Өрiстi өнердiң елесi
С. Бегалин
Өрiстi өнердiң елесi
Әже ауылынан қайтқаннан кейiн Шоқан қысқы сабағына орныға отырды. Жоғарыдан келген хабармен Шыңғыс Омбы қаласына жүрiп кеттi. Шоқанның бұл қыстағы көп үңiлгенi шығыс кiтаптары. Әбубәкiр молда өзi ұнатып, қызықты көрген кiтаптарын Шоқанға; онымен бiрге оқыған Әлiбайға, Мұқанға құнттай оқытып, олардың ойын да тыңдап қадағалап отыратын едi. Шоқан өзiмен қысқы қорадағы ауылдасы Әлiбайға анада әжесiне айтқан «ер жiгiтке жетпес түрлi өнер аз» деген Ибырањим Әл Юныстың әңгiмесiн айтып берiп едi. Ой өрiсi келте Әлiбай Шоқанның айтқанын қызығып тыңдағанымен, iздену, бiлсем деген ынта көрсет-педi. Ол кiтапты өзi алып оқимын да демедi. Ауылда дойбы ойынынан басқа, шахматты көрмеген Әлiбай:
– Шахмат деген қандай ойын. Онымен атысып ойнай ма? – деп сұрады. Шоқан да Әбубәкiр молдадан сұрап, ұғынғаны болмаса шахматты көрмеген едi, бiрақ қанша таспен ойналатынын, оның тастарының кейбi-реуi суреттелiп жасалатынын, арнаулы аттары бар еке-нiн айтып түсiндiрдi. Сонымен қатар бұл ойынның шыққан тарихын да, Әбубәкiрдiң айтуымен Әлiбайға әңгi-мелеп бердi. Шоқанның Әлiбайға мұндай әңгiмелердi айтуы, оның сөз құмарлығынан емес, Әлiбайдың әкесi Сал деген кiсi Шыңғысқа жасынан төл жолдас едi. Төлеңгiт iшiнде қадiрмендi болатын. Әкесi қадiрлеген Салды Шоқан да, ол ауылдың басқа жастары да қадыр-лейтiн. Сол Сал Әлiбайды әкелiп сабаққа бергенде Шоқанға:
– Шоқанжан, мына Әлiбайға өз бiлгенiңдi үйрет, өзiңе серiк етесiң, – деген-дi. Сондықтан да Шоқан Әлiбайға әрдайым ой сала, сабағына көмектесе отыратын. Бұлармен бiрге оқитын Жолтабардың Мұқаны ұрыншақ, тентек болатын. Ол пейiлденсе оқуды да жақсы оқитын. Бiрақ, көбiнесе Жақыппен бiрiгiп, қай-қайдағы сотқарлық жағында жүретiн. Әлiбайдың Шоқанмен бiр ыңғайланып, оның қасынан шықпайтыны Мұқан мен Жақыпқа ұнамайды. Әсiресе, өзiнiң айтқан тентек сотқар ойынына елiкпейтiн Әлiбайды Жақып жек көредi. Бiр күнi Әлiбай үйiне қарай сабақтан қайтқан кезiнде алдынан Жақып шыға келдi. Жақып бұл кезде Әбубәкiр молдадан оқуға бармай қойған-ды.
– Немене, Әлiбай құл, молда болдың ба? – деп келе оны итерiп қалып етбетiнен түсiрдi. Тұра берген Әлi-байды қайдан шыққанын кiм бiлсiн Мұқан келiп бас салды. «Ақ түйе бас» деп оны илеп жатқанда, Шоқан көрiп қалды. Келе алдымен Жақыпты Әлiбайдың үстi-нен жұлып алып, итерiп жiбердi. Долы Жақып үнсiз сазарған күйiнде үйге қарай тұра жөнелдi. Мұқан қашып кеттi. Момын Әлiбай орнынан жыламсырай тұрып, Мұқанға жұдырығын түйiп, балағаттай бастады. Шоқан:
– Әлiбай, әлiң жетпейдi екен, алыспа, қайратың жоқ екен, бей ауыз сөз айтпа. Егер атекем естiсе, екеумiзге де ұрсады, – деп Әлiбайды үйiне қарай шығарып салды.
