Қосымша білімге құштарлықты оятқан Оқушылар сарайы
Шымкентте биыл қала күніне орай қолданысқа берілген №2 Оқушылар сарайында 4590 бала 6 бағыт бойынша қосымша білім алуда.

2023 жылдың қазан айында Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығы осы Оқушылар сарайының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында баспасөз-турын ұйымдастырған болатын. Сол кезде көп жайтқа қанық болдық.
«№2 Оқушылар сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны осы жылдың 25 шілдесінен бастап іске қосылды. Қосымша біліммен қамтудың мақсаты – баланың жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуын жүзеге асыруына жағдай жасау, адамгершілігі үйлесімді дамыған және әлеуметтік жауапты тұлғаны тәрбиелеу, балаларды экологиялық мәдениетке баулу, оларды табиғат қорғау қызметіне тарту, қоғамдағы өмірге бейімдеу, бос уақытты мазмұнды ұйымдастыру», – дейді мекеме басшысы Данияр Егізбаев.
Қазір оқушылар сарайына 6 бағыт бойынша 65 үйірмеге 4590 бала барып жүр. Ал бағыттар мынадай:
1. Көркем эстетика бағыты - қыш өнері, қол өнері, ағаш өңдеу, бейнелеу;
2. Музыка бағыты: вокал, фортепиано, қыл қобыз, прима қобыз, жетіген, гитара, домбыра, баян, скрипка, саксофон, флейта, барабан, драма, қуыршақ театры;
3. Гуманитарлық бағыт бойынша – журналистика, шешендік өнер, дебат өнері, қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, кітап оқуға баулу, поэзия және проза, жас ақын;
4. Ғылыми-техникалық бағыт – экология, КИП автоматика, гидропоника, 3Д модельдеу, ІТ-бағдарламалау, физика, химия, биотехнология, бағдарламалау, КИП және автоматика;

5. Психологиялық бағыт – логопед, дефектолог, сенсорлық кабинет;
6. Спорт және сауықтыру - еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, қазақша күрес, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, кикбоксинг, бокс, каратэ, таеквандо, фитнес, бассейн.

Материалдық-техникалық базасы білім беру мекемесінің мақсаттары мен міндеттеріне, санитарлық, өрт қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін Оқушылар сарайының ғимараты 2023 жылы салынған. Мұнда 232 оқу кабинеті, жабық бассейн, футбол, баскетбол және ашық спорт алаңдары, кітапхана, медициналық пункт бар. Жалпы жобалық қуаты 500 оқушыға есептелген.
Оқушылар мен қызметкерлердің ғимаратта болу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автоматты өрт дабылы орнатылған. Сондай-ақ, терроризмге қарсы қорғалу талаптарына сәйкес 1 стационарлық және 37 мобильді дабыл түймелері, 4 турникет, 60 бейнебақылау камерасы орнатылып, күндіз-түні күзет қойылған.
№2 оқушылар сарайында 157 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 85 штат негізгі пәндер бойынша педагогтар. Сапалық құрам бойынша
1 жоғары санатты әдіскер, 2 сарапшы, 1 модератор, 1 педагог-зерттеуші, 4 жоғары санатты, 5 спорт шебері балалармен жұмыс жүргізуде.
