Сырлы сөздің падишасы
«Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ жеке қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен 2022 жылдың 15-ші сәуірінде кітапханада ақын, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық және республикалық әдеби байқаулардың жүлдегері, Қазақстан Жазушылар, Журналистер Одағының және Халықаралық жазушы әйелдер гильдиясының мүшесі, 2020 жылы Халықаралық «АЛАШ» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Мағазбекқызы Досжанның «Сырлы сөздің падишасы» атты шығармашылық кешін өткізді.

Кешті ұйымдастырудағы мақсатымыз ақынның шығармалары арқылы оқырмандарды табанды, қайратты, мақсатты, ұлтжанды етіп тәрбиелей отырып, ақынның еңбектерін көпшілікке дәріптеу.
Кеш барысында ақынмен өмірі, шығармашылығы, алға қойған мақсаттары жайында сұқбат жүргізіліп, көрермендер тарапынан сұрақтар қойылып, өзара пікіралмасу орын алды. Кітапхана қызметкерлері мен оқырмандары ақынның қаламынан туған өлеңдерін нақышына келтіре оқып, өнерлерін паш етті.

Шараға Алматы қаласындағы Жоғары Медициналық колледжінің, Қазақ Спорт және туризм академиясының, Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің студенттері қатысты.
Сонымен қатар, кеш қонағының сүйікті ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанипа Бұғыбаеваның ұлы - Республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, «Б. Момышұлы» атындағы төсбелгі иегері, жыр мүшәйралардың бірнеше мәрте жүлдегері, күйші Талап Қараш кешке арнайы келіп қатысты. Күйші ағамыз өзінің «Абай тойы» күйі мен «Сел қозғалды», «Сұлулық» атты өлеңдерін Сәуле Мағазбекқызының құрметіне арнады.
Сәуле Мағазбекқызы қатысушыларды еңбекқорлыққа, адалдыққа, қанағатшылдыққа шақырып, маңдайалды туындысы «Қасірет пен тағдыр» атты кітабының 2-ші бөлімі мен «Үзілмеген үміт» атты кітаптарын кітапханаға сыйға тартты.
Шара барысында ақын-жазушының «Қасірет пен тағдыр» романына тереңірек тоқталып, көптеген сұрақтарға жауап алынды. Неге сонша шығармаларының ішінен осы кітапты таңдап алдық? Оның өзіндік себебі бар...

Біздің кітапханамыз республика бойынша зағип жандарға қызмет көрсететін 16 арнайы кітапхананың әдістемелік орталығы болып табылады. Былтырғы жылы «Бір ел – бір кітап» акциясында «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» ЖОБАсын ұйымдастырдық. ЖОБА өңірдегі арнайы кітапханалар басшыларымен келісіліп жасалды. Ондағы мақсат: жалпыхалықтық оқуға іріктелген, танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығармасын зағип жандарға қолжетімді форматта басып шығарып, өзара алмасу. ЖОБА нәтижесі бойынша жыл аяғында әрбір арнайы кітапхананың кітап қоры 30 кітапқа толықты. Бүгінгі таңда еліміздегі кез-келген арнайы кітапханалардың кітап сөресінен Сәуле Досжанның кітабын көре аласыздар. Ақынға кітапханамыздың директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы мәнді де мағыналы сұхбаты үшін алғыс білдіріп, шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт тілеп, ақынның «Қасірет пен тағдыр» шығармасының нүктелі-бедерлі Брайль қаріпіндегі нұсқасын табыс етті.
Гүлбану Мұстаханова,
Зағип және нашар көретін азаматтарға
арналған республикалық кітапхана кітапханашысы
#Брайльқарпі #шрифтБрайля #СәулеМағазбекқызыДосжан #ргурбнсг #СәулеДосжан #знкаарк
