Тұңғыш естелiк
С. Бегалин
Тұңғыш естелiк
Әбубәкiр молдадан түрiкше оқып, Шоқан хат танығалы түрлi қыссаларды оқу құмарлығы арта бердi. Бiрде ол әкесiнiң қалың дәптерге жазған бiр хикаяны оқиды. Бұл дастанда «Орымбай айтуы». Бiрде ол әкесiнiң қалың дәптерге жазған бiр хикаяны оқиды. Бұл дастанда, «Орымбай айтуынан Ер Көкше жыры» деген жазу бар. Осыны оқығаннан кейiн оның ойына анадағы Арыстан ақын жырлаған Қозы Көрпеш жырының бiр шумағы түстi:
Қарабай Сарыбаймен аңға шықты,
Екi бай аттанды деп даңға шықты,
Екi бай бiр жапанда келе жатса,
Алдынан буаз марал аң қашыпты, –
деген бiр шумақ жырды ойына жаттап қалған-ды. Өзiнiң жазу дәптерiне соны көшiрiп, аяқ жағына Арыстан ақынның бейнесiн, сонда айтылған Қарқаралы тауын, Аягөз өзенiн, ондағы Қозы Көрпеш бейiтiн жазып қой-ды. Бұл Шоқанның әке үлгiсiмен өзiне серiк дәптер арнап, көңiлiне ұнаған нәрсенi жазып қою әдетiне жол салды.
Әбубәкiр молда түрiкшеден бастап, арабша кiтап-тардан оқытса да, дiн сабағын аса қадағалап мүлгiген сопылыққа үгiттей бермедi. Баланың қандай нәрсеге бейiмi бар, соны аңғарып, сол жағына көп көңiл бөлетiн ұстаз едi. Әсiресе ол кiсi парсы, араб ақындарының ғазалдарын, рауаяттарын оқып берiп, Шоқанға мағынасын түсiндiретiн. Шоқанның хиялшыл алғыр ұғымдылығына қызығып өзi бiлетiн ақындардың шығармаларын сабақ ретiнде оқытты. Кейбiр қысқа рауаяттарды жаттатып, тiлiн жаттықтырды.
Шыңғыс өзi оқып бiлiм алған және келешек ғылым-бiлiм өрiсi орыс мектебiнде екенiн бiле тұрса да, баласына шығыс әдебиетi мен тарихынан хабардар болсын деп, Әбубәкiр молданы әдейiлеп Орынбордан көшiрiп алып келгендi. Алдымен балаларын ана тiлiнде сауаттандырып және өзiмен өмiрлес шығыс елдерiнiң мәде-ниетiмен де таныс ету ниеттi болған. Сондықтан да ол:
– Шоқанға өзiң бiлетiн барлық оқуыңды үйрет. Бұларға ендi жетi жұрттың тiлiн бiлу керек, – дейтiн.
Шыңғыстың бұл тапсырмасын Әбубәкiр бұлжытпай қолға алды. Шығыстың атақты ақындары Әбiл-қасым Фердаусидың «Шањнамасын», Жәмидiң, Омар Хаямның рауаяттарын, Науаидың дастанын, Әзербайжан ақындары Низами, Ѕанжауи, Физулилардың шығармаларымен таныстырды. Шоқанның өте-мөте қызы-ға оқығаны Ләйлi–Мәжнүн жыры. Хаямның рауаяттары болды. Әсiресе Омар Хаямның iслам дiнi жөнiндегi жансыз сопылық, жалған мүлгушiлiкке қарсы жазыл-ған өткiр қияли рауаяттарын ұнататын. Бiр күнi Шоқан Айғаным әжесiнiң үйiне келiп:
– Әже, мен сiзге бүгiн бiр қысса ала келдiм, өзiңе оқып берем, – деп Шоқан Әбубәкiр молдадан әдейi сұрап әкелген «Бозжiгiт» қыссасын оқып бердi. Айғанымның Шоқан оқуынан бiрiншi тыңдаған қыссасы, осы едi. Салмақпен асықпай байыпты оқып, әрбiр бөлiмдерiн орнымен баяндап бергенiне сыншыл әже соншалық разы болып батасын бердi.
– Шоқанжан, бұл қыссаны мен бұрын естiмеген едiм. Сондай қызық екен. Бiздiң қазақ ақындары айтатын жырлар бұдан да қызықты, – деп Айғаным өзi әдеттегi әңгiмешiл шебер тiлмен Шоқанға Ер Тарғын жырын әңгiмелеп айтып бердi. Әже әңгiмесiнiң ұзын өзегiндегi ең Шоқанға ұнағаны, Ақжүнiстiң жалғыз атты Тарғынды сүйiп, соған ерiп елiнен қашқаны. Артынан қуып жеткен Қарт Қожаққа қыздың тапқыр сөз айтып тоқтатқаны болды.
– Әже, бұл әңгiменi маған неге бұрын айтпадыңыз? – деп Шоқан шұғылынан сұрап қалды.
