Yvision.kz
ru
Разное
399 774 жазбалар42 тіркелуші
Всяко-разно
0

Құт дарыған Оңтүстігім

Міне, еліміз аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізіп, гүлденіп, дамып келеді. Азаттықты армандаған қазақ даласы қайта жаңғыру үстінде келе жатыр. «Қазақ» десе көз алдымызға бірден күмбірлеген домбыра үні, қазақы оюы, дархан даласы, қонақжай халқы, сонымен қатар қырмызыдай жайылған қызғалдақтары әп-сәтте көзімізге елестейтіні рас. Оңтүстігімнің шырайын келтіріп тұрған бұл өлке өзінің ғажап табиғатымен, терең тарихымен, солардың ішінде қырмызыдай қызғалдағымен ерекшеленіп тұрады. Кең байтақ далаға көз салып қарасаң, қазақтың аңқыған жұпар иісін, бейбіт елдің көрінісін тамашалағандай боласың. Тарих қойнауына үңіліп қарасақ, кезінде мұнда теңдесі жоқ Шұбайқызыл шоқысы болған деседі. Қарашекпенділер қаптап, соның арқасында дала қызғалдақтарының да атауы өзгеріп кеткен. Иә, айтылар әңгімемнің арқауы болып тұрған- Қазақ қызғалдағы. Бақ қонған кең-байтақ даламыздың ажарын кіргізіп тұратын Қазақ қызғалдағы Жер-ананың бізге жасаған үлкен сыйы деп айтсақ та болады. Кезінде дана қазақ халқымыз: «Қолда бар алтынның қадірі жоқ»,-деген екен. Расында, қолымызда бар осынау ғажап табиғатымызды бағалап жүрміз бе? Қазіргі таңда, «Қызыл кітапқа» енгізілген Қазақ қызғалдағы өзгеше атаулармен еніп кеткен. Көктем келе айналаны қызыл кілемге орайтын Шұбайқызыл шоқысы ұланғайыр даламыздың асыл байлығы іспеттес. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқасында біздер туған жеріміздің баға жетпес сұлулығына көз жеткізіп келе жатырмыз. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Жалпақ жұртыңды, иісі Алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады»,-демекші, туған өлкемізді тану арқылы болашаққа көз жүгірте аларымыз анық. Оңтүстігіміздің шырайына айналған Шұбайқызыл шоқысы өзге елдің ғажап даласымен теңестіре алатындай дәрежеге жетіп отыр. Мұнда Ақсу-Жабағылы деп аталатын ежелгі қорық орналасқаны белгілі. Мөлдір суымен, айтып жеткізе алмас әсем табиғатымен алыстан көз тартатын бұл мекен бүкіл қазақ еліміздің мақтанышына айналды. Ықылым заманнан бері бұл өңірде ата-бабаларымыздан қалған тарихи мұралары сақталған. Сол мұраларымызды алты алашқа паш ету арқылы қазақ даласының мәдениетін жаңғыртып, сонымен бірге киелі Оңтүстігіміздің әсем табиғатын әспеттей аламыз. Қаратау мен Алатаудың ойысқан жерінде орналасқан Шұбайқызыл өзінің санғасырлық тарихымен санамызда ерекше орын алады. Туған өлкеміздің қол жетпес асыл байлығын келешек ұрпаққа дәріптеу бүгінгі жастардың қолында. Ой тұнығына батып қарасақ, Голландияға әкетілген қызғалдақтар ертедегі қазақ қызының тағдырындай болып түйіледі. Қазығұрт қызғалдақтарының көркемділігін айтып сөзбен жеткізе алпаспыз. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас»,-деп ата-бабаларымыз айтпақшы, туған жердің кадір-қасиеті әрқашан асқақ тұруы маңызды. Көк майсаң шөбі, сарқырап аққан мөлдір суы, аспанмен таласып тұрған асқар таулары, әуелете сайраған құстары, ескен самалы, қыбыр-жыбыр ызыңдаған жануарлары, дала сәнін кіргізіп тұрған қызыл кілемдей қызғалдақтары шырайы тасыған Шұбайқызылдың нағыз сұлу табиғатын суреттеп тұрғандай. Осыдан-ақ жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігі артып, тәуелсіз еліне деген тебіренісі ұлғайа түсері анық. Өзге елдермен терезесі теңескен қазақ халқымыз шұрайлы табиғатының арқасында дамып келе жатқан мемлекеттер қатарында келе жатыр. Ғасырлармен шыр шертіскен ақиық ақын, шоқтығы биік Мұқағали атамыз:

«Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.»,-деп толғана жырлап өткен екен. Иә, мен де төріне бақ қонған киелі Оңтүстігімнің ғажайып табиғатын, терең тарихын бүкіл жер жүзіне мақтана айта аламын. Қыдыры асқан туған жердің ауасы қайда жүрсек те ыстық екені сөзсіз... Дала мәдениетінің ошағына айналған Оңтүстік өңірі өзінің сұлу табиғатымен ғана емес, жылу сыйлай білетін халқымен, табиғи ресурстарымен ерекше көзге түседі.

