Өскеменде «Жер-2024» республикалық оқу-жаттығуы өткізіліп жатыр
3-4 маусымда еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде, Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде.

Оқу-жаттығуды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында орналасқан.
Бүгін жойқын жер сілкінісіне ұшырау мүмкіндігі бар аталған өңірлерде «Баршаның назарына!» сирена-сөйлеу құрылғылары іске қосылды. Сондай-ақ адам көп жиналатын объектілерде сейсмикалық жаттығулар өткізілді.
Оқу-жаттығу азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісі нәтижесінде туындаған төтенше жағдайды жоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында жүргізіліп жатыр.
Аталмыш іс-шараға республикалық, өңірлік азаматтық қорғау қызметтері және жергілікті атқарушы органдар қатысады, олар жойқын жер сілкінісі жағдайындағы іс-қимылдарды пысықтайды.
Оның барысында авариялық-құтқару жұмыстары, зардап шеккен тұрғындарды шұғыл қабылдау пункттері, оларды қабылдау мен көмек көрсетуге арналған палаткалық лагерлер мен далалық медициналық ауруханалар көрсетілетін болады.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