Әлiбай үйiне таяна бергенде есiне әлгiнде Жақыптың айтып қалған «Әлiбай құл» деген сөзi түсе қалды. Құл деген сөздi Әлiбай Шоқан әңгiмелеп айтып берген «Жiгiтке жетпiс түрлi өнер аз» деген кiтаптағы Әменбайдың құлдыққа сатылған уақиғасынан естiген-дi. Жақыптың мына сөзi оған сондай қорлау болып сезiлдi. Бiрақ әкесi Сал үйде отырып намаз оқығанда «уа, тәңiрiм, құлым дей көр» дейтiнi бар едi. Құл деген жаман сөз болса, әкем неге өзiн өзi «құлым дейi көр» деп тiлейдi. Осындай оймен үйге жабырқап келген Әлiбайды Сал:
– Қарағым, сабағыңнан келдiң бе? Молдаң ұрыс-қан ба, немене, қабағың қатыңқы ғой? – дедi.
– Әке, молдекем ұрысқан жоқ, ана төренiң тентек баласы тидi, менi «құл» дедi. Әке, бiз құлмыз ба? – деп Әлiбай жыламсырады.
– Әлiбай, бiз құдайдың құлымыз. Адамның құлы емеспiз. Ол Жақыптың сотқар сөзi ғой. Сен сөйлеушi болма. Бiздiң ата-бабамыз Уәлихандармен бiр туысқан емес. Бiрақ бұларға құлдықпен қоныстас емеспiз. Саған әрдайым есiңде болсын, айтып берейiн, мына өзiң сабақты бiрге оқып жүрген Шоқанның әкесi, Шыңғыс төре, оның әкесi Уәлi төре, бұлар атақты Абылайханның қарақалпақ әйелiнен туған бiр баласы. Бұлар Абылай тектi хан тұқымы төрелер. Бiздiң аталарымыз төре емес қазақ, бiз мына Атығай руынан боламыз. Абылай алғаш қазақ iшiне келгенде, осы бiздiң аталарымыз Атығай, Қарауыл iшiне келiп ордасын тiгiптi. Сондағы Абылай ордасының iргесiн қаласқан, хан аулының қамқоры болған бiздiң аталарымыз. Ақылы бар төрелер бiздi «құл» деп айтпайды. «Атамыздың ауылы» дейдi. Алаңғасар әулекiлердiң айтқанына бiз құл болмаймыз, – деп Сал баласына өзiнiң ата жайын да ұғындырды.
Омбы қаласынан Шыңғыс бiр айдай жатып оралды. Оның қандай жұмыспен барғанын, неге ұзақ жат-қанын Шоқан бiле қойған жоқ. Шыңғыс ауылға келгенде, өзiмен бiрге бiр орыс жiгiтiн ала келдi. Ол қазақ тiлiн жақсы бiлетiн Сотников деген жер шенейтiн, карта жасайтын адам екен. Одан да бұрын бұл ауылға орыс төрелерi келiп қонақ болатын. Бiрақ Шоқан олармен тiлдесiп үйiрлене алмайтын. Ал, мына Сотников деген кiсiнiң қазақ тiлiн жетiк бiлуi Шоқанға сондай жылы тидi. Ол кiсi ауылға келген күнi-ақ жылы шыраймен, әсiресе, балаларға үйiрлене, әңгiмелесе, олардан оқып жүрген сабақтарын сұрай бастаған. Шоқанның арабша оқыған кiтаптарын, оның жазып, оқып үйренген сауатына айрықша мән бере қызықтай және қазақ жерiнiң көбiн аралапты, бәрiн айтып отырады. Әсiресе, Шоқан-ға ұнағаны, ол кiсi бiр жылтыр қағазға жердiң, таудың суреттерiн сызып, неше түрлi шимай салады. Кейде сол қағаздың алаңына жылқының, қойдың суреттерiн салады. Кейде атқа мiнiп кетiп, тауларды, көлдердi кезiп, өсiмдiктер жинайды, суреттер салады. Көктем кезiнде Шоқан да сол кiсiмен бiрге атқа мiнiп далада жүретiн болды. Оның салған суреттерiне елiктеп, өзi де таудың, көлдiң бейнесiн шимайлады. Бойы үйренiп алған Шоқан бiр күнi ол кiсiге Мысықтың балшықтан жасаған күймесiн көрсеттi.
