Қолма-қол ақша талап еткен сатушы немесе қызмет көрсетушіге не істеуге болады?
Қазір тұрғындардың зат сатып алуға немесе қызмет түріне төлемді ұялы телефонмен аударым арқылы жасауды жақсы меңгеріп алғаны белгілі. Енді олар төлем жасау барысында салық саласындағы соңғы жаңалыққа байланысты кедергіге тап болып жатыр.

Фото: obk.kz
Елімізде мобильдік аударым арқылы төлем алудың санын шектейтін ереже енгізілгелі бері кәсіпкерлер тұрғындардан қолма-қол ақша талап етуге көше бастады.
Бүгін Қаржы министрлігіндегілер мұндайда не істеуге болатынын түсіндірді.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, ҚР «Төлем және төлем жүйесі туралы» заңында төлем жасаудың түрлі тәсілдері қарастырылған. Ол бойынша тауар немесе қызмет түрі үшін банк картасымен, QR-кодпен немесе қолма-қол ақшамен төлей аласыз. Яғни осылардың қай жолымен болса да төлей беруге хақыңыз бар. Ал қолма-қол емес төлем алудан бас тарту заңсыз әрі тұтынушы құқығын бұзу болып саналады.
Банк картасымен төлем алудан бас тартқан кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бірінші жолы тек ескерту беріледі. Ал заң бұзушылық қайталанса, оған 40 АЕК (147 680 теңге) айыппұл салынады. Сондықтан ондай сатушының үстінен сатып алушы шағым бере алады. Бұл тұрғыда мынадай жерлерге хабарласуға болады:
1414 нөмірлі call-орталық;
барлық сұрақтарға жылдам жауап беруге тырысатын арнайы Telegram-чат;
өз өңіріңіздегі мемлекеттік кірістер басқармасының консультативтік орталығы. Елімізде ондай 200-дей орталық бар. Олар туралы мәліметтер мына жерде.
