Сурет салғым келеді
Әр бөлменің терезесіндегі оюлар өзінше әдемі болатын. Бір-біріне ұқсамайтын, һәм қайталанбайтын сұлулық еді. Қазір бұрынғыдай аяз жоқ па, әлде үйлер жылы ма, білмеймін, тереземізге қырау тұрмайтын болған. Баяғы балалық шағымыздағы, ауылдағы үйдің терезесіне тұнған сұлулықты көрмегелі қай заман. Әлде көзіміз сұлулықты көруден қалып бара ма? Білмеймін. Бір білерім сол ауылдағы үйдің терезесіне тұнған сұлулықты сағынып жүрмін. Көз алмай қарап отыратынмын. Таңғалатынмын, тамсанатынмын, сүйсінетінмін. Сол сұлулықты көзіммен жадыма көшіретінмін. Соның әсерінен жаным да сұлуланып, нұрланып кеткендей көрінетін. Сол сұп-сұлу жаныммен сурет салғым келетін. Неше рет сынып, неше рет ұшталып, ақырында қысқарып кеткен қарындашты қолыма алатынмын. Бірақ, менің салған суретім сурет болмайтын. Жанымдағы әдемі суретті ақ қағазға сол қалпында көркем етіп көшіре алмайтынмын. Ақыры менен суретші шықпайтынына көзім жетті. Содан кейін өлең жаздық. Жазған өлеңдеріміз керемет болмағанымен, салған суреттерімізге қарағанда тәуір еді. Жақсы көруден, бағалаудан, сағынудан, аңсаудан, сүйінуден туып жататын өлеңдеріміз бен әңгімелеріміз кейін келе күйінуден туатын кекесінді жазбаларға ұласып кетті. Егер деймін да баяғыда қолымнан сурет салу келіп, суретші болып кеткенімде, әдемі картиналарды салудан басталған шығармашылық жолым карикатураға, шаржға келіп тірелгендей екен-ау... Неге? Өйткені жоғарыда айтқанымыздай көзіміз нені көрсе, жанымыз нені жұтса, соны туыдарады екенбіз-ау. Кейінгі кезде көзіміз әдемілікті, әсемдікті көрудің орнына, мусорларға көп түсетін болып жүр. Әлде әсемдік атаулы ауылдағы терезеге аяз салған суретпен бірге еріп кетті ме екен?. Мүмкін емес. Ізгілікті іздеп, жақсылықты көруге талпынайықшы. Сонда жанымыз да тазарар. Жанымыз тазарса, сөзіміз де дұрысталар. Түнеукүні: «Аңқау елге арамза молда» деген. Ел аңқаулығынан арылса, арамзалық молдаға нан болмайды. Ол әрине молдаға ұнамайды. Молдекеңе қара халықтың көзінің ашылмағаны керек. Ол үшін ауыздықтау керек,..» деп бастап келе жаттым да, кілт тоқтай қалдым. Маған мұны жазу не үшін керек? Сурет салғым келеді. Қартайғанда жорға шықпасы анық. Әлде ескі дертті асқындырып өлең жазсам ба екен?
Ақпарат көзі
