Үшінші мегаполисте екі елді мекен көгілдір отынға қосылды
Шымкент қаласының Тұран ауданына қарасты Ақтас және Ақтас-2 елді мекендеріне табиғи газ берілді.

«Табиғи газ тарту бойынша құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, биыл аяқталды. Нәтижесінде 16,7 шақырым газ құбыры тартылып, 1 380 абонент көгілдір отынды тұтынуға мүмкіндік алды. Жақында Арғымақ елді мекенін де табиғи газға қосамыз. Сөйтіп Тұран ауданындағы газ тарту көрсеткіші 98 пайызға жетеді. Ендігі жерде Құрсай және Жаңаталап елді мекендерінің жаңақұрылыс аумақтарын табиғи газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп қойдық. 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталады. Сонда 2025 жылға газбен қамтамасыз етілмеген тек Айкөл елді мекені ғана қалып отыр. 2025 жылы Айкөлге де көгілдір отын жеткізсек, Тұран ауданында газ мәселесі толық шешіледі», — деді Тұран ауданының әкімі Боранбай Болатбеков.
Көгілдір отынға қол жеткізіп, қуанышқа кенелген тұрғындарға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы Шымкент өндірістік филиалының директоры Ермек Қалдығұлов газ тұтыну кезінде қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтау керектігін ескертті.
Айта кетейік, Ақтас және Ақтас-2 елді мекеніндеріндегі құжаттары дайын тұрғын үйлерге рет-ретімен табиғи газ беріліп жатыр. Газға қосылу үшін тұрғындар «ҚазТрансГаз» АҚ-нан техникалық шарт алуы тиіс.
Жалпы Шымкент қаласында биылғы газ тарту жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Осылайша көгілдір отынның игілігін көрген тұрғындардың қатары жылдан жылға артып келеді.
Атап айтқанда, қараша айының басында Қаратау ауданына қарасты Асар-2 тұрғын алабына табиғи газ берілген еді. Тұрғын алапта ұзындығы 24 шақырымдық газ құбырының құрылысы аяқталып, жергілікті жұрттың көптен күткен арман-тілегі орындалып жатыр. Нәтижесінде мұнда 1 046 абонент көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алды.
Қаратау ауданының аумағы – 19 500 гектар. Халық саны 190 мыңнан асады. Аудан аумағында 18 елді мекен, жалпы көшелер саны – 595, демалыс орындарының саны – 7. Аудандағы елді мекендерді табиғи газбен қамту көрсеткіші 90 пайыз болған. Аудан әкімі Рақымберді Мүлкеманов өзі басқарып отырған аймақты 2025 жылға дейін табиғи газбен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарланғанын айтты.
Айта кетейік, 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша табиғи газбен қамту көрсеткіші 96 пайызға жеткізіледі деп жоспарланған. 2023 жылы қарашаға дейін қаладағы 81 елді мекеннің 57-сі табиғи газбен қамтылды. Сондай-ақ биыл қалған 6 нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтау көзделген. Олардың қатарында Тассай, Тұран-3, Сауле ықшамауданы, Солтүстік саяжай, Бозарық бар. Сондай-ақ, Нұртас ықшамауданына газ құбырын жеткізіп, Ынтымақ-2 ықшамауданын табиғи газбен қамту мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер мекемелер анықталды. Нұртас ықшамауданындағы газ құбырының құрылысы 2024 жылы аяқталады делініп отыр.
