Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жеткілікті
Қала тұрғындары бір жылда 500 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұтынады.

Қазір шаһар аумағында халық жиі тұтынатын өнімдерден тапшылық байқалмайды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы да бақылауда. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен «Meir-Trade Dirstibution Company» ЖШС-де болып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар қоймасының жұмысын қадағалады.
Көтерме сауда қызметімен айналысатын ірі дистрибьютор - «Meir-Trade Dirstibution Company» серіктестігінің қоймасы 2 600 шаршы метрді алып жатыр. 2013 жылы іске қосылған нысанда қазір 100 адам жұмыс істейді. Қоймада қант, ұн, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, тұз, макарон және кондитерлік өнімдер сақталады.
Тұрғындар бүгінде ұн, нан, рожки, күнбағыс майы және тауық жұмыртқасымен толық қамтамасыз етілуде. Қалған тауарларды қаламызға «Каис Инвест», «Ас-Ан» кәсіпорындары, «Сидельников» жеке кәсіпкерлігі, «Прима Дистрибьюшн» және «Meir-Trade Dirstibution Company» серіктестіктері секілді ірі дистрибьютерлік желілер жеткізуде.
Қала әкімі жауаптыларға тауарларды жеткізу барысында өзекті мәселелерді дер кезінде шешіп, бағаны тұрақтандыру тетіктерін назарда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ сауда-логистикалық орталығында салынып жатқан көкөніс сақтау қоймасына инвестициялық-субсидиялау бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТТ) тізіміне 19 өнім кіреді. Олар – ұн, нан, түтік кеспе (рожки), жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы және май, кейбір ет түрлері (сиыр, тауық), сүт өнімдері (сүт, айран, сүзбе), көкөністер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) және тұз.
Бұлардың баға шегін жергілікті атқарушы органдар белгілейді. Әкімдіктер әр өнімнің бағасын аймақтағы ӘМАТТ тізімінен есептейді және бекітеді. Бұдан әрі бекітілген бағалардың дүкендердегі нақты бағамен сәйкестігін де әкімдіктер бақылайды.
Шекті бағадан асқан жағдайда сауда субъектілерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен, егер осындай дерек анықталса, айыппұл 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), егер қайталанса - 200 АЕК болады. Әкімшілік айыппұлдарды жергілікті атқарушы органдар салады.
Сондай-ақ еліміздің Сауда және интеграция министрлігі ӘМАТТ үшін максималды сауда маркасының мөлшерін енгізген: сатушының маржасы өндірушінің сату бағасынан немесе көтерме жеткізушіні сатып алу бағасынан 15% аспауы керек.
Бұған дейін біз Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бақылауда тұрғанын хабарлағанбыз.
