Шымкентте мал шаруашылығын дамытуға миллиардтан астам теңге қаралған
Ауыл шаруашылығы саласында 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

Шымкент қаласында биыл мал шаруашылығы саласын дамытуға мемлекеттен 1071,7 миллион теңге қаржы қаралған. Осы қаражаттың 209,4 миллион теңгесі жем-шөпке бағытталған. Бұл жайында қаланың ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров хабарлады.

Шаһарда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мен өнімділігін арттыруға субсидия асыл тұқымды малға, селекциялық асылдандыруға, өндірілген өнім мен жем-шөп шығындарының бір бөлігін өтеу үшін беріледі. Бұл бойынша нақты норматив бекітілген.
– Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану арқылы биыл «Эгамназаров» шаруа қожалығы Дания елінен 104, «Бәйтереков» шаруа қожалығы 34 сүтті бағыттағы ірі қараның «Гольштейн», «Джерси» және «Қызыл Даттық» тұқымдарының аналық басын сатып алды. Бұл үш түрлі тұқымның әкелінудегі мақсаты – сүттің құнарлылығы мен өнімділігін арттыру. Мұндай сиырлар орта есеппен тәулігіне 24 литрден сүт береді. Бүгінгі күні әкелінген асыл тұқымды малдардың басым бөлігі төлдеді, – деді басқарма басшысы.
Құс шаруашылығында да мемлекеттік қолдау аясында асыл тұқымды балапандар сатып алынған. Мәселен, жұмыртқа бағытындағы 4 құс фермасы бір тәуліктік 413 мың дана асыл тұқымды балапан сатып алған. Балалпандардың әр басына 60 теңгеден субсидия қаржысы төленген.
Брифинг барысында салаға тартылған инвестиция жайына да тоқталды. Осы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6 миллиард теңге, тамақ өнімдерінің капиталына 6,9 миллиард теңге инвестиция тартылған.
–Бұл қаражатқа 16 инвестициялық жоба жүзеге асады. Оның ішінде 3 сүт фермасы, 3 сүтті қайта өңдеу цехы, жылыжай – 2, көкөніс қоймасы – 2, бір мал болдақылайтын алаң, құс фабрикасы және көкөністерді қайта өңдейтін бір жоба бар. Нәтижесінде 262 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр, – деді Әбунасыр Жанбатыров.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 44,6 миллиард теңгеге жеткен. Көрсеткіштің 28,9 миллиард теңгесі мал шаруашылығына, 15,3 миллиард теңгесі өсімдік шаруашылығына тиесілі.
Жалпы, мемлекеттік қолдаудың арқасында Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі артып келеді. Жақында қаланың ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырған қайта өңдеуші кәсіпорындар, жылыжай кешені, мал бордақылайтын шаруашылықтарға баспасөз туры барысында осыған анық көз жеткізілді. Қала аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші 50-ден астам кәсіпорын бар. Бұл кәсіпорындар жыл басынан бері 50 мың тонна сүтті қайта өңдеп, 500 тонна сары май, 3 000 тонна қатты ірімшік өндірген.
