Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qaz

Нағашы ауылына саяхат

Нағашы ауылына саяхат
Хан ауылы қыстаудан көтерiлiп, жайлауға бет алды.
Сергей аттанғаннан берi Шоқан сол кiсiден көрген жобасымен сурет салуға құлықтанып
алған-ды. Әсiресе Сергейдiң Жүкеннiң асау күрең байталды ұстаған суретiн салғаны
Шоқанға қатты ұнаған-ды. Сергей сол суретiнiң алғашқы жобасын Шоқанға берiп кеткен.
Соған қарап Шоқан жылқының, желiдегi құлындардың, Құсмұрын қырқасындағы жартастың
суретiн салып ермек етiп жүрдi. Осы көктемнен берi Шоқан Әбубәкiр молдадан сабақ
алуды тоқтатып, атқа мiну, көктемдегi Қанғожаның қаршыға салу серуендерiне iлесiп,
түз өмiрiне бой ұрып, мүлде сергектенiп алды.

Керей, Есеней елiнде болған бiр үлкен дауға шақырылып
кеткен Шыңғыс ел жайлауға келерде ғана оралды. Ондай келелi үлкен жиынға барып
қайтқанда Шыңғыс алдымен ханымға келiп сәлем берiп, шешiп қайтқан жұмысының жайын
айтып, ана ойын тыңдайтын. Сол әдетiмен келiп Шыңғыс Есеней елiнiң ертеден келе
жатқан дауының бiтiм тапқанын айтып өттi. Ықыластана тыңдап, көпке дейiн үнсiз отырып
Айғаным:

– Апыр-ай, бұл бiр көптен берi аяғы жерге тимеген
дауасыз дау едi, ақыры тынымы болған екен. Әрдайым жолың осылай болғай, – деп Айғаным
баласының абыройына разы бола күлiмдедi.

– Ал, Шыңғысжан, мен былтырдан берi мына Шоқанжанға
нағашыңа апарайын, жер көрсетем, ел көрсетем деп уәде берген болатынмын. Мұның биыл
мүшел жасы және сәтi болса қалаға оқуға жүргiземiз деп жүрмiз. Анау би аулына барып
қайталық. Зейнеп те көптен аулын көрген жоқ, саған айталмай жүрген шығар. Бiз жүрiс
қамын iстеп бiр барып қайталық. Басқа жұмыстарыңды мына жайлау үстiнде тоқтата тұр,
– дедi.

– Апеке, мен өзiм де осыны ойлап, асығып қайтып
едiм. Онда жүрiс қамын iстетiңiз.

Әже мен әке келiсiмiн естiген Шоқан қуанып сырт-қа
шыға келгенде, алдынан Жақып қарсы кездесiп:

– Нағашым аулына мен де барам.

– Е, сенi кiм шақырды?

– Өзiңдi кiм шақырды? Ол менiң нағашым. Шоқан онымен сөз таластырған
жоқ. Өйткенi Шоқанды әжесi менiң балам, өзiмнен туғансың, деп ерекше еркелететiн.
Егер, Жақыпқа қарсы нағашы менiкi десе, ол қазiр барып әжесiне шағыстырудан тайынбайды.

Жүру қамы ұзаққа созылған жоқ. Екi үйден әзiр-ленген екi пәуескенi
үш-үштен жегiлген арнаулы жол аттары бабына келген күйiнде елегiзе ала жөнелдi.
Шо-қанды өз қасына отырғызған Айғаным күтушi әйелiн ғана отырғызып, Құсмұрыннан
шығатын керуен жолына түсiп тартып бердi. Зейнеп пәуескесiнiң iшiнде Жақып бастатқан
үш бала және күтушi келiншек Қанипа ғана бар. Ханым пәуескесiне iлесе Зейнеп пәуескесi
де жорта жөнелдi. Шыңғыс бастатқан салт аттылар тобы оннан аса адам болатын. Оның
iшiнде Қарауылдың қарынсау қарасы атанған шешен би Ықылас, Шыңғыстың ауылдас, үзеңгi
серiгiнiң бiрi Сал, әңгiмешiл Әжi-бай, әншi Нұрта, тағы басқа кiсiлер бар-ды. Шыңғыстың
астындағы Мамеке ағасының үйiнен сұратып мiнген қарагер, иық қозғамайтын майда жорғасымен
жылмия сызып келедi. Желе-жортып тобын жазбай iлескен нөкерлер, ауылдан шығардағы
сән-салтанаттарын бұзбай, сыр бермей түйдек келедi. Алғашқы екпiн-мен жорта жөнелген
пәуескелiлер әлi де бiр жүрiс-терiнен жазбай жүйткiп барады. Ыстық түспей жетiп
түстенiп, түс қайта жүрмек ауылдары Көлбастаудағы Күзембай болатын. Төре аулынан
салт атқа қысқа күндiк жер болғанымен, одан бергi жерге тоқталуды Шыңғыс лайықты
көрмеген. Былтырдан берi бас қос-қан жерде:

– Төре, бiздiң де есiгiмiз бен төрiмiз бар, атыңның басын бiздiң
жаққа да бiр бұрсаңшы, – деген Күзембайдың сөзiн Шыңғыс осы жолы есiнде ұстаған.