– Мынаны кiм жасады? – деп сұрады ол қолына алып айналдырып көрiп.
– Менiң жолдасым, Мысық деген бала.
– Ол қайда?
– Ол анау алыста, аулы бөлек.
– Оқыған ба?
– Жоқ, оқымаған.
– Мына бала өнерпаз болатын бала. Қара, мына жасаған мүсiнiнде, алған тұлғасын ұға бiлгендiк бар. Халық таланты дегендер осылар-ау. Бұл балалар осы күннен оқыр ма едi. Мынау кең далада қандай тамаша таланттар жоқ дейсiң. Тек бұлардың көзiн ашатын бiлiм керек. Бiлiм беру үшiн мектеп ашу керек. Ондай заманға әлi көп уақыт бар. Оқу керек, мына баланы да оқыту керек. Ол бала кедейдiң баласы ма? – деп сұрады. Шоқан:
– Иә, кедейдiң баласы. Тақыр кедей. Көйлегi де жоқ, – дедi. Шоқанның Мысықтың кедейлiгiн айтқанда жан күйiн абайлаған Сотников:
– Өзiң қалаға барып оқуың керек. Қырдан оқып көп бiлiм ала алмайсың. Өзiң оқып бiлiмдi болған соң, Мысық сияқтыларды оқуға үйретесiң, – дедi. Шоқан үндемеген күйiнде алыс қырға қарап тұрып қалды.
Сотников пен Шоқан екеуi далада ұзақ жүрiп, ауылға оралды. Құсмұрын көлiнiң солтүстiк алқабындағы кең тарлауда жайылып жатқан төре ауылының қалың жылқысының iшiмен жүрдi. Көктемнiң көк бурыл бозына қар суымен өрiстеген жылқылар шоқ-шоқ, үйiр-үйiр болып жайылуда. Көктем лебiмен үйiр баураған жас айғыр, дөнен сәурiктер үйiрге таласып ай-қыш-ұйқыш асыр салуда. Әсiресе, бiр құла жирен дөнен үйiр баурап iшiн тартып желiгiп алған. Қалың үйiрлi құла айғырдың үйiрiнiң шетiнен екi байталды сауырлап қуа жөнелдi. Құла жиреннiң мойнын салып екi байталды бастырып бара жатқанын көрген құла айғыр, құлағын жымып, кекiлiн маңдайына жаба, жалы жалпағынан омырауын жауып тұра ұмтылды. Құла жирен сәурiк екi байталды алдына сала Шоқан мен Сотниковтың алдын орағыта өте бердi. Құла айғыр дәл осылардың артын ала төтелей ұмтылды. Құла айғырдың өздерiне қарай тұра шауып келе жатқанын көрген Сотников атынан жүгiре қарғып түстi.
– Мынау кiсiге шабатын айғыр шығар, Шоқан, сақтан! – дедi.
– Жоқ, төре, ол ана үйiрiнен байтал қуған сәурiкке бара жатыр. Бiзге тимейдi. Бұл Байғұла деген өте бiр жуас айғыр. Жазда осының үйiрi алдымен байланып сауылады, – дедi.
– Япыр-ай, мына түрi қандай қорқынышты, африканың арыстаны сияқты, – дедi.
– Мен арыстан деген аңның болатынын оқығаным бар. Көргенiм жоқ. Ол қайда болатын аң? Африка деген қай жақ? – деп Шоқан әрбiр өзi түсiнбеген сөзiн сұрап қадағалап отыратын мiнезiн iстедi.
