Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Шымкентте республикалық іс-шара аясында жаттығулар өткізілуде

23 қарашада елімізде «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды.

Іс-шара қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларда апаттан құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаменттері арнайы техникаларының дайындығын тексеру, олардың жұмысқа жарамдылығын және техникалық жағдайын анықтауды мақсат еткен. Оған сәйкес, оқыс оқиғалардың салдарын жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар өткізіліп, апаттан құтқару қызметтері мен азаматтық қорғау құралымдары практикалық іс-қимылдарды жүзеге асырады.

Осы республикалық іс-шара аясында Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылды. Іс-шараның бірінші күні «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамында тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өткізілді. Сценарий бойынша мекеме аумағындағы турбиналық цехқа газ беретін диаметрі 325 миллиметрлік құбырдан газ шығып кетіп, жарылыс болды. Соның салдарынан өрт болып, қазандықтар істен шықты. Апатты жою үшін Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті және азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары жіберілді.

Үйлесімді әрекет етудің нәтижесінде өртті сөндіру және апат орнын қалпына келтіру жұмыстары тез арада жүргізіліп, шартты зардап шеккен адамдар қауіпсіз аймаққа шығарылып, оларға тиісті көмек көрсетілді.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Жамбыл Жабаев оқу-жаттығудың маңыздылығына тоқталып өтті.

– Тактикалық оқу-жаттығуды сратегиялық маңызды нысаннан бастап отырмыз. Мұндағы оқу-жаттығуға ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, жедел-құтқару жасағы, апаттар медициналық орталығынан, жалпы 130 адам мен 30 техника жұмылдырылды. Бүгін 3, ертең 3 нысанда жаттығу өтеді. Қысқа дайындық барысында анықталған барлық кемшіліктер қалалық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында қаралады, – деді департамент басшысының орынбасары.

Жаттығудың қорытындысы бойынша республиканың барлық өңірлерінің қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар дайындығына баға беріледі. Айта кетсек, 23-24 қарашаға жоспарланған іс-шарада қалада жалпы 6 нысанда тактикалық оқу-жаттығу өтуі тиіс.

Төтенше жағдай қызметінің мамандары апат бола қалған күнде жасайтын іс-қимылдарын осылайша пысықтап жатыр. Олардың шын жағдайда да жылдам әрекетке көшетініне сенім мол.

0
0
298

Осы тақырып бойынша

Шымкентте республикалық іс-шара аясында жаттығулар өткізілуде - Yvision.kz