Алдыңғы пәуескенiң делбесiн ұстаған, әрi жол жобасына жүйрiк,
қала, далаға көп ерткен Дәрiбекке Шыңғыс, ширақ жүрiп, ханымды балаларымен ыстыққа
ұрындырмай жеткiзудi тапсырған-ды. Өзi болса жайлы жорғаның жүрiсiне сенiп, шаршауды
ойламап едi. Қасындағы нөкерлерi жайлы да ойына ешнәрсе алған жоқ-ты. Осындай өскелең
көңiлмен, аға сұлтан төренiң саяхат жүрiсiне аттанардағы ойына бiр алғаны жолшыбайғы
елге салтанат көрсете, сәндi жүрiс ету де бар едi. Атшылыққа ертiп шыққан оңтайлы
жас жiгiт Тулақбайдың астына Жүкен жылқышының қамшы кестi көбең жирен шобырды бергенiн
Шыңғыс қайдан бiлсiн. Бұл аттанған бетiнде оның ойында шабаны жүйрiк, шалағайы берiк, қасындағы нөкерлерiнiң аты мен жабдығында олқылық бар деп ойламаған-ды.
Артына бұрылмай пәуеске сорабына төтелей тартқан Шыңғыс бастаған топтың сәске көтерiле
арты шұбала бердi. Мiнгендерi жай жүрiсте аяңшыл болғанымен, жортаққа салғанда түйiп
отыратын бiрнеше кiсiлер Ықылас тобына iркiлдi. Әсiресе, шабан жиреннiң көзiбасын
тер жауып Тулақбай кейiнгi топқа тепеңдеп зорға ерiп келедi.
Кейiнгi Ықылас маңындағы топ бiр өзекке келiп түсiп, аттарының
айылын босатып, өздерi желпiнiп iркiлiп қалды. Шыңғыс тобы пәуеске қарасынан көз
жазбай, бiраз жерге ұзап кеттi.

– Өй, басқаларың қайда? – дедi ол Әжiбайға қарап.

– Олар әлгiбiр әзiрде кейiндеп қалып едi, әлi жете алмай келедi.
Сiрә, Ықаңның айы-күнi жетiп жүрген кiсi ғой, жолда толғатып қалмаса жарар едi,
– дедi күлiп.

– Сенiң мына сөзiңдi естiсе, Ықаң қышқаш тiлiмен тақымыңды қыршыр
едi, есiл ер кейiндеп қалды-ау, – деп Сал кеңк-кеңк қата күлдi.

– Иә, иә, Ықаң сенi шайнап тастайды ғой. Ол кiсiнiң әкесi де дәл
өзi сияқты мес едi ғой, – деп Шыңғыс өзiнiң тура кететiн әдетiмен Ықыластың семiздiгiн
сөз еттi.

– Төре, бiз бөлек-бөлек болып ұрысқан кiсiше бытырап бармалық.
Ханымдар бара берсiн. Бiз ана Ықаң-дарды күтiп алып тұтас жүрелiк. Сiз аттан түсiңiз.
Мына салқын қайнардың суына ауыз шайып, кiшкене сал-қындап алалық, – дедi Сал.

– Иә, иә, дұрыс-дұрыс, – деп Шыңғыс атынан түсiп, сыртқы киiмiн
тастап, әрi-берi жаяу жүрiп, ат үстiнде құрысып қалған бойын жазды Аттарының айылын
босатып, желпiндiрiп, қайнар суына қолы-бастарын жуып, өздерi де сергiдi. Қайнар
Бастаудың мал iзi түспеген көк шалғыны таңертеңгiлiк самалынан ырғалып жасыл жалтылмен
құлпырып, алуан түрге бөленiп тұр. Әлi балдырынан қайтпаған қырдың көк сүйрiгi де,
көздiң жауын алады. Хош иiстi Арқа самалы баяу майда еседi. Табиғаттың осындай толықсып
тұрған шағына құмарта айналаға көз тастаған Шыңғыс Ықаңдар тобына көзi түстi. Тепеңдеп
кейде топқа жетiп, кейде кейiндеп келе жатқан шобыр жирендегi Тулақбайды Шыңғыс
алыстан тани қойған жоқ.

– «Төреге ерген ерiн арқалар» деген қазақта мақал бар едi. Алдияр
төре, далада сол күйi қалып қойсақ та артыңызға көз жiберер емессiз ғой, – деп Ықылас
келе бiр жағы әзiл де, бiр жағы наз тәрiздендiре сөйледi. Тепеңдеп әрең жеткен Тулақбайды
көрсетiп: – Мына атты жiгiттiң мiнген шобыры ауылдан шықпай жатып болдырып келедi,
– дедi.

– Иә, солай, болдырып қалды ма? Бұған неге жөндi ат бермеген,
– деп Шыңғыс Әжiбайға қарады.

– Әлгi Жүкеннiң iстегенi ғой. Бiр дұрысырақ тұғыр берсе қайтедi
екен. «Байдың малын байғұс қызғанады» деген осы да, – дедi Әжiбай.

– Ендi тобымызды жазбалық, мына Тулақбайдың аты би аулына Қаракөлге
жеткiзе ме, қалай? – деп Шыңғыс Салға қарады.

– Төре, сiз оған абыржымаңыз, бәрi өзiмiздiң ел ғой, бiр ылажын
табармыз, – дедi Сал.

Шыңғыс тобы келiп Күзембай аулына жеткенде, алдарынан шыққан екi
жiгiт ханымдар түскен ақ үйге Шыңғысты, Ықыласты, Салды кiргiздi де, басқаларды
ақ үйдiң қатарындағы жай қонақ қоңыр үйге әкелiп түсiрдi. Ханым есiгiнiң алдына
әкелiп бата тiлеген құла құлынның енесi ауылды айнала шауып кiсiнеп ойран салып
жүр. Осы кезде далаға шыққан Шоқанға Жақып та ере шықты. Бұлар үйдi айнала бергенде,
анадай жерде екi-үш кiсi құла құлынды бауыздағалы аяғын буып жатыр едi. Дәрменсiз
тыпырлап жатқан құлынға Шоқанның жаны ашып кеттi. Әсiресе құла биенiң ауылды айнала
кiсiнеп шапқылағаны сондай аянышты. Шоқан өз аулында да қонаққа сойған құлынды көргенi
бар-ды. Бiрақ оларға мұндай мән бермейтiн. Ондайда көбiнесе ойынға алданып елең
де етпейтiн. Ал мына құла құлын-ға, құла биеге сондай жаны ашыды. Жақып болса:

– Өй, Шоқан, көрдiң бе, ана құлынды бiзге сояды, бүйрек жеймiз,
– дедi. Шоқан оған алара бiр қарап қайта үйге беттедi, әжесiне келiп:

– Бiз нағашым аулына қашан жүремiз? – дедi.