– Шоқан, сен Омбыға барып оқуың керек. Сонда бәрiн де бiлесiң. Мына өзiмiз тұрған жердiң бетi бес бөлiмнен тұрады. Яки жердiң өзi жалпақ тегiстiк емес, жұмыр. Мысалы, әлгiндегi өзiмiз көрген балшықшының жұмыртқасы тәрiздi. Сол жұмыр жердiң бетiндегi құрғақшылығы: Азия, Европа, Африка, Америка, Австралия деп аталады. Сол бес бөлiмнiң iшiндегi ғажайып жыртқыш аңдары көбi – Африка. Африканың қалың ормандарында – арыстан, жолбарыс сияқты аңдар ғажап көп болады. Онда бұл жақта болмайтын пiл деген хайуандар үйiрiмен жүредi, – деп Шоқанға бұрын естiп көрмеген тамаша жаңалық айтты.
– Сiз Африкада болдыңыз ба? – деп сұрады Шоқан күнде көрiп жүрген Сотниковтың өңiне ойлана қарап.
– Жоқ, мен онда болғаным жоқ. Мен оны кiтаптан оқығам. Және арыстанның қолға үйретiлгенiн цирктерден, аңдар паркiнен көргенiм бар.
– Оларды қалай ұстап алады?
– Шоқан, сен Омбы қаласына барып оқысаң – бәрiн де бiлесiң. Сол арыстанның өзiн де көресiң. Дүниеде адамның айласы мен ақылына бағынбайтын айуан болмайды, – деп Сотников алыс қырға қарап темекiсiн алып тұтатты.
– Мен кеше естiдiм. Ертең бiздiң ауыл жылқы кү-зейдi. Қысырақ алады. Сонда сiз әжем үйiнiң жылқышысы Түкен ағайдың асау ұстағанын көрiңiз. Олар асауды бұғалықпен ұстағанда, қозыдай домалатады, – деп Шоқан жаңағы Сотниковтiң «адамның айласы мен ақылына бағынбайтын айуан болмайды» дегенiне өз ойын да қосты.
Шоқан мен Сотников осы бiр күнгi серуендерiнде өмiрi көрмеген бала мен сыр алыспаған бөгде қонақ болып сыпайы ғана жүрiспен қайтқан жоқ, олар жас баладай жаңалық ашысқан дос адамдар болып оралды. Шоқанның Сотниковпен бiрге шығып, дала серуенiн жасауы Шыңғыстың өз айтуымен iстелген едi. Мынау көктемнiң ұзақ күндерiнде әрi мал төлдеп жатқан қызықты кезде бойын жазсын. Бiлiм iздеген өнерлi адамның аз да болса қолында болсын деп, Әбубәкiр молдаға айтып, балаларды оқудан өзi босаттырған-ды.
Шоқан кеше күнi бойы көктемгi жұпар иiстi далада көп жүргендiктен, аса маужырап қайтқан. Ол Сотниковпен бiрге отырып тамақ iштi де, ертерек жатып ұйықтай қалған-ды. Ол оянғанда үйдiң iшi тұрып, бәрi далада жүргенi байқалды. Бүгiнгi жылқы күзеу, қысырақ алу науқаны ойында жатқан Шоқан орнынан әдеттегi қунақылықпен ұшып тұрды. Ол алдымен қонақ үйдегi Сотниковты қарады. Ол кiсi күндегi әдетiмен, қағазын жайып қойып, әлдененi сызып отырғаны көрiндi. Есiктi ақырын ғана жаба берген Шоқанды байқап қалған Сотников артына бұрылып:
– Шоқан, сәлем қайда? – деп жымиды.
– Сәлеметсiз бе? – дедi Шоқан.
– Ә, онда, берi кел, амандасайық, – деп Шоқанды қасына шақырып алып, қолын бердi. – Бiздiң орыс елiнiң әдетiнде үлкен кiсiге жасына қарай, ағай, атай, деп қол берiп амандық сұрайды. Шоқан, сен бiлiп ал, менiң атым Сергей. Бұдан былай таңертеңгiлiкте Сергей ағай, деп амандасатын бол. Сен, амандық болса Омбыға оқуға барғанда да осы тәртiптi бiлуiң керек болады, – дедi. Шоқан өзiнiң бұрын ойламаған жайынан алған түсiнiгiне ойланып қалды. Сонымен бiрге ол iшiнен, не сәлем жоқ, не жай амандық тәртiбiн iстей бiлмеген кемшiлiгiн ойланып ұялып та қалды.
