Мына бала-шаға сұрайды, Беке дейді, осы арқаға барып тоқтаған Нұр ағамыздың кемесінің қиссасы қайдан шықты дейді. Әлқисса, бұның баяны сонааау 1991 жылдан басталады. Ел егемендігін алып, етегін жапқаннан кейін Нұрағамыз Алатаудың өрінде, Алматының төрінде отырып, астананы көшірсем қалай болар екен деп ойлаған екен дейді. Алматыда жаман емес, былай қарасаң өзінің туған жері, өскен елі. Бірақ, оның терең мәні бар екен. Бірақ, оны сол сәтте ешкімге ашып айтпаса керек. Ел экономикасы еңсесін әлі тіктей қоймаған уақыт, жанындағылар бұ қалай болар екен деп ойлаған көрінеді. Содан не керек, алты жыл бойы кеме жасапты. Бір мың да тоғыз жүз тоқсан жетінші жылы болса керек, әр саланың бір-бір минситрлігін алып, үкіметін үкілеп, кемені қозғалтса керек. Барар бағыт арқа екен. Тараздың төрінен өтіп, Шымкенттің шетінен өтіп, Қызылорданың құмын кешіп, Жезқазғанның жезін кешіп, Балқашты басып өтіп, Ақадырды асып өтіп жүре берсек керек. Қарағандыға бір тоқтап, тамақ ішті ме, ішпеді ме ол жағы нақты емес. Әйтеуір сол кездегі Ақмолаға жеткенде Есіл өзенінің сол жағалауына кемесін тоқтатқан екен. Кемеге сыймай қалған Арыстанчик деген мәдениетті бала көштің соңынан арып-ашып жаяу жүріп өзі жеткен екен дейді. Міне, бұрынғыдан жеткен әңгіме осылай дейді. Енді оның анығын АП-дағылар біледі. Кейінгі өскен жас балдар алдыңғы ағаларымыз прикол айтпапты демесін деп, аз-кем әңгіме қылдық.