– Мен бұл жырдың әңгiмесiн бұрын айтпай жүр-генiм, саған ұғынуға ертерек қой деп жүр едiм. Бүгiн мына Бозжiгiт қыссасын оқып бергеннен кейiн, мұндай үлкен жырды ұғатын болған екен деп отырмын. Тағы да саған айтпаған ұзақ әңгiмелерiм бар. Кейiн айтам, – деп Айғаным Шоқанның бетiнен сүйiп, тағы да алғысын айтты.
Шоқанның хат танып, қысса кiтаптарын, әке қолжазбасын оқи бастау кезеңi өзiне, ой өрiсi шағын ойын баласынан, ой баласына қадам басқан кезеңi едi. Ол әрбiр жаңа кiтапты оқыған сайын оқу құмарлығы өршiп iздене бердi. Әбубәкiр молданың Орынборға кейiнгi барып қайтқан жолы алып келген бiр кiшкене әңгiме кiтабын оқып көруге Шоқан сондай құмартуда. Бiрақ молда өзi оқы деп берген жоқ. Ал рұқсатсыз алып оқуға әдеп сақтап жүр. Бiр күнi молданың үлкен қызы жаңа жүгiрiп жүрген Кәкима, сол кiшкене кiтапты қолына ұстап оқыған кiсi болып отырды. Шоқан кiшкене ғана тiлi қызықты сары қызды ойнатып, тiлiн қызық көретiн.
– Кәкима, маңа бер әлi кiтапбыңны? – дедi қыздың өз тiлiмен сөйлеп.
– Ей, алла, әтиiм ұрша, – деп кеудесiне қысып жымиып қойды да, – мә, оқығыз әлi, – деп бере салды. Бұл Ибрањим Әл Юныстың «Жiгiтке жетмiш түрлi өнер аз» деген хикая кiтабы екен. Шоқанға бұл кiтап сондай қызықты болып көрiндi. Бiрақ баланың қолынан алып ұзақ оқи алмады.
– Мә, әтиiң келiп қалар, орнына қой, – деп өзi сабақ кiтаптарын оқып отыра бердi. Өзi онша дiндар болмаса да, ел көзiне бейнамаз болып көрiнбеу үшiн Әбубәкiр молда дәретсiз отырмайтын әдетiмен сырттан дәретiн алып келдi де, өзiнiң көрпе салған орнына отырды. Шыңғыстың айтуымен дөңгелек үстелге қоса әр балаға орындық та iстеткен болатын. Бұл оқушы балалардың жерге талпайып отырмауына, ыңғайлы отырып сабақ оқуына қолайлы болатын. Көшпелi ауылда алып жүруге оңай едi. Кiшкене таған орындығына отырып сабағын оқып отырған Шоқанның қасындағы Жақып жан-жағына алақтап отырып орындығынан құлап түстi. Үстелдi төңкерiп, балалардың кiтабын шашып, молданың сиясын ақтарды.
– И-и, син бiр дә тыныш отыра бiлмисiн. Бик ямсiз-сiн, – дедi Әбубәкiр қабағын түйiп. Молдадан сөз естi-ген Жақып үйден тұра жөнелдi.
– Тоқта, Жақып, ник шаярасын, – деген Әбубә-кiрдiң сөзiн керек еткен де Жақып жоқ. Ол тура желi басына жөнелдi. Оның бүгiнгi мазасыздануында бiр көмескi сыр бар едi. Шоқан мiнiп жүрген жүйрiк шұбар құнанның iнiсi шұбар тай өзi жорғалай басатын, әрi бас бiлмеген едi. Соны жылқышы Жәнпейiске айтып кешеден берi бас бiлдiрiп жүрген. Соған бiр мiнiп, Шоқанмен қатарласа жүруге құмартты. Өзi жаздай мiнген жирен құнанды шапқылап қолын түсiрiп ақсатып қойған. Ендiгi ойы ат жаңалау. Сондықтан оған қазiр сылтау тауып желi басына кету керек болған-ды. Келесi жұмада ауылдары көтерiле бiр үлкен асқа жүрмек. Сол асқа жаңадан бас бiлген жолбарыстай шұбар, су төгiлмейтiн жорға таймен, хан баласы киетiн қарқаралы бөркiн киiп бiр сәнденбек едi. Жақыптың өр кеуде, бәсеке құмар, ожар мiнездерiн бiлетiн Жәмпейiс: «Мына шұбар тай тек жорға ғана емес, жел жетпес жүйрiк болады», – деп мүлде Жақыпты желiктiрiп қойған-ды.
Осы Қосөзек күзегiне қонатын күнi Жақып жирен құнаны ақсап, бас бiлетiн басқа келiстi тай-құнан бола қоймай, мейлiнше ыза болып келген. Оның Жәмпейiстi еркiне қоймай үйреттiрiп жүргенi сол едi. Бұдан бұрын да Жақыптың Әбубәкiр молдадан сабақты бағынып оқымай жүргенiн Шыңғыс бiлетiн. Бiрақ еркелiк етiп жүр ғой, басқа балаларды көрiп оқып кетедi деп сенетiн. Сол күнi кешке дөң басына шығып отырған Әбубә-кiрден Шыңғыс «балалардың оқуы қалай, мына күзекке қонғалы салақсып кеткен жоқ па?» – деп сұрап қалды.
