сан алуан пікір айтылады. Өз басым қолдан тағдыр жасағанды, ах ұрып күңіренгенді ұната бермеймін. Бәрі шынайы болу керек қой. Түңілу, қамығу өз шеңберінде болғаны дұрыс. Жас болған соң еліктейміз, үлгі аламыз, бірақ кімнен нені үйрену керек екенін білген жақсы. Біреудің атын атап, түсін түстеп айту менің өз табиғатымда жоқ нәрсе. Өйткені, Аманхан ағам айтатын: «Қандай да бір нашар ақын жақсы оқырман бола алады. Өйткені оның көңілі, оның жүрегі поэзияға арналған», — деп. Сондықтан қандай да бір қолына қалам ұстаған жас болсын, аға буын болсын, олардың ешбіреуіне мін айта алмаймын. Әркімнің өз бағыты, өз ұстанған танымы бар.

Бірақ менінше біздің поэзиямызда ұлттық бояу, ұлттық болмыс қашанда қанық болу керек.

— Бүгінгі күні екі кітабың жарыққа шықты. Осы кітаптарыңа тоқталып кетсең...

— 2011 жылы «ҚазАқпарат» баспасының қолдауымен «Қара-ала сырмақ» деген тұңғыш жыр жинағым шықты. Бұл кітап екі бөлімнен тұрды. Біріншісі — Сонар. Яғни, аңшының аңға шығатын уақыты, қанжығам майлы болсын, олжалы болармын деген оймен бала кезде жазылған балғын өлеңдерден тұрды. Екінші бөлім — Соқпақта. Бұл бөлімде университетте оқып жүрген кезімде шығарған өлеңдерімді топтастырдым. Әрине, ең алғашқы кітабымның артық-кемі барын жасырмаймын. Әсіресе бірінші бөлімде балғын өлеңдер көп, шынымды айтсам, оларды қазір оқып, өзім де қысылып жатамын. Бірақ не дегенімен бұл өзіме бір тұңғышым, бірге өсіп, бірге келе жатқан досым сияқты өте ыстық кітап. Сол кітапты шығармағанда мүмкін екінші кітабымды шығарарда кемшіліктер мен кемелдіктерді артық-кем бағамдай алмас едім. Осы кітапты шығарарда сол кітапқа қарап ойланған болармын, салыстырған шығармын. Сондықтан қалай болса да «Қара-ала сырмақ» өз деңгейінде өнерге енді келген 21 жасар, әлі оңды-солын танып болмаған, поэзияның ортасына биссмилләсін айтып қадамын басқан жас ақынның алғашқы кіл кітапшасы ретінде өзіме құнды.

Екіншісі — жақында шыққан жинағым «Жапырақ жауған күз» деп аталады. Бұл университетті аяқтағалы жатқандағы соңғы бір жарым жылдағы өлеңдерден тұрады. Кітапты екі бөлімге бөліп қарастыруға болады. Бірі — махаббат лирикалары, екіншісі — ел, туған жер туралы өлеңдер. Кітаптарымды қолына алған оқырмандар бағасын айта жатар.

— Оқу бітіріп жатырсың, болашаққа қандай жоспарларың бар?

— Дайындық факультетін қосқанда 5 жыл қарашаңырақ Қазақ Ұлттық университетінен білім алдым, Алланың берген бағы болар, бақыты болар, екінің біріне бұйыра бермейтін мемлекеттік грантты иелендім. Соның арқасында өз күнімізді өзіміз көріп, біреуден ілгері, біреуден кем университетті бітіріп барамыз. Жоспар дегенде бірінші дипломымды қорғайын, сосын оны қолға алғаннан кейін біраз тыныстап алып, үлкен өмір, тірлік басталары анық. Бәрі уақыттың еншісінде...


Әңгімелескен: Айнұр Ракишева


ҚАРА-АЛА СЫРМАҚ

Көңілімнен айығар сырғақ-күдік,
Бала күнді толғансам жырлап тұнық.
Анам сонда жүретін тым асығып,
Ою салып, өрнектеп, сырмақ тігіп.

Балалықтың аңсадым құлынды әнін,
Қайда қалдың тым тентек жұлынған үн!?
"Келіншек алып берем!",- дейтін анам,
«Қайтесің, — деп сұрасам, — мұның бәрін».

Армандаумен өткеріп таңды кілең,
Бір қиял көкірегімде жанды білем.
«Келіншек алу үшін, — деп ойладым,-
Өрнекті сырмақ керек алдыменен».

Бәрі де сақталыпты есте берік,
Сырмақтар тігілген соң кестеленіп.
«Көршінің кенже қызын алып бер», — деп,
Қыйғылық салдым бір күн кешке келіп.

Шағым ол ойламайтын тереңдей тым,
Қайғының сезінбеген керең кейпін.
Үйіне барсам ылғи әкесі де,
«Қызымды саған ғана берем!», — дейтін.

Гүл-балалық құшағын тұрады ашып,

Естуге шат күлкіні құлақ асық.

Әйтеуір, жалған-шынын біле алмадым,
Анашым келді бір күн құдаласып.

Қуаныш үн көңілді көтерді асқақ,
Енді бәрін көзіммен өтем жасқап.
Жүрдім сосын сыртынан иемденіп,
Ауылда жігітте жоқ бөтен-бастақ.

Елітіп жастығымның күй ырғағы,
Аңсадым арман жолын қиырдағы.
Тігіліп қанша сырмақ бітсе дағы,
Қайтейін сол көрші қыз бұйырмады.

Малданып белең берген жырға қылаң,
Кеудемде шертілгенмен сырғалым ән.
«Олжасыз» барғанымда, анашым-ау,
Ұялам сол қарала сырмағыңнан.