– Қарағым, неге асықтың, нағашың ауылы әлi алыста. Ауылдан шықпай
жатып жалығып қалдың ба жүрiс-тен, жаным-ау, бұл қалай? – деп Айғаным Шоқанның басынан
сипады.

– Жоқ, әже, жүрiстен жалыққаным жоқ, мына құлынның енесiне жаным
ашып тұр.

– Қарағым төре бала, сiздерге бұйырған құлынның арманы не! Қасқыр
құлынын жеп те талай биенi шырқыратып кетедi. Бұл қызыққа, құрметке сойылған құрмалдық
қой, – деп Күзембайдың бәйбiшесi масаттана күлдi.

– Әнi, Шоқанжан, ана шешеңнiң айтқанын ұғып ал. Мал адам керегiне
жаралады. Қызыққа ұстағанның қырсығы жоқ дейдi. Қасқыр да жеп кететiн құлын деп
отыр, – деген Айғаным сөзi Шоқанның әлгiбiр балалық жан ашығыш ойын сейiлткендей
болды.

Ел арасының қоныс-қоналқасына жүйрiк Әжiбай-дың айтуымен, күн
қайта құлын етiн жеп аттанған жолаушылар, суыт тартты. Кешкi салқынмен алыс жолдың
бiраз жерiн еңсере басуға жобаланған болатын. Бiрiне бiрi хабар берiп қойғандай
төре алдынан қол қусырып қарсы алған жұрт бiрiнен-бiрi асыра құрмет көрсетуде.

– Бүгiн кешке Ажар апам аулына жетемiз бе? – дедi Зейнеп әдеттегi
сыпайы үнiмен Әжiбайға танертеңгi Тереңжардағы Заманбек аулынан аттанарда.

– Ат-көлiк аман болса түс ауа апаңыздың ақ дидарын көресiз. Көптен
берi көрiспеген болсаңыз, ауыл сыртына түсiп, сiңлi кәдесiн iстерсiз, – деп ағалық
сыпайы әзiл айтты.

– Әже, сiңлi кәдесi деген не? – деп Шоқан Айғанымнан өзi көрмеген
бiр бөгде жайды сұрады.

– Шоқанжан, сен өзiңе таныс емес нәрсенi бiлуге ынтызарсың-ау.
Ол жақсы ғой. Бiрақ, кейбiр ұсақ-түйек жайды сұрай берсең түртiншек атанарсың,
– деп күлдi.

– Немене, әже, ол ұсақ нәрсе ме?

– Ол әйелдерде болатын ауыл салты. Мысалы, апаңның өзiнен үлкен
Ажар деген апасының аулына бүгiн барамыз. Олар екеуi екi елге ұзатылған бiр үйдiң
қызы, бiрiн бiрi көптен көрмеген, сағынған. Сондай жағдайда сiңлiсi апасының аулына
келсе, ауыл сыртында көлi-гiнен түсiп қалып, жаяулап алдынан шығар, амандасар апасын
күтедi. Сөйтiп екеуi көрiсiп, сағыныштарын айтып, мауқын басады, – деп Айғаным Шоқанға
ауыл салтының сирек болатын бiр жайын түсiндiрдi.

Түскi бөгелiске Әжiбай көп жайластырмай ерте
аттандырды. «Ендi Жаңбырбай ауылы отыратын Зерендi көлi қозы көш қана жер. Дегенмен
ертерек барғанымыз жақсы» деп бiр-екi күннен берi ылғи пәуескеге отырып iшi пысып
қалған Шоқанның арбада зерiгiп отырғанын көрiп әкесi:

– Шоқанжан, сен арбада iшiң пысып қалды бiлем.
Алдағы ауылға барғанша мына атқа мiншi, – деп Шың-ғыс Шоқанға атын бердi де, өзi
Зейнептiң пәуескесiне отырды. Бойларын жинап, етi қатып жарап алған аттар, жүйтки,
зырлата жөнелдi. Ықылас би мен Әжiбай-дың арасынан келiп қоңыр жорғаның артқы аяғын
жайқап басып, құйрығын толқыта жылжитын майда жор-ғасына салып Шоқан жүрiп отырды.
Күндегi жүрiсте Шыңғыстан бой сақтап өздерi сөз бастай бермейтiн Ықылас пен Әжiбай,
Сал үшеуi қатарласа, жолдағы елдiң қонақ асы құрметiн айтысып, кейбiреулерiнiң
қандай мақсатпен төренiң, ханымның асты-үстiне түскенiн сөз етiп келе жатты. Әсiресе
Күзембайдың аз ғана айғыр үйiрiнен құлын сойғанын дарақылық дестi.

– Тобынан ұстағансып, шолақ айғырының үйiрiн-дегi
он шақты құлынның бiрiн сойып, оған өзi бiр мырза кiсi болғансып өлгенше дардиды,
– деп Ықылас тыжырына айтты. Күзембайдың бұл сияқты шала бүлiнiп, төре алдында жайылып
төсек, иiлiп жастық болуында үлкен сыр барын бiлетiн Сал:

– Қонақ асына қолқасы да олқы емес шығар. Мына
аз ғана ауыл Уақтың тiзгiнiн қолына алғысы келетiн көрiнедi ғой, – дедi.

– Е, Салым, солай дешi. Мен ол жағынан гөрi басқаны
ойлап едiм, – дедi Әжiбай. Сонымен, бұл сөз тоқталып, жай әңгiмеге көштi.

Қалың бозды, кер миық сары жазықта жайыла қонып
отырған елдердiң кейбiр ауылдарын сағым көтерiп, бейне толқын үстiнде жүздiрiп жүргендей
бұлдыратады. Кейбiр алыстағы ауыл сыртындағы малдар алуан түспен сағым бұлдырына
бөленiп түрленiп көрiнедi. Осындай ғажайып дала көрiнiсiнiң қызықтарына бала хиялы
шүйгiп келе жатқан Шоқан, өзi көп жайда сөйлесе жүретiн Салға:

– Бағана Ажа ағаң «Зерендi көлiндегi Жаңбырбай аулына барамыз»
дедi. Ол Зерендi деген не, сiз бiлесiз бе? – дедi.

