Шымкентте емхана жанынан «Үздік тәжірибелік орталық» ашылды
Шымкент қалалық №3 емханада «Үздік тәжірибелік орталық» ашылды.

Орталықтың ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының төрағасы Төлебай Рахыпбеков және қала тұрғындары, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері қатысты. Таяуда осы емхана жанынан «Сұңқар» Жастар денсаулық орталығы ашылған-тын.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық бағыты аясында, медициналық қызметтің сапасын арттыру бойынша өңірлерде осындай орталықтар іске қосылуда. Мұнда медицина қызметкерлері бірлесе отырып, тұрғындарға әлеуметтік, репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша көмек көрсетеді. Атап айтқанда, мұнда жастар денсаулық орталығы, алдын-алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету, отбасылық денсаулық орталығы, ана мен бала бұрышы бар.
Қала әкімінің орынбасары мұндай үздік тәжірибелік орталықтардың маңызы зор екенін, әлі де көптеп ашу қажет екенін атап өтті.
– Біз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Бұл орталық медициналық қызметтің сапасын арттыруды мақсат етіп отыр. «Тәні саудың жаны сау» дейді халқымыз. Біз халыққа қызмет етіп қана қоймай, халықтың денсаулық сақтау саласындағы білімін де арттыруымыз керек. Халықтың дені сау болуы үшін сіздердің атқаратын қызметтеріңіздің жауапкершілігі мол. Мұндай орталықтар бізде көп болуы керек. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табады, – деді қала әкімінің орынбасары.
«Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының төрағасы Төлебай Рахыпбеков мұндай орталықтар дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының үздік әдістемесі бойынша іске асырылып жатқанын айтты.
Іс-шарада қала әкімінің орынбасары С.Құранбек, қала тұрғындары орталықтың жұмысымен танысып, кабинеттерді аралап көрді.
Үздік тәжірибелік орталық бұған дейін қалалық №6 емханада жұмысын бастаған еді. Онда алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімі, потранаттық қызметтің әмбебап прогерссивті моделі кабинеті, отбасылық денсаулық орталығы, Әл-Фараби Жастар денсаулық орталығы ашылған. Бұдан бөлек медицинадық мекемеде бұрын соңды болмаған қарапайым халықтан құралған ақылмандар кеңесі, халық комитеті құрылды. Оның мақсаты денсаулық сақтау ұйымы мен халық арасындағы байланысты күшейте отырып, сенімін арттыру. Сондай-ақ медициналық мекемеде GPS навигациясы базасында аймақтық медбикелердің қызмет көрсету аумағына балайланысты аула аралау жұмысын қадағалауға арналған бақылау жүйесі енгізіліп, «4D» негізінде жастар денсаулығы орталығы ашылды.