– Бiз әлi салақтанбадық, тек Жақып шул сабаққа отырми. Аны ұршып болми, – деп Шыңғысқа баласының жайын алғашқы рет хабарлады.
– Иә, ол өзi тентек, тентек. Сiз оны мақтап алдасаңыз бәрiн iстейдi. Зекiсеңiз ерегiсiп кетедi, – деп Шың-ғыс молдаға әдiс айтты. Бiрақ Жақып сол күннен бастап оқуға бармай қойды. Айтқанынан қайтпайтын тентек Жақып бұл күзде кiтап, қағаздың бетiне қарамай кеттi. Сол бiр әредiкте Шыңғыс Казачий ставкеден хабар келiп, сондағы бiр жұмыс жөнiне жүрiп кеттi. Сонау Жәмпейiске бас бiлдiрiп алған шұбар тай, Жәмпейiс айтқандай су төгiлмейтiн жорға да, жел жетпес жүйрiк те болып шықпады. Қитыңдаған жол жорғасы әрi жәйсiз, әрi бұзылмалы болды. Ал, шапса, көрiнген тайдан қалып қояды. Сонымен Жақыптың Шоқанмен бәсекелесе мiнбек шұбар тайы ойдағыдай болмай, жабайы ғана өнерсiз тай болып шықты.
Ауыл күзектен көшер алдында Шоқан Мысықты еркiне қоймай үйiне ертiп келдi. Оның анадағы Шоқан тапсыруымен iстеп берген мүсiндерi саңғырап кеуiп, Шоқан төсегiнiң бас жағында жатқан. Әсiресе бұрын ондай дүниенi көрмеген кiшкене Мысықтын пәуескенiң бейнесiн жасағаны сондай әдемi болған. Кәдуiлгiдей дөңгелектерiн жасап, оған жiңiшке тобылғыдан бөлек дерте жасап, сәндеп iстеген. Жалғыз-ақ күймесiнiң жабдығын таба алмаған. Шоқанның бұл күнгi ертiп келу-iнде екi түрлi себеп бар едi. Бiрi – күзекке келгелi үйiр болып өнерiне сүйсiнген шебер бала, бөлiнiп өзiнiң үйiнде қалады. Екiншiсi – күздiң салқын күнiнде аяғында етiгi жоқ, үстiндегi шапаны далбаланған жыртық киiмдi Мысық жағынан боздағы шығып тоңып жүр екен. Жаны ашып кеттi. Апасына:
– Мына Мысыққа менiң ана қоңыр шапанымды, жеңiл етiгiмдi берiңiзшi, кисiн, – дедi.
– Ә, Шоқанжан, осы баланы өзiңе дос қылып алдың ғой. Жарайды, көңiлiң түскен екен, алсын, – деп сары бәйбiше жұмыскер әйелге айтып Мысыққа Шоқан айтқан киiмдерiн алғызып, сол жерде үстiне кигiздi. Киерiн кисе де өзiнiң ескi киiмiн қайтерiн бiлмей, Мысық қыпылықтап бiраз тұрды. Шоқанның айтуымен берiлген қымызды iшiп, бауырсақтан жеп, ажарланып қалды.
– Қағынды. Шоқанжан сенi мүлде жарылқады-ау, – деп қызметкер келiншек те Мысықты иығынан нұқып қойды.
– Кисiн, Шоқанжанның садақасы ғой. Осы бiр баланы тiптi жақсы көрiп алды. Өзi бiр қолы шебер бала көрiнедi. Көрдiң бе, ана балшықтан жасаған ойыншықтарын, – деп сары бәйбiше елеусiздеу бала өнерiн аузына алды. Өзi зәресi ұша қорқатын салмақты сары бәйбi-шенiң мына сөзi Мысыққа ат мiнгiзгеннен кем болған жоқ. Ол ақырын ғана көзiнiң астымен өзi жасаған балшық ойыншықтарға қарап қойды. Мысықтың отырысына, өне бойына қайтадан көзi түскен сары бәйбiше, оның iшкi көйлегiнiң жағасы дал-дүл болып жыртылып тұрғанын көрдi, әлгi жұмыскер әйелге:
– Қанипа, мына балаға ана әбдiредегi кездемеден көйлектiк шыт жыртып бершi, шешесi бар шығар, тiктiрiп кисiн, – дедi. Көйлектiк кездеменi қойнына тығып, ескi киiмдерiн бүктеп қолына алған оны Шоқан өзi ертiп үйден алып шықты. Қотан шетiнде жат-қан иттерден қорғап бiраз жерге ұзатып салды.
– Бiздiң ауыл қыстауға көшедi. Сен осында қаласың ғой, ендi аман бол, – деп Шоқан Мысықка үлкен кiсiше қош айтты. Шоқан осыны айтқанда, Мысық төмен қарап жылап жiбердi.
– Жолың болсын, көп жаса, Шоқан, қош, – дедi Мысық кемсеңдеп, Шоқан бұрылып үйiне қарай жүрiп кеттi.