– Иә, Шоқанжан, осы Зерендi деген сөздi сен түгiлi мен де анықтап
бiлген нәрсем емес. Ел аузында айтылып жүрген белгiлi қоныс аты болғандықтан кiм
ойлапты. Тiптi жақсы айттың-ау, осыны сол ауылға барған соң Етекеңнiң өзiнен сұрап
бiлелiкшi, – дедi.

– Әй, тәйiр-ай, Сал, сен де кейде көздей нәрсенi көлдей етiп тәлiмситiн
әдетiң бар. «Зерен» деген ерте кезде әйелдер мұрнының желбезегiне зер салыпты ғой,
сонан қойылған да, – дедi Ықылас өзiнiң белгiлi өзiм бiлемiне салып.

– Онда көлдiң желбезегiнде зересi болған ба, – деп Сал күлдi.
Әжiбай да терiс айналып күлiп жiбердi. Шоқан мына үш үлкен кiсiнiң бiр ауыз сөзге
ерегiсiп қалғанын байқап, әлемдi тануға ой бөлмеген жұрттың ой өрiсiн көргендей
болды. Салдың кейiнгi кекесiндi қалжыңына орай сөз айта алмай Ықылас тырысып, қоңыр
қасқа жорғасын селкектете тарта жөнелдi. Бұдан кейiн әңгiме-әзiл тоқталып, аттылар
тобы буын-буын болып ширай жүрдi. Олар аласалау кереге жалдың көк бұйра қарағайға
бөленген етегiн ала тартып отырып бiр қабақша белестен аса бердi. Салт аттылардың
иек астынан Жаңбырбай ауылы отырған үлкен шалқар көлдiң айдыны шалқалай аспан әлемiне
төс керiп жатыр едi. Иiрiлген толқын ойнағына кеудесiн төсегендей үлкен көл қанат
жая кергидi. Көл иығындағы ауылдардың орта кезiндегi ақ ауылға бет ала ойысқан пәуескелер
таяна бергенде, кейiнгi пәуескеден түсiп жатқан Зейнептi көрiп Әжiбай:

– Әнi, Зейнеп ханым апасына жаяулап барып көрiсуге түстi. Кәрi
қыздардың сыңсып көрiскендерiн тыңдасаң дүниенiң қызығы, – деп Салға қарап күлдi.

– Неше кәрi қыз көрiскенде қасында болып едiң? – деп Сал тез жауап
қайтаратын әдетiн iстедi. Әжiбай тоқталып, атын сипай қайшылап iлгерi жүрдi. Салт
аттылар келгенде Шоқанның алдынан шыққан Етекбайдың үлкен баласы Назымбек Шоқан
бөлесiн өзi қолтықтап атынан түсiрiп алды.

– «Бөледе бөгделiк жоқ» деген-ау, қарашы, бiрiн бiрi жаңа көрсе
де, жампайласып тұрғанын, – деп Әжiбай Шоқанмен қатар тұрған Назымбекке қарап қызықтай
сөйледi. Назымбек Шоқаннан ересек, жiгiт болып қалған жасөспiрiм сыпайы жеткiншек
екен. Жымиып күлiп, кiсiлердi ертiп үйге алып жүрдi.

Шыңғыспен тiзелесе отырған етжеңдi Етекбайға Ықылас, Әжiбай, Сал
қол берiп амандасты. Назымбекпен қатар кiрген Шоқан да айрықша сәлем берiп, Етекбайдың
қолын алды.

– Ә, ханымның Шоқаны осы ғой, шырағым, бақытты бол, көп жаса,
– деп Етекбай Шоқан жайлы өз ықыласын айырықша арнап айтты.

Сапырылған қымыз, сойылған мал, бiрiн бiрi сағынып көрген апалы-сiңлiлi
би қыздары мәрә-сәрә болып, әңгiме думанға бөленуде. Шыңғыстар отырған Етекбай
үйiнде әзiл-күлкi алуан кеңес жайына көшiп, ел жайы, шаруа жайы сөз болуда. Бiр
әредiкте Етекбай ауылдарының жайлауы, қоныстары жайлы, әсiресе, айналасы шоқ-шоқ
қарағайлы әсем шоқыларға бөленген Зерендi көлiнiң келiстi бiтiсi сөз болды.

– Көлiмiзге көздерiң түсiп кеткен екен. Босат, бiз қонамыз дегелi
отырған жоқсыңдар ма? – деп тiлмар Етекбай Әжiбайға қарап күлдi.

– Оныңыздың орны бар, Етеке, «төренiң көзi түстi дегенiңе, түйенiң
иесi көштi деп бiл» деген сөз бар екенi рас. Бұл заманның төресi де, қарашысы да
қазiр қайта туған ғой, қауiптенбей-ақ қойыңыз және қоныс ауыссаңдар сөкеттiгi бар
ма, екеуiңiз бiр айдыннан сұқсыр iлген сұңқарсыңдар, – деп Әжiбай жайма-шуақ жүй-рiктiкке
салды. Етекбай мен Әжiбайдың осы бiр қайымдасқан сөздерiн үндемей тыңдап отырған
Шоқан ойына ойлана тоқып, қалтасына қарындаш, қағаз салмағанына iштей өкiнiп қойды.

– Етеке, бағана бiз сiздiң ауылдың осы көлiн атағанда, мына Шоқанжан
«Зерендi деген не нәрсе?» деп сұрап едi, бiз анықтап айтып бере алмадық. Ықаңның
айтуынша, ерте кездегi әйелдердiң мұрнына зере сал-ғаннан аталған болу керек дедi,
осы сөздi сұрармыз деп едiк. Соны сiз бiлетiн боларсыз? – дедi Әжiбай, Зерендi көлi
жайлы Әжiбай сөз бастағанда, Ықылас тыжырына қозғалақтап қалды да:

– Басқа сөз таусылғандай-ақ Әжiбай сенiң бүгiн көлдiң атын анықтаудан-ақ
қолың тимедi-ау, – деп ыңғайсызданып едi.

