Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Шымкент әкімі қаладағы мектептердің жай-күйімен танысты

Үшінші мегаполистің білім ошақтарындағы мәселелер басты назарда.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қ. Сыпатаев атындағы № 7 IT мектеп-лицейі мен Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған № 1 арнайы мектеп-интернаттың жай-күйімен танысты.

Мектеп-лицейдің іргетасы 1963 жылы қаланған. Жалпы ауданы 6490.00 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда 2 377 бала екі ауысымда білім алуда. Жобалық қуаты – 1 200 орын, оқу бөлмесі – 42. Екі спорт залы бар, 32 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бүгінде күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленгенімен, өрт қауіпсіздігінің талаптарына сай келмеуіне байланысты мемлекеттік сараптамадан өтпей тұр.

Негізі, бұл білім ошағы IT мектеп-лицейі статусына 2020 жылы ие болған. Бүгінде оның түлектері Қазақстанның, Қытайдың, Ресейдің жоғары оқу орындарында оқиды. Мектеп ұстаздарының арасында «Білім беру ісінің үздік қызметкері», «Білім беру ісінің үздігі» және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталғандар бар. Білім ошағы басшыларының айтуынша, оқушы және ата-аналармен өзара жағымды, ынтымақтастық қарым-қатынас ұжымды үнемі дамытып отырумен қатар, оқушылардың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық, құқықтық қасиеттерді тәрбиелеуге де мүмкіндік береді. Сараланған оқыту мен даралап оқыту – негізгі қағидат. Сондай-ақ оқушы дағдысын қалыптастыруға, функционалды сауатты болуға тәрбиелеуге аса мән беріледі. Заманауи оқу базасы мен жаңашыл технологияларды қолдану арқылы оқу үдерісімен бірге тәрбиелеуді де өзгертуге жағдай жасалған.

Мектеп-интернат 3 ғимараттан тұрады, 170 оқушы білім алады. Негізгі нысан 1969 жылы салынған, ал жатақхана мен спорт залы 1988 жылы пайдалануға берілген. Жалпы ауданы – 8183.40 шаршы метр, 37 бейнебақылау камерасы бар. Білім ұясы күрделі жөндеуден 2009 жылы өткен. Бүгінде тозығы жетіп, күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жұмыс көлемі 85 пайыз орындалды. Құрылыс келесі жылға өтпелі.

Бұл мектеп-интернат – балаларды тәрбиелеу, олардың өз бетінше өмір сүру дағдыларын дамыту және шығармашылық қабілеттерін жан-жақты дамыту мақсатында құрылған, оқушылар тәулік бойы болатын оқу ошағы. Әрине, студенттер мұнда қажеттінің бәрімен қамтамасыз етілген.

Білім ошақтарының мәселелерімен танысқан қала әкімі жауаптыларға Қ. Сыпатаев атындағы № 7 IT мектеп-лицейінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және қосымша ғимарат салу бойынша тапсырма берді. Ал «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған № 1 арнайы мектеп-интернатына» заманауи су себу қондырғыларын орнатуды жүктеді. Сондай-ақ тиісті басшыларға жылу қазандығы бойынша мәселені назарға алып, құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

0
0
188

Осы тақырып бойынша