– Сергей ағай, жылқы күзеудi көрмейсiз бе?
– Көрем, ол қашан болады?
– Мен қазiр бiлейiн.
– Жарайды, маған хабарды сен айтарсың, – деп Сергей үйде қалды. Шоқан алдымен жуынып, киiмдерiн кидi. Сонан апасының үйiне келдi. Шай iшiп отырған апасының оң жағында отырған Жақып:
– Е, серуеншi, ұйқың қанды ма? Бiлесiң бе бүгiн мен құнаныма мiнiп жылқы иiрiсем. Маған Жәпелбек құрық берем дедi, мен тайларды ұстаймын, – деп, Шоқанға ойына алған жаңалықтарын заулатып шықты.
– Әлiңе қарасайшы. Сағаң жылқы ұстау қайда. Жақып анадағы бiр тентектiгiн есiне алып үндемей қалды.
Аузы сабырлы, балаларының әрбiр сөзiн аужайынан аңғарып отыратын сары бәйбiше:
– Сендер жылқы күзеуге барғанда, абайлаңдар. Асау жылқыларға қақтығып жығылып қалмаңдар. Жақып, саған асау тайды ұстауға әлi ерте, құр ожарланба, – дедi.
Шоқан тамағын iшiп болып, далаға шыққанда, алыс-та ханым аулына қарай жөңкiле қайрылып келе жат-қан жылқы тобын көрдi. Ел арасының бiр сөзiне шақырылып кеткен Шыңғыс ауылда жоқ болатын. Шыңғыс өзi жүрерде балалардың атқа мiнуi, қонақты күтудi Бейсенге тапсырған-ды. Шоқанның да осы сыртқа шыққандағы күткенi сол Бейсен едi. Сәскелiкке өрлеп көте-рiлген көктем күнiнiң майда жылы лебi дене сүйсiн-дiредi. Күресiн сыртындағы кiшкене қабақшаның кенересiндегi жас тарлаудың жасыл сабақтары тарбия өсiп алақанын жая бастаған. Шоқанның көзi осы балдыр көк сабақтарға түстi. Ол кешегi Сергей ағаймен бiрге жүрiп қайтқаннан берi, әрбiр өсiмдiкке қадағалай қарайтын болған. Қыстай қар астында, мал тұяғы, адам табаны жаншып, таптап тастаған жерден көтерiлген көк тарлау қылтанақтары оған үлкен ой салды. Жер астынан тамыры үзiлмесе, үстiнен басқанға өмiрi өшпейдi екен, деп ойлады. «Шоқанжан» деген Бейсеннiң дауысы шықты.
– Мiне, аттарды әкелдiм. Қазiр ерттелiп дайын болады, әлгi орысың қайда? Ал, тез киiнiңдер! – дедi.
– Сiз орыс демеңiз, ол Сергей ағай, мен қазiр ертiп шығайын, – деп Шоқап үйге жөнелдi.
Сергей мен Шоқандар келгенде, жылқы көлдiң солтүстiк иығындағы Айғаным ауылының арғы жағындағы тепсеңде топталып иiрiлiп қалыпты. Жәпелбек ертiп Жақып та жетiптi. Жылқының басында Шеген де, Қанғожа да келiп тұр екен. Шоқан келiп екi төреге аттан түсiп, сәлем бердi. Шоқанның аттан түскен тәртiбiн iстеп Сергей:
– Ағайлар, саусыздар ма? – деп қолдарын алды. Iзеттi амандық артынан Қанғожа Шоқанға қарап:
– Мына қонақ ағайыңа жылқы күзеу, қысырақ алу қызығын көрсеткелi әкелдiң бе? Ол өзi мұндайды бұрын көрген бе екен? – деп күлiмсiредi.