– Бiлмегендi сұрағанның артықтығы жоқ, Ықа, сiз Әжекеңдi сөкпеңiз,
сөкпеңiз. Бiлiм – сұрау, iздеумен молығады. «Iздегенге алтын жолығады» деп бұрынғылар
әншейiн айтпаған болар, – дедi Шыңғыс Ықыластың орынсыз өзiмшiл намысына тоқтау
салып.

– Шоқанжан дұрыс сұраған. Зерен деген сөз бұл күнде көп айтылмайды
ғой. Өйткенi ол зерен деген аң бiздiң бұл Арқада ерте кезде болса керек. Бiздiң
әкейлердiң бiр әңгiмелесiп отырғанда, осы көлдiң қалай Зерендi аталғанын айтқандары
бар едi. Ол кiсiлердiң айтуында қарағайлы, таулы жерде жүретiн зерен деген киiк
тектес бiр қоңыр аң бар көрiнедi. Сол аң осы мына қарағайлы адырда көп болады екен.
Мына көлден су iшiп, қарағайды қоныстап жүрсе
керек. Бертiн ел қоныс-
тап, жазда жайлау, қыста қоныс болған соң қоныс iздеп
басқа елi аз жерге ауып кетсе керек. Ертедегi елдiң әдетiнде жерге, көлге ат қойғанда,
сол жердi, суды қоныстаған аңның, құстың, балықтың атына байланыс-тырып атай бередi
ғой. Ана Арқада Бұғылы, Тағылы деген таулар бар. Аюлы, Аршалы, Балықты көл, Шортанды
көл деген сияқты атаулар көп қой. Сол сияқты зерен көп қоныстағаннан Зерендi аталыпты
дейтiн едi, – деп Етекбай өте сенiмдi, орынды етiп айтып бердi.

Зерендi жайындағы Етекбай сөзiн де Шоқан байыптай ұғынып, көкiрегiне
көк дәптер бетiне жазғандай жаттап отыр. Әрбiр сөзiн байыпты да, әдемi де етiп айтатын
Етекбай әңгiмесi Шоқанға сондай ұнады. Бiр әредiкте Шыңғыс:

– Етеке, сiздiң ана Естек Ыбырайға айтқан бiр сөзiңiздi ел аузынан
естiп сүйсiнiп едiм. Өзiңiзден де бiр сұрайыншы, – деп Етекбайды сөйлеткiсi келдi.

– Аңдыспаса аға сұлтан бола ма. Әлдеқайда жүрiп бiрiнiң мүдiрген
жерiн екiншiсi жерден жемiс тапқандай ұшықтап жүредi-ау, – деп Етекбай ол әңгiменi
де баяндай жөнелдi. Жайықпайдың Ыбырайы жарым патшаның жанында отыратын төре болыпты
деп алып қашып жүрдi. Тiптi келе қояр деген ойымда жоқ, бiр күнi Ақмолаға бара жатып
әдейi бұрыла жүрiп келе қалғаны. Қолдан келген сый-құрмет зияпатымызды iстеп күттiк.
Сөз арасында Ыбырай:

– Етеке, сiздi тiлмар шешен кiсi деп ел көтерiп жүрген соң, үлгiлi
сөзiн ести кетейiн деп әдейi бұрылып едiм. Ел айтқандай үлгiлi сөздi тыңдай алмай
отырмын, iлiп-тартпа шотаяқ тiлдi ғана екенсiз ғой, – дегенi.

– Шырағым Ыбырай-ай, бiз от басындағы адамбыз ғой. Рас, бiздiң
сөзiмiз шотаяқ тәрiздi iлiп тартпа ұтымсыз екенi рас та шығар. Аға сұлтан ел билерiнiң
де ашалап-ашалап тастаған үлкен сөздерiң ести алмай жүрмiз-ау дедiм. Ыбырай сазарып
қалды, одан әрi сөз айтып арбаспадық. Салқын ғана қош айтысып тарадық, – деп Етекбай
Шыңғысқа сұраған сөзiн айтып бердi.

– «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледi» деген-ау. Сiзде, сiзде несi
бар едi соқтығып. Осы сөз ел арасына тарап кетiптi. Ыбырайдың аузын ашырмаған Етекеңмен
кiм белдесер, деседi ел, – деп Шыңғыс өзiнiң аз сөзде асыл мағына жатқанын аңғарғыш
ойын көрсеттi. Шыңғыс Етекбайдан осы әңгiмесiн сұрағанда-ак үнсiз тыңдаған Шоқан,
тағы бiр асыл маржан тапқандай қуана әсiресе «аға сұлтан ел иелерiнiң де ашалап-ашалап
тастаған үлкен сөздерiн көре алмай отырмыз дегенiн iшiнен қайталай айтып, жаттап
алды.

Таң салқынымен ерте аттанған жолаушылар, соқырлау көш жолдарының
сарынымен зырлата тартып жөнелдi. Ендiгi жүрiстерi суыт, ширақ. Қалай да Қара-көлдегi
Қаржастың қалың елiнiң ортасына би аулына жету. Ендiгi жерде көп бөгелiс бола қойған
жоқ. Сыпайы қонақ асы, сыдырта жүрiс. Төрт күн өтiп, бесiншi күнi үдере тартқан
жолшылар Қаракөлдiң қайқаңы атанатын көлбеген белестен аса қалың ауылдың қарасына
ойысты. Топ-топ қалың жылқылар көл сағасынан өрiске беттеп қырға бет алып, кешкi
самалды маңдайлай қаптауда.

