Роман Скляр утилалым туралы: «Мәселе тым саясиланып кетті»
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкіметтің ресми сайты – Primeminister.kz-ға сұхбат берді.
Сұхбат барысында журналист басқа мәселелермен қатар біраздан бері қызу талқыланып жатқан утилизациялық алым жайына қатысты да сұрақ қойды.
«Шынында да, мәселе тым саясиланып кетті. Қазіргі уақытта әртүрлі адамдар саналы түрде өз еліне, өз өнеркәсібіне қарсы жұмыс істеп жатыр. Өңдеу өнеркәсібі – кез келген елдің экономикасының негізі. Олар қоғамдық пікірге манипуляция жасауға тырысуда», – деп бастады жауабын бірінші вице-премьер.
Ол жеткілікті дауыс жинаған (50 мың адам қол қойған) утилалымға қарсы петицияны енді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қарайтынын жеткізді. Бірақ бұл жерде ең алдымен ел мүддесі, мемлекет мүддесі сақталады екен. «Қазір бізде 20 миллион тұрғынға шаққанда 5 млн-нан астам автокөлік бар. Неге екенін, көлігі жоқ адамдардан «Сіз елімізде ескі көліктердің жүруіне қарсы емессіз бе?» деп ешкім сұрамайды. Біз барлық кедергілерді жойдық, 3 жылдан асқан автокөліктерден талап етілетін тіркеу алымын да алып тастадық. Барлық елдерден 20, 30 жыл болған ескі көліктер әкелініп жатыр. Шет ел нарығы ескі көліктен босап, олар өздеріне жаңа көліктер сатып алуда. Ал біздің ел ескі көліктерге толып қалды. Популистік тұрғыдан мен де: «Иә, әрине. Көліктің арзан болғаны жақсы» дер едім. 18 жасқа толған жас жігіт $500 көлік сатып алып, жүргізе алады, жақсы емес пе? Бірақ қалған 15 млн адамнан біреу: «Осы ескі көліктерден бөлінген зиянды газбен тыныс алуға қарсы емессіз бе?» деп сұрады ма? Олардың пікірі де ескерілуі қажет. Сондықтан Министрлік тиісті шешім қабылдайды. Егер сіз менің пікірімді сұрасаңыз, өнеркәсіпті дамытуға пайда әкелетін, бір уақытта бірнеше тапсырманы орындайтын кез келген қолдау шаралары қабылдануы керек деп санаймын. Утилизациялық алым — бұл жанама салық. Өздерінің нарығын қорғамайтын, өз экономикасын қолдамайтын кейбір елдерді айтып, әртүрлі сандарды мысалға келтіріп, түрлі айла-шарғы жасауға болады. Бірақ біз ондай әрекеттерге бармаймыз. Бұл – менің жеке ұстанымым. Мен бұл туралы әрқашан ашық айтамын. Біз өз өндірісімізді, өз өнеркәсібімізді қолдауымыз керек және әртүрлі үндеулерге елеңдемеуіміз керек. Осы зауыттарға кіріп, онда жұмыс істейтін адамдармен сөйлесуге кеңес берер едім», – дейді Роман Скляр.
Жалпы, Премьер-министрдің бірінші орынбасары утилалымға қарсы адамдар машина жасау саласындағы жағдайды білмейді, бұл жерде әлдебіреулердің мүддесі бар дегенге келтіріп отыр. Яғни олар түсінбей жатып, дүрлігіп жүрген көрінеді. Бұл сөздерге қарағанда, утилалым мәселесі петиция жинаумен де шешілмейтінге ұқсайды.
