Салтанат Нүкенованың ағасы қарындасының әруағын қорлаған блогерді сотта жеңді
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді марқұм қарындасының ар-намысы мен абыройын қорғауға қатысты сотта жеңіп шықты.

Сотқа блогер Антон Бударов тартылған. Бұл жайында осы істе шағым берушінің адвокаты болған Дамир Ишмәметов Instagram-дағы парақшасында хабарлады.
«Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іспен қатар көптеген хейтерлер пайда болды. Олар Салтанаттың атына ғайбат сөздер айтуға асқан құштарлық танытып жатты. Сондай хейтерлердің бірі блогер Бударов Антон еді. Ол қиялы жеткен жерге дейін (Салтанатқа – ред.) қара күйе жағып бақты. Әрине, өлген адамды масқаралау азғынның ғана қолынан келсе керек. Ондайларды ағасы заң жүзінде жауап беруге мәжбүр етеді!» – деп жазды адвокат.
Ал Антон Бударов Instagram-да: «Иә, мен Бишімбаевтың әйелі қорлық көріп, құрбан болды деп есептемеймін. Ол – кәдімгі абьюзер. Күйеуімен бірге ішті, төбелес шығарды. Алаяқтық жасап, астрология курстарын сатты... Бұл – кокаинға еліткен нашақорлар отбасы. Ол кәдімгі маргинал ғой...» деп жазған. Бұдан басқа да көптеген жазбалары мен видеолары бар.
Сол үшін оны Айтбек Амангелді сотқа берген.
Дамир Ишмәметовтің хабарлауынша, 2024 жылғы 20 мамырда Алматы қаласы Бостандық ауданының соты Instagram-дағы budarov_anton аккаунтында жарияланған Салтанат Нүкенованың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін сөздер шындыққа жанаспайды деген шешім шығарған.
Сөйтіп, Бударов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған шындыққа сәйкес келмейтін айыптауларын теріске шығаруға міндеттелді. Сондай-ақ Салтанаттың ағасының пайдасына блогерден 650 мың теңге сот шығыны өндірілуге тиіс.
Айта кетейік, Айтбек Амангелді марқұм қарындасының әруағын қорлағандардың бәрі сот алдында жауап беретінін мәлімдеген болатын.