Пәуескелiлер тiзбегiне iлесе желе жортқан салт аттылар да Шыңғыс
жорғасының сыдырма жайқауына iлесе салпақтай ерiп желе шоқыртып келедi. Әсiресе,
төкiр жорғасының селкегiне тұла бойы солқылдап Ықы-лас би зорға келедi. Жалқау
қажып қалған шобырдағы Тулақбайлардың шықпаған жаны. Қажыдым, кейiн барармын, дер
дәрменi жоқ хан тобының атшысы қалып қойса халы не болмақ. Мына топпен бiрге барып
үйге кiрмесе, кiм оны елеп есiк ашады. Батыл бара жатқан күн сәулесiнiң қызғылт
шапағы Қаракөл айдынының әсем толқындары Тулақбайға азап, қиналу ажуасын ойнатып
мазақтап келгендей болады. Өйткенi Күзембай үйiнен ауысып мiнген кер дөнен де белi
қайқайып мүлде қажып әрең жортып, текпiлене жаны шығып келедi.

Ауылға таяна бере, Зейнеп тағы да пәуескеден түсiп, алдынан топталып
шыққан сiңлi, жеңге, бауырларын күтiп тұр. Айғаным пәуескесiне iлесе, Шыңғыстар
тобы жағалай отырған қалың ауылдардын ортасындағы айрықша салтанатты Мұса аулына
келiп ат басын тiредi. Айғаным жолын үлкен тұтқан Шорман аулының жастары алдарынан
шығып қарсы алды. Зейнептi қаумалаған сiңлi, жеңгелерi бiр топ ерекше сәнмен өздерiне
арналған үйге кiрдi. Күтiп отырған арнаулы қонақтарын би ауылы асқан құрметпен
қабылдап, алуан сый көрсетiп жатыр.

Әсем ән, күндiз-түнi күлкiлi әңгiмелер, әзiл-сықақтар да жаңғыра,
өсiре айтылуда. Шыңғыс, Мұса, Ықы-ластар тобы көбiнесе ел жайына, үкiмет бұйрығы,
жарлығы жайлы сөздердi айтып, ел билеу жөнiнде ойласа бiрiнен бiрi сөз тартады.
Шоқан бұл ауылға келгелi үлкен кiсiлер қасынан қашықтап кеттi. Өйткенi, құсбегi
сауықшыл Аужан нағашы ағасы бастаған жастар тобы, өз сауықтарымен ойын-күлкiге
қарық болуда. Қадiр-менде жиен Шоқанды ерекше еркелете, өз елдерiнде бар деген тамашаларын
көрсетулi. Ауыл өмiрi қашан болсын бiрқалыптас. Атқа мiну, құс салу, ит жүгiрту
ең айырықша тамаша ойын осы ғана. Оның бәрi Шоқанның өз аулында көргендерi. Және
мына қырық күн шiлдеде бүркiт аңға салынбайды, тұғырда отырады. Тазыны да ыстықта
қызыл табан болады деп аңға қоспайды. Тек, бұл жазда обалсынбаса, балапан өргiзген
құсты аямаған құсбегiлер қаршыға тұйғынды ғана ата қаз, үйрекке салады. Дегенмен
Шоқанға өз аулындағы қаршыға салу әдiсiндегi ерекшелiктi көрсетуге ойланған Аужан:

– Бiз Шоқанға даңғаза, дабылмен құс алдыруды көрсетемiз, – дедi,
өзi Мұса ағасының үйiндегi аға қонақтарға сәлем бере келiп.

Аужанның ондағы ойы қаршыға салудың даңғаза дабылын үлкендер көрем
десе жүрсiн деген ойы едi. Өйткенi осы бiр даңғаза, дабыл дегендi шығарып жүрген
өзi болатын. Аужанның даңғаза дабылы десiп Қаржас, Сүйiндiк елдерiнiң қаршыға ұстағандары
әсiреге айналдырып алған-ды.

– Сенiң даңғаза дабылыңды бiз де көрелiк, – деп Шыңғыс өзi де
барғысы келдi. Шоқан келген күннiң ертеңiнде күмiс ер-тоқыммен жабдықтап мiнгiзген
боз жорға дөнен аса бiр әсем болатын. Жақып та Мұстапа нағашысының үйiнен бiр қара
құнанды жабдықтатып мiнген. Қаракөлдiң жалпақ айдынынан қаршыға салуға болмайтын.
Көбiнесе Аужанның қаршыға салатын, әсiресе даңғаза дабылға ыңғайлы кезi Қазанкөл
деген саумал көлден бөлiнген, бiр ойпатқа бiткен шағын кемеш Қамыстыкөл болатын.
Бұл көлге қамысы қалың болғандықтан, қаз, үйрек көп қоныстап, жаз бойына құс арылмайтын.

– Осы, Аужан, сенiң даңғаза дабыл дегенiң қандай
өзi. Аты жақсы емес екен. Даңғаза деген мағынасыз бос даурық деген сөз ғой, – дедi
Шыңғыс балдызына күле қалжыңдай.

– Жезде, сiз өзiңiз бiрге жүрсеңiз көресiз, ол
даң-ғаза дабыл дегеннiң екi түрлi қызығы бар. Бiрi – қаршыға ұстаған құсбегiнiң
барлық қаршығасы қатар ұшырылып, кiмнiң құсының қыран екенi анықталады. Ат жарысы
сияқты бұл қыран жарысы. Ал екiншi бiр тәуiр жағы, аң тамашасын көруге елдiң бәрi
құмар. Жеке қаршыға салушылар, сендер дыбыстап құс үркiтесiңдер, деп қасына көп
кiсi ертпейдi. Ал мына даңғаза дабылда қызық көрем деген бала-шағаға дейiн тобымен
барып жабыла дабыл қағып, өздерi құсты бiрге салысады, – деп ендi даңғаза дабылдың
әдiсiн әңгiмелей жөнелдi. – Егер сiздер жүремiз десеңiздер ертең таң бозынан барамыз.
– Даңғаза дабыл деген, осы маңдағы барлық қаршығасы бар құсбегiлерге хабар айтып
жиналамыз. Құсқа барған барлық кiсi тапса дабыл алып барады, таппағаны тоқымын,
етiгiнiң қонышын сабалап, көлдi жағалай тұсынан келiп дыбыстайды. Жағалай дабыл
қағылып, жан-жақтан андыздаған қаршығаның ұшқанын көрген қаз, үйрек, ұйлығып, көл
төбесiнде шыр айнала сапырылыса ұшады. Сол кезде қыран қаршыға қалаған құсын iлiп
алып, қағып түсiре бередi. Аужанның мынау айтқан әдiсi көкiрегiне қона кеткен, тiптi,
етi ауыр Ықылас:

– Бiз де барып көрелiк, – деп Шыңғысқа қарады.

– Жақсы, жақсы, баралық, – дедi Шыңғыс сөз бұзбайтын
әдетiмен.

Кеше кешке байлаған уәде бойынша Аужан жыл-қышыға
тапсырып атты ерте алдырып, таң бозынан аттанды. Ол ерте жүрiстi Шыңғыстарға да,
барлық қаршығалыларға да айтып қойған болатын. Қаршығасын алып, Шоқанды өзiмен
қатарластыра атқа мiнген Аужан өз аулынан шыға бере өзiнiң күрең дабылын Шоқанға
бердi.

Бұлар Мұса аулына келгенде мұндағылар да дайын
екен. Шыңғыстың қасында тұрған Жақып Шоқанның қолында тұрған дабылды көрiп:

– Атеке, мен де, маған да дабыл алып бер, – деп
қыңқылдап қоймаған соң, атты Тулақбайды шақырып алып, Шыңғыс:

– Мынаған да бiреуден дабыл алып бершi, – дедi.
Тулақбай әркiмге жалтақтай қарап iздегенiмен ыңғайлы дабыл көзiне түсе қоймады.
Иса аулынан қаршыға ұстап келген үш-төрт жiгiттiң бiреуiнiң ерiнiң алдыңғы қапталындағы
анжымаға байлап алған, кiшкене қара торсықша тұр екен, соны көрiп Тулақбай:

– Жiгiтiм, мынауың да дабыл ма, әлде сусын
құйып алғансың ба? – деп едi, әлгi жiгiт күлiп, даңғаза Дабылға барған кiсi дабылсыз
жүре ме, менiкi дауылпаз дабыл деген ең үлкен дабыл, – дедi.

– Е, сен онда мына дауылпазыңды ана жиенiңе бершi,
дабыл тауып бер деп төренiң мазасын алып тұр.

– Е, жарайды, жиеннiң қалағаны мына торсық болса,
– деп ол жiгiт шешiп бердi. Тулақбай торсықты әкелiп Жақыпқа:

– Мынау дауылпаз деген дабылдың ең үлкенi екен.
Мынаның дыбысы шыққанда, аспаннан үйрек өзi жүрегi ұшып жерге құлай беретiн көрiнедi,
– деп тентек Жақыпқа торсықты ерiнiң алдыңғы қапталындағы анжымаға байлап бердi.
Басында ыңғайсыз көрiп тұрса да «ең үлкен дабыл» дегенде бала даңғойлығы ұстап,
ол мүлде танауы делдиiп кеттi. Жақып әкесiнiң қасынан жүгiртiп отырып Шоқанға жетiп
барып:

– Көрдiң бе, мына менiң дабылым дауылпаз, ең
үлкен дабыл, – деп мақтанып, қайта әкесiне қарай шоқыта жөнелдi. Дауылпаз деген
сөздi бiрiншi естiген Шоқан, қасындағы Аужан нағашысынан:

– Нағашы аға, дауылпаз деген не? – деп сұрады.

– Ана тентек Жақыпты алдаған ғой, ол дауылпаз
емес, жай кiшкене сусын құятын торсық қой. Қолында дабылы жоқтар кейде шу көтерiп
дыбысты жаңғырықтыруға ондай торсықты да алып шығады. Ол ана Иса нағашы ағаңның
балаларының шығарып жүрген қылжағы ғой. Дауылпаз деген үлкен жорыққа қол аттанарда
соғылатын дабыл. Сондағы ең үлкен дабылды дауылпаз дейдi. Оны шеңберлеп иiп, ағаш
кергiге керiп, жұқа серке терiсiнен жасайды, – дедi Аужан.

Қазанкөлге таяна бергенде әдеттегi әдiстерiн
iстеп қаршығалылар топ-топ болып бөлiнiп көлдiң жан-жағынан қаптай келiп, құстарын
дайын ұстады. Сол кезде көлдi жиектеп қаптаған қалың кiсiлер дабылдай лап қойды.
Көл бетiнен ду етiп ұшқан қаз, үйрек дуылдан қорқып сапырылыса бергенде, жан-жақтан
аспанға атып шыққан қыран қаршығалар шапыр-шұпыр айқасып, бiр-екеуi қаз iлiп, бiр
кiшiрек қаршыға бiр үйректi iлiп түстi. Алғашқы бетте аңырып қалған Жақып, бiр
әредiкте торсықты тарс еткiзiп қағып қалғанда қара құнан атып кетiп, өзi құнаннан
жерге топ ете түстi. Тулақбай тұра жөнелген қара құнанды тiзгiнiнен iлiп алып ұстап
әкелдi.

– Ә, дауылпаз қалай, дабылыңның өзiңе әлi келдi
ме? – деп Шыңғыс баласына қарап күлдi. Ұялып қал-ған тентек Жақып үндеместен келiп
құнанына мiндi.

Алғашқы көтерiлген құсқа жiберген бетiнде бiр
ата қазды iлiп түскен Аужанның көк қаршығасы, қайта ұшып тағы бiр үйректi қағып
түстi. Басқа қаршығалар да бiр-бiрден қаз, үйрек алып, құс тамашасына қарық болған
топ күн көтерiле ауылға оралды.

Осындай қызықпен ауылға қайтып келе жатқанда
Шыңғыс балдызына әдейi жанына тие:

– Мына әдiсiң әсемдiк емес, ту-талақайлау екен.
Қара қарғаша үймелеп жүрген құсбегiлiкте онша қызық бола бермейдi ғой, – дедi.

– Атеке, мұндай қызықты бiр кiсi көргеннен көптiң көргенi жақсы
емес пе? – дедi Аужанның қасында келе жатқан Шоқан. Баласының нағашысына араша түс-кенiне
сүйсiнген Шыңғыс үндеген жоқ, жымиып күле бердi.

Осындай ойын-сауық тамаша қызықпен бiр жұмадай жатқан Айғаным
ханым Шыңғысқа қайталық деген ойын айтып, жүру қамы iстелдi. Алдымен Мұса мырзаның
ханым құдағиына, қарындасына, жиендерiне арнап дайындаған сыйлықтарын ұсынды. Би
аулының басқа отаулары да қарап қалған жоқ. «Екi бай құда болса, арасында жорға
жүредi» дегендегi, аға сұлтан аулының жиендерi, аға сұлтан күйеу, ханым құдағи айта
қаларлықтай сыйлыққа бөлендi.

Аттанар алдында Мұса аулына жиналған би балалары қонақтарын ортаға
ала отырып, өздерiнiң сән-салтанаттарын мадақтай сөз қозғасты. Құсбегiлiк, аңшылық,
ат салтанаты сөз болып, Мұстапаның Көкбестi атанған бәйгi атының өткен жылғы бiр
ұлан-асыр аста жүз аттың алдынан келгенi сөз болды.

– Осы Көкбестiнiң, сiрә, қанаты бар ма деп қалдым, – дедi Мұстапаның
қасында отырған атбапшы

атанған Жарқынбай деген жеңiлдеу сөйлейтiн мақтаншақ көтермешiсi.

– Жылқыда қанат болады дейсiз бе, ол әншейiн көтермелеп айтқан
сөз ғой, – дедi Шыңғыс Жарқынбайдың Мұстапаға жағына айтқан орынсыз мақтауына.

– Төре күйеу, мен оны әншейiн айтып отырғаным жоқ. Алтай елiндегi
былтырғы аста, мына қаракесек Қуандықтан, Сүйiндiк, Тарақты, Тамадан аяғының желi
бар не саңлақ келген ғой, жүзден аса атты айдап шыққанда бiздiң мырзаның Көкбестiсi,
жай бiр күйкi ғана шобыр тәрiздi болып көрiндi. Iшiмнен: «Я, бидiң
аруағы, өзiң қолда» деп Көкбестiнiң жанына келiп, қашан ат айдауға кеткенше
тұрдым. Сонда Көкбестi жануар ешбiр желiкпейдi-ау. Тек бiрқалыпты салмақпен аяң-дап,
кейде керiлiп, төсiн жерге тигiзе созылып бойын жазады. Сонан бiр мезгiлде ат алдынан
келешi баратын болды. Келешiге мен өзiм кеттiм. Көзiңiз жамандық, көрмесiн, бiз
келеге таянғанда үш ат түйдек келедi екен. Қарасам бiреуi Көкбестi, бiреуi бiр
қара ала ат, бiреуi қаншырдай жирен ат. Сонан аруақтап кеп шылбырына жанаса бердiм.
Үстiндегi бала да қу едi, аттың басын аздап iркiп келедi екен. Менi көрген соң,
о да айқайлап, тақымын қысты бiлем, Көкбестi сытылып шыға бердi. Мен айқайды салып
ұрандап келем. Көзiңiз жамандық көрмесiн, Көкбестi құйындай ұйытқып ағып бердi.
Мен iлесе алмай қалып қойдым. Сонда көрдiм, Көкбестiнiң тiптi аяғы жерге тимей,
тура қалықтап ұшып барады. Тек жануарға көз тимесiн деп көзiмдi жұма бердiм. Басқа
аттан бiр шақырым бұрын келдi. Мен дәлелсiз айтпаймын ғой. Жарықтықтың қанаты барына
бар, – деп, Жарқынбай сөзiн аяқтады.

– Мына Мұстапа балдызымыз ол сияқты жүйрiгiнiң түрiн де көрсетуге
қызғанады, – деп Шыңғыс Мұсаға қарап күлдi.

– Иә, ол балдызыңның ондай мiнездерi болуы мүм-кiн, – деп Мұса
жымиып едi:

– Мен екеуiңдей шенге шiренiп жүрген төре емес-пiн. Ат қызығы,
құс қызығымен алданбағанда қайтемiн. Мына атымды көрдiң бе, деп кiмнiң алдына жалбақтаймың
– деп Мұстапа белгiлi тоңмойын томырықтау мiнезiне салды.

– Осы Мұстапа өзi сараң да ғой деймiн. Бидiң бас-қа балалары ат
жалына қолы жаңа жеткен жиендерiне қалағаның бар ма, сұрағаның бар ма, деп жатыр.
Осы балдыздың аузынан соны да естiгенiмiз жоқ, – деп Шыңғыс Көкбестiге көңiлi ауайын
деген сырдың шетiн шығарды.

– Жиендер әлi жас қой, ат баптар жасқа келгенде, онысын да көрермiз,
– деп Мұстапа Шыңғыстың алдын орағытты.

– Бәсе, сараң дегенiм дәл шықты ма. Көкбестiге жиендер қолқа салар
деп, ат баптар деген сөздердi көл-денең тартып отырсың-ау, ә, – деп Шыңғыс күлдi.
Бағанадан үндемей тыңдап отырған Шоқан:

– Атеке, өзiмiзде де жүйрiк бар ғой. Бiзге керек жүйрiк оған керек
емес пе? – дегенi ғой.

Шоқанның кiсiден сұрау, бiреудiң дүниесiне қызығу дегендi жек
көретiн мiнез бiлдiргенi Мұсаға сондай ұнады.

– Шоқанжан, берi келшi, Мұстапаның атынан сенiң мына сөзiң әлдеқайда
жоғары шықты-ау. Бақытты бол. Аман болсаң қай жүйрiк сенен құтылар дейсiң. – Осыны
айтып Шоқанның маңдайынан иiскедi.

Қаракөл басынан түс ауа аттанған Айғаным пәуес-кесi Құсмұрын
қайдасың дегендей кешкi салқынмен тартып кеттi. Айдын көл алқабында, алшақ-алшақ
