Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qogam

Президент олимпиадашыларға туды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиадаға қатысатын Қазақстан құрама командасының мүшелеріне Мемлекеттік туды табыстады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрамадағы спортшылармен кездесу кезінде биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтетін дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол үздіктердің үздігі бақ сынайтын бұл ойындарға ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын алға тартты.

«Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды», – деді Тоқаев.

Президент еліміздің Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке тапсырды.

Париж Олимпиадасында ел намысын 80 спортшымыз қорғайтынын кеше хабарлағанбыз. Сондай-ақ онда Қазақстан атынан туды боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова алып шығатынын айттық.

Жалпы, биылғы жазғы ойындарға әлемнің 200-ге жуық елінен 10 мыңнан астам спортшы барады. Олар 32 спорт түрінен бақ сынап, 329 медальге таласпақ.

0
0
607

Осы тақырып бойынша