Алыстан көз жіберіп қарасам, Түлкібас аймағының жердің жерұйығы екеніне тағы бір рет көз жеткізгендей боламын. Деректерге сүйеніп қарасақ, Асан қайғы кезінде жер жүзін шарлап келіп, таңғажайып жеміс-жидегі жайнаған, күн шуағы төгілген, жасыл шалғынды жер Оңтүстікке желмаясының басын тірейді де, тоқтап тұрып, таңғалып, жерұйық осы екен, мен бұл жерді Майлыкент деп атаймын депті. Сол Майлыкент мекені қазіргі Оңтүстік Қазақстандағы Түлкібас ауданының ежелгі атауы. Міне, осы аңыздан-ақ Түлкібас өңірінің таңғажайып көрінісіне қайта көзіміз жеткендей болады. Жазира даламызда кезінде ата-бабалар қоныс тебіп, болашаққа іздерін қалдырып кеткен. Оның айқын мысалы: садағы мен найзасы бар аңшы, күресу, билеу, әртүрлі салт жораларын жасау, тіпті дарға асу сынды тасқа ойылған ертедегі көріністі тамашалай аласың. Мұның бәрі түйінделе келіп, Түлкібас мекенінің, Ақсу-Жабағылы қорығының дала мәдениетінің нағыз ордасы екенін айна қатесіз шындыққа айналдырып отыр. Биыл құты тасыған Ақсу-Жабағылы қорығының құрылғанына тоқсан екі жыл толғалы отыр. Ертеден бастау алып келе жатқан бұл мекен осынау жылдың ішінде таңғажайып табиғат көрінісіне айналып отыр. Жоғалып кету қаупі төніп тұрған жануарларымыз бен өсімдіктерімізді қорғау арқылы табиғаттың шексіз сұлулығын сақтап қаламыз. Табиғатты сақтап қалу арқылы бүкіл әлемді құрып кетуден аман алып қаламыз. «Құртақандай торғай да өз ұясын қорғайды»,-демекші, Оңтүстік өлкеміздің тарихтармен ұштасқан сырлы даласын қорғау- туған жерге деген сүйіспеншілігіміздің мәңгілік екендігінің белгісі. Бар байлығымыздан айрылу түбі терең тарихымызды ұмытуға әкеліп соқтыратынын әсте ұмытпауымыз қажет. Шұбайқызылдың кереметтей қызғалдақтары мен сарғалдақтары аспанмен сырласып тұрғандай күй кешеді. Оларды дүкендерден, бақшалардан күнделікті көреміз. Алайда, Шұбайқызылымның қызғалдақтары табиғаттың нағыз үлкен сыйы. Тіпті, олар әлемдегі жүздеген қызғалдақтардың шығу тегі болып саналып отыр. Соның арқасында, қызғалдақтарымыздың көпке танымалдығы артып келеді. Көршілес мемлекеттердің де қызығушылығы артып, көз тоймас әсем гүлдерімізді сатып алады. Көктем келе, бүршік атып, мерекелер жақындаған сайын гүлдеріміз тамырынан жұлынып, қазбаланып жатады. Осы сәтте Шұбайқызылдың көркі қашып, әсем табиғаты мұңдана қарап тұрғандай болады.

Жат елдікке айналып бара жатқан Шұбайқызыл қызғалдақтарының өзіндік атауын қайтарып алу үшін баршамыз білек сыбана атсалысуымыз керек. Өз қасиетін жоғалтпаған Қазақ қызғалдағы киелі өлкеміздің айтып жеткізе алмас көрінісін одан сайын жарқыратып тұрған нұр секілді. Тарихтардың тұнығынан тағылым алып, келешек ұрпаққа насихаттап, сол қалпында жеткізу арқылы сирек аталатын Қазақ қызғалдағы, Шұбайқызыл атауларын қайта жаңғырта аламыз. Көздің қос қарашығындай Алатау мен Қаратаудың етегінде жатқан Шұбайқызылымыз ықылым заманнан бері өз атауын әлі күнге дейін ала алмай келеді. Қарап тұрсақ, бұл өлкеге қып-қызыл бояуды шашып жібергендей сыңайлы көрінеді.

Елімізді құрметтеу алдымен өзіміз өмір сүріп келе жатқан туған жерімізді танудан басталатынын ұмытпайық, ағайын!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

0
221
0