ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Нельсон Мандела: Мен өлуге дайынмын!

Расында да ел басқару - оңай емес. Бұл тұрғыда әлемде түрлі тәжірибе де жетерлік. Билікке халық қалауымен келіп те түк бітіре алмағандар бар. Қолын қанға малып, тізгінді ұстаған соң да ел тұрмысын түзей алмағандар жетерлік. Керісінше халқының азаттығы жолында күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, таққа отырған соң жұртының жанына жақын, ойына орайлас, мақсаты ортақ тірлік жасап, Ақ киізге отырғызып, нағыз көсем деуге лайықты адамдар да бар. Солардың бірі - Нельсон Ролихлахла Мандела.
Ол Оңтүстік Африка Республикасында 1918 жылы 18 шілдеде белгісіздеу тайпаның отбасында дүниеге келген. Форта-Хер колледжінде оқып, 1940 жылы студенттер шеруіне қатысқаны үшін оқудан шығарылады. Кейінірек Витватерсранда университетіне түсіп, құқықтанушы мамандығын алады.
1944 жылы Нельсон Мандела Африка ұлттық конгресінің Жастар лигасына мүшелікке өтіп, адам құқын қорғау жолында белсенділердің бірі де бірегейіне айналады. 1950 жылы тіпті ол биліктегілердің назарына ілігіп, бірнеше рет абақтыға қамалады.
1960 жылы 67 африкалықтың өлімінен соң, ел Үкіметі Жастар ұйымының қызметіне тыйым салды. Сол кездегі партиялардың біріне басшылық жа­саған Мандела жасырын жағдайда жұмыс істейді. 1961 жылы Манделаның басшылығымен Африка Ұлттық конгресі әскери ұйым құрады. Мұны биліктегілер біліп қойған соң, 1964 жылы Нельсон Мандела қамауға алынып, өмірбақи түрмеге жабылды. Мұның өзі Оңтүстік Африка түгілі, өзге елдерде де Нельсонды бостандыққа шығару жолында қозғалыстар құруға түрткі болды. Манделаның әлемге танылуы осылай басталған.
Ақыры 27 жылын түрмеде өткізген Мандела өкпе ауруына шалдығып,
1985 жылы ғана ел президенті П. Бота оның өз аузынан саяси күреске араласпайтындығы туралы уәдесін алған соң бостандыққа шығарады.
1990 жылы Африка ұлттық конгресіне басшылыққа келеді. 1993 жылы Мандела және ел президенті Ф. де Клерк саяси күрестегі еңбектері үшін Нобель сыйлығын алды. 1994 жылы
10 мамырда Нельсон Мандела Оңтүстік Африка Республикасының прези­денті болып сайланды.
Әрине, ел басқару өкілеттігі өзіне сеніп тапсырылған соң, әр адам білгенін емес, білетінін істейтіні анық. Осыны жақсы түсінген қара нәсілді көсем
1996 жылы Оңтүстік Африка Республикасының жаңа конституциясын қа­былдайды. Бұл ел өміріндегі елеулі жаңалық болды. Африкалықтар жаңа президент, жаңа конституциядан көп жаңалық күтті, келешекке сеніммен қарай бастады. Нельсон Мандела өз тағдыры мен елінің болашағы турасында бірнеше туынды жазды. «Бостандыққа барар жолда жеңіл жол жоқ» (1965 жылы), «Мен өлуге дайынмын» атты (1979 жылы) кітаптары жұртшылықтың ықыласына бөленді.
Азаттық үшін өмірінің бір бөлігін, онда да жастық шағының қызықты да қимас сәттерінде темір тордың арғы жағында арман жетегімен жүрген Манделаның маңызды да мәнді тірлігін, өнегелі ғұмырын жоғары бағалаған Біріккен Ұлттар Ұйымы 2009 жылы
11 қарашада арнайы қарар қабылдап, 18 шілдені «Нельсон Манделаның халықаралық күні» ретінде атап өтуге шешім қабылдады. Мұның өзі әлем елдеріне, халқына өнеге болсын деген ниеттен туындаған шешім екендігі даусыз.
Саяси қайраткердің қайшылыққа толы ғұмыры, бейбітшілік пен бостан­дыққа қосқан зор үлесін мойындаған БҰҰ африкалық көсемнің тынымсыз тірлігін өзгелерге өнеге ете отырып, ел басқарудың ерекше түрін таңдаған Мандела арқылы әлем халқына жаңа бір ой салды.
Тақ пен бақ қатар қонған Мандела тембу тайпасындағы отбасында өскен 13 баланың бірі екендігін кез келген кісі білмейтіні анық. Оның азан шақырып қойған аты - Ролихлахла. Бұл «Шытынаған ағаш» деген мағына береді екен. Ал жергілікті тілде «бұзақы», «мазасыз» деген де мағына беретін көрінеді. Мектепте оның атын атау қиын болғандықтан, достары британ адмиралы Нельсонның атымен атап кетеді.
Нельсон Мандела - заңсыз сотталғандардың бірі. Мұндай күрескерлер әлемде жеткілікті. Бірақ күрестің өзін шын мәнінде азаттыққа арнап, жақ­сылыққа жүгіндіріп, еліне еңбек сіңіріп, жұрты үшін жанын беруге даяр екендігіне сендіру арқылы ыстық ықыласқа бөленудің өзі қандай мақтаныш!
