Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qogam

Соңғы кездері атышулы болып жүрген экс-әнші ақыры қамалып тыныпты

Алматы қалалық соты кезінде әнші ретінде танылған Рахат Тұрлыхановты 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарған. Оған қатысты сот отырысы жабық өтті.

"Ақыры қамалыпты" деген сөзіміздің негізі жоқ емес әрине. Осыдан бір апта бұрын ғана экс-әншінің өз әйелін сабағанына қатысты істі қараған Алматы қаласы Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оған ескерту жасаумен шектелген болатын. Өйткені Тұрлыханов сотта кінәсін мойындап, әбес әрекеті үшін өкінетінін айтыпты. Сосын оған келіншегі кешірім беріп, екеуі татуласқан.

Ал одан кейін Рахат Тұрлыханов жұбайымен бірге өзіне қатысты сот ісі бойынша түсініктеме берді. Экс-әнші видеоның басында соңғы ақпараттарға байланысты екеуі бірге жауап бергісі келгенін айтты. Айтты да, келіншегі Алтынайға сөз берді. «Менің жағдайым жақсы. Рахат – сүйе білетін, қамқор, мейірімді күйеу әрі әке. Иә, отбасымызда басқа жанұялардағы сияқты ұрыс-керіс, түсінбестіктер болды. Бірақ БАҚ жағдайды дұрыс білместен оны көпе-көрінеу жаман қылып көрсетіп жатыр», – деді Алтынай.

Экс-әнші өткен жылдың қазан айында да әйелін ұрғаны үшін сот алдында жауап берген. Жұбайлардың ол кезде де артынан ашуы тарқап, татуласа қойыпты. Сондықтан сот тіпті істі тоқтатқан.

Ал енді бір апта бұрынғы сот шешімі бұл аптада өзгеріп шыға келді. Жоғарыда айтқанымыздай, Рахат Тұрлыханов 10 тәулікке қамалып кете барды. Айтпақшы, бұл - екінші сатыдағы сот шешімі.

"Осы материалды қарау барысында, сот алқасы тағайындалған жаза бойынша, бұрын жұбайына бірнеше рет қол көтеру дерегі болуына байланысты бірінші сатыдағы сот шешімімен келіспеді. Алматы соты алқасының шешімі бойынша, Алматы Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шешімі өзгертілді", - делінген Алматы қалалық сотының хабарламасында.

0
0
140

Осы тақырып бойынша