– Ол өзi менен естiген соң көруге әдейi ерiп келдi. Қолына үлкен сағалы пышақ ұстаған бiрнеше орта жас-тағы кiсiлер жылқы күзеуге әзiрленiп, бiрнеше қапшық көтерген, балаларын ерткен әйелдер келiп олардың қасына жиналды. Жалы тiзесiне түскен желқуық жарау айғырларға мiнген жылқышылар, тымақтарының құлағын iшiне қарай жымырып байлап тастапты. Бiр-екеуiнiң қолында құрыққа iлмек баулап байлаған ұзын арқан. Кейбiреулерiнiң қолында баулаған ұзын құрық.
– Кәне, әкелiңдер, алдымен Ардакөк айғырдың үйiрiн. Соның жабағылары күзелсiн, – дедi Шеген.
– Иә, алдымен Ардакөктiң үйiрiн, Шеген ағам тамаша дұрыс айтты, – деп Қанғожа ағасына бiрер қабат көпшiк те төсеп жiбердi. Бiрiн-бiрi көзiкше сыйлағанда жорғалап тұратын төрелер әдетiн жете бiлетiн Сал:
– Екi төре ерiндерiнiң қыбырынан-ақ ұғысады-ау, құлын күнiнде байлау көрген Ардакөктiң үйiрiндегi жабағыларға құрықтың керегi болмас. Оларды жылқы тобында тұрғанда қолмен ұстау керек. Құрық көтерiлсе, жуас тайлардың өзi де жегiлiп ұстатпайды. Заты жылқы емес пе, – дедi.
– Бiз де осыны ойлап айтып тұрмыз, – дедi Қанғожа. Үйiрi қалың Ардакөктiң үйiрi күзеушiлер тобына ығыстырыла бердi. Жылпос жiгiттер тайларды жалынан ала түсiп, шоқтығынан басып қалып, құлағынан жымыра тұқыртып тұрып күзеттiрiп жатыр. Қолына құрығын алып қызығып тұрған Жақып, бiр құла тай күзелiп жүре бергенде құрығын сермеп кеп қалды. Жақыптың құрығы құла тайдың мойнына тап ете түстi. Асау жабағы құрықты Жақыптың қолынан жұлып ала-ақ жөнелдi. Өзi құрықтан үркiп құйындатқан жабағыдан тамам жылқы үркiп дүркiреп ойран-шу болды. Жан-жақтан мықты ат, айғырға мiнген жылқышылар үрiккен топты әрең қайта иiрiп алды.
– Әй, Жақып-ай, бүлiк шығармасаң тұра алмайсың-ау, – деп Қанғожа Жақыпқа ренжи қарады. Өз тентек-тiгiн сезiп ұялып тұрған Жақыпқа Қанғожа бөтен зiлдi сөз айтқан жоқ. Жабағыларды ұстап күзеп жiберiп жатты.
– Шоқан, қарашы мына тайлардың шашын алдырған баладай әп-әдемi болып құнтиып шыға келгенiн. Әрбiр хайуанның мезгiлiне қарай өз көркемдiгi бар, – деп қызықтай сөйледi.
– Ал, құнандарды күзегенде бұдан да сұлу болады, – деп Шоқан өзi жақсы көретiн құнан күзеуiн Сергейге мақтап өттi. Бiразда қысырақ маталатын асау байтал, арда дөнен айғырлар ұсталатын болып, жылқыны бұрынғысынан да тықсыра иiрiп, ат ұстампаз жылқышылар құрықтарын ыңғайлап жылқы тобына кiре бастады. Алдымен анадағы Сергей мен Шоқан үйiрiн аралап өткен құла айғырдың үйiрiндегi байталдарды ұстайтын болды.
– Құлжақұланың үйiрiнен төрт байтал ұсталады ғой, – деп Қанғожа қысырақ тобын iрiктейтiн Жүкен жылқышыға қарады.
– Төртеу емес, Құлжаның үйiрiнен алты байтал ұсталады. Алдыңғы жылғы оның үйiрiндегi биенiң бәрiнiң құлыны ұрғашы болатын. Қайта бiр-екеуi былтыр енесi қысыр болып, қайтармаға сойылып қалды ғой, – дедi.
– Онда Құлжаның үйiрiнен бiр қысырақтың өзi бiр-ақ маталады екен ғой.
– Иә, тек ана күрең айғырдың үйiрiнен бiр-екi байтал қосамыз.
– Қысырақтың саны қанша болады? – дедi Сергей қасындағы Шоқанға. Шоқан тек тобын көргенi болмаса, оның саны нешеу болатынын бiле бермейтiн. Ол күмiлжiп Қанғожаға қарады.
– Қысырақтың саны әр қилы болады. Кейде тоғыз байтал, айғырымен он. Кейде сегiз, кейде жетi байталдан да маталады. Көбiнесе жылқының тобына қарай, – деп түсiндiрдi Қанғожа.
Құлжа құланың үйiрiндегi байталдарды жеңiлтек екi жас жылқышы құрықпен қаршығадай iлiп әкелiп мататып жатты. Ал, күрең айғырдың үйiрiндегi екi жирен байталды ұстауға айрықша дайындалды. Өйткенi, күрең айғырдың үйiрi құлын күнiнде байланбай, бойдақта болған, ноқта, жүген көрмеген шүу асаулар екен. «Ол екi байталды ұстау, мыналардай емес» дестi тұрған жұрт.
– Жылқыны иiрмектегеннен берi күреңнiң үйiрi өзi бастап ылғи шетке тартып, үйiрiмен шыға жөнелуге ойқастап жүр. Құрық тимеген қашаған ғой, оның үйiрiнен байтал ұстау оңай болмады. Оған құрықты екi сермемейтiн, айғыры жүйрiк те оңтайлы жылқышы болмаса, бой жазып ұстатпай кетедi, – деп Шеген Жүкеннiң өзiн атқа мiнгiздi.
Ашаңдау, балғын денелi, жар қабақ, кең иықты Жүкен жатаған теңбiл көк айғырға мiнiп, құрықты қымтай ұстап, күрең айғырдың үйiрiне қарай бет алды. Елең алып тұрған айғырдың үйiрi тобымен жылқыдан тұра-ақ жөнелдi. Жүкен құрығын көтере бергенде-ақ суырыла ұмтылған теңбiл айғыр асау күреңнiң үйiрiне кiре бердi. Ә, дегенде ұйлығып тобын жазбай ұйтқыған асау үйiр, бiрiнен бiрi оза құйрық атып сытыла жөнелдi. Ұзын аяқ күрең байтал үйiрiнiң алдына түсiп құйындай құлдырады. Жүкеннiң де алдымен ұстамағы ұзын аяқ күрең төбел байтал едi. Теңбiл айғырдын басын жiбере артына түсiп бердi. Алғашқы бетте арқан бойы зырлап шыққан күрең байтал, жылқының аржағымен қайта оралғанда, аяғы бытырап теңбiл айғырдың алқымына жақындай бердi. Үйiрiне таяна бергенде, қалың топқа бұрыла, жалтара бұлталақтай қашты. Қашаған ұстауда атаққа шыққан Жүкең мен теңбiл айғыр күрең байталды бұлтарғанымен бойын жаздырған жоқ. Қазығынан бұрылатын оңтайлы айғыр еркiн жетiп баурап алды. Құлақ-шекеден сермеп қалған Жүкеннiң құрығы топ ете түскенде, қыл мойыннан бұрап жiберiп өзiне қарай қисая тартып қалды. Күрең байталдың құйрық жағы шошаң етiп, басы Жүкен құрығының толғауынан қайрылып, аспанға атты. Сыртқа қарай жамбастай жантайған теңбiл айғырдың шоқтығына тақымы сүйсiне орныққан қарынды Жүкен байталды қайта толғап басып қалғанда, шөке түсiп тiзерленiп қалды. Қасында таяу келе жатқан екi жылқышы аттан қарғып түсiп, күрең байталды құлақтап тұрып ноқталап алды. Жылқыны иiрiп тұрған жүйрiк айғырлы жылқышылар құйрық атып белiне жөнелген асау күреңнiң үйiрiн қалың топ-қа қайта қуып тықты. Екiншi бiр жирен төбел байталды да Жүкен адымын ашырмай құрықтап ұстап ноқталатты.
– Апекем үйiнiң бұл қысырағына ана құла жирен дөнендi үйiрге салалық. Өзiнiң сүйегi де жақсы, ана Құлжа-құланың баласы ғой, – деп Шеген қысырақтың айғырын белгiледi.
– Мен де соны лайықты көрем. Бiрақ, өзi шүу асау, тағы болып қолға тұрмай жүрмесе, – дедi Жүкен.
– «Асауды құрық жуасытады, тентектi бұйрық жуасытады» деген мақал бар ғой, бар қашаған қайда кетедi дейсiң. Бiрыңғай құла жирен болып матастырылсын, – дедi Қанғожа. Ол осы сөздердi айтқанда, бағанадан қысырақ матау қызығына таңдана да, ойлана да қарап тұрған Сергей Қанғожаның аузына қарап:
– Ана жылқышы Жүкеннiң қашаған ұстауы, мына сiздiң мақалдай айтқан сөздерiңiз бiрiнен бiрi өтетiн поэзия-ау, – дедi. Поэзия деген сөздi бұрын естiмеген Шоқан да, Қанғожа да өрескел дегенi ме, қалай, деп үндеспей қалды.
Бағанадан Жәпелбектiң жанында тұрған Жақып, Шоқан мен Сергейдiң қасына келiп:
– Бәлем, Жүкен ағай, анау асау биенi қалай ұстады. Сен үйтiп ұстай алмайсың, – дедi Шоқанға қарап.
Онда, сен ұстарсың.
– Бағана Қанғожа ағам ұрысқан соң, Жәпелбек құрық бермей қойды ғой.
– Немене, құрық берсе, өзiң-ақ ұстайын деп пе едiң?
– Мен ана жабағыларды ұстай алам, көрдiң ғой құрықты қалай салғанымды, – деп әлгi сермеген құрығы жабағыға түсiп, жылқыны үркiткенiне мақтанып қойды.
– Мына Жақыптың өзi жiгiт қой. Бұл ұстайды, – деп Сергей бөсiп тұрған мақтаншақ балаға жел берiп қойды.
– Малмен бiрге өсiп, мiнездес болған елдiң баласына ол қиын болмауы керек. Қандай жағдайда өссе, адам сол ортаның күйiне, өнерiне жаттығады. Мына Жүкен жылқышылар Африканың аңын үйретiп, жаттықса, қолынан келмейтiн азамат емес қой. Қандай шапшаң, қандай әдiсқой, – деп Сергей өзiнiң бағанадан таңданып тұрған жайына тоқталды.
Шоқан мен Сергей екеуi ауылға оралғанда, ел iшiнiң бiр жұмысына шақырылып кеткен Шыңғыс та ауылға келген екен. Сергейдiң Шыңғысқа айтқан жаңалықтары кешеден берi Шоқанмен бiрге жүрiп көргендерi болды. Әсiресе, бүгiнгi жылқы күзеу, қашаған ұстау Сергейге ерекше бiр қызықты көрiнiс болған. Ол оны көргенiне сондай қуанып, басшы болған Шоқанға разылығы мен алғысын айтты.
– Шыңғыс Уалиевич, сiз Шоқанды осы күзде Омбыға оқуға берiңiз, бiздiң үй де сонда, бiз бұған ауылды өгейсiтпелiк. Қазiр дәл оқитын уақыты. Бұдан кейiнде-се, кешiгедi, – деп Сергей Шыңғысқа тiлек ете сөйледi.
– Әжесi де оқуға бер деп былтырдан айтып жүр. Биыл амандық болса, Омбыға апарам. Былтыр апармағаным, бұрынғы әскери училище Кадет корпусы болып үлкейiп ашылатын болған соң, соған беремiн деп тоқтап едiм, – дедi.
– Өте дұрыс, онда сабақ беретiн оқытушылары жақсы адамдар. Бiразы бiзбен таныс жолдастар. Корпусқа қалай да түсуiне бар күштi саламыз, – дедi Сергей достық ықыласпен.
