Педофилдер мен бала өлтіргендер тек өмір бойына бас бостандығынан айырылады
Бүгін Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен ілеспе құжатты мақұлдады.

Фото: Depositphotos
Сенатор Жанна Асанованың айтуынша, заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
«Бұл тұрғыда Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізіледі. Біріншіден, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасаған адамға оған Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады. Екіншіден, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ Кодекстің 108-1 (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 109-1 (ұрып-соғу) баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар татуласқаннан кейін қайталап жасалған жағдайларда тараптардың татуласуына жол берілмейді», - деді сенатор.
Сөйтіп, енді баланы өлтіргендер мен оған сұмдық қиянат жасағандарға тек мынадай жазалар қолданылады:
Жас баланы өлтіргені үшін (99-бап), балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап) және балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін (121-бап) Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазалау шараларын алып тастау арқылы, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.
16 жасқа толмағандарға сексуалдық сипатта тиіскендерге жауапкершілік енгізіледі.
Бұдан бөлек, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, Қылмыстық кодекс жаңа қылмыс құрамымен толықтырылады.