Роббон аралы, Кейптаун түрмесінде талай күн мен түнді өткізіп қана қоймай, халқының қамын ойлаудан басқаны жылы жауып қойған қайраткер билікте жүргенде де қарапайымдылығынан қайтпайтын, азаматтығының өзі өнеге болар қадірлі қасиетімен танылады. Оның ел аралап жүріп те тұрмысы төмен отбасылардың үйіне именбей кіріп, әлдекімнің ауыз тиген нанынан да үзіп жеп кете беретін әдеті бар екен. Бұл - ел президентінің өте қарапайымдылығын аңғартатын басты ерек­шелігі. Екінші бір қасиеті - жолыққан адамның мұң-мұқтажын тыңдау. Қай­сыбір мемлекет басшылары туралы сырттай алыпқашпа әңгіме көп қой. Ал Мандела туралы әңгімелер - өмірдің өзінен алынған, ақиқаттан ғана тұратын шындық.
1999 жылы отставкіге кеткен Манделаны жұрты әлі күнге «Мәртебелі президент» деп атайды екен. Өзге елдерде де сый-құрметтен кенде емес. Сондықтан да болар, ондаған елдер - оның ішінде Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Үндістан секілді дамыған елдердің ең сыйлы марапаттарын алған. Былтыр Нельсон Мандела Reputation Institute компаниясы 25 елде 50 мыңнан астам адамға жүргізген сауалнама қо­рытындысы бойынша әлемдік жетекші азаматтардың көш басында тұр. Мұның өзі қара нәсілділер арасынан шыққан қайраткердің қаншалықты қадірлі де сыйлы екендігін айғақтайды.
Жеке өмірі туралы айтар болсақ, 1998 жылы Мандела ұшақ апатынан көз жұмған Мозамбик президентінің жесірі Саморе Машелге үйленеді. Ал­ғашқы екі әйелі Эвелин мен Винниден бес бала сүйген ол 95 жасында қадірлі қариялар қатарында тұр. Немере-шөбере сүйіп, солардың қызығына кенеліп отырған бұрынғы президентті жұрты алақанына салудан жалыққан емес. Биыл Нельсон Манделаның халықаралық күнін тойлау аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб пәтерінің қызметкерлері «Өзгерістер қарсаңындағы нақты қадам» тақырыбымен үй-күйсіз жүрген әйелдер мен ерлерге тегін тамақ таратты. Тіпті волонтерлердің қатысуымен әлемнің көптеген елдерінде Манделаға арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. 50 елдің халықаралық универ­ситеттерінің құрметті мүшесі болып табылатын бұрынғы президент көп­теген бастамалардың қолдаушысы. Сондықтан мұндай құрмет кез келген мемлекет басшысына көрсетіле бермейді.
«Бір кісі мен туралы айтты: «Кіндігі кесілісімен ол Ролихлахла деген атқа
ие болды. Бұл шытынаған ағаш деген мағына береді. Бұдан соң ол Нельсон Мандела атанды және әлемді таңғалдырды. Менен өзгелер жарты Құдай жасағанын ұнатпаймын. Мен өзімді өзгелер Мандела ретінде ғана білгенін қалаймын және менің де әлсіз жақтарым бар.
Менің елімде сіз алдымен түрмеге түсесіз, содан соң президент боласыз.
Қоғамды өзгерту соншалықты қиын емес, қиыны өзіңді өзгерту.
Бостандық уақытша берілуі мүмкін емес.
Түрмеде мен қоқысты аз ақтарған жоқпын. Кейде газет қиындылары та­былып қалатын. Қапаста бізге газет таратылмайтын, сондықтан мен қиын­дыны жақсылап тазалап, кешкілік үнсіз оқитынмын. Баспасөзді соншалықты бұрын-соңды бұлайша бағаламаппын.
Кеше мені террорист деп атағандар түрмеден шыққан соң, тіпті жауларым да мені мойындады.
Мен ештеңені ұмытпаймын, бірақ кешірімдімін.
Мен уақытылы медициналық тексеруден өтіп тұрғанды ұнатамын. Сонда дәрігерлер: «Мистер Мандела, бұл аптада сіз өлмейсіз!» дейді», - бұл жолдардың авторы Мандела.
Осылайша жан сырын жайып салған ол кешегі ғана емес, бүгінгі ғасыр­дың да адамы - қайраткері екендігін сөзімен айғақтайды. Сол себепті де оған көрсетілетін құрмет дегеніңіз шексіз. Сонау 1988 жылдың өзінде КСРО-да оның бейнесі салынған пошта маркілері шыққан. Оның атымен әлемнің әр шалғайында қала округтері, стадиондар, көшелер аталып, кино да түсірілген. Ескерткіштер қойылған.
Иә, «халықпен бірге күн кешу, елің үшін ештеңеден тайынбау» деген осындай-ақ болар. Миллиондаған, миллиардтаған адам білетін Мандела әлемдік қайраткер ретінде осылай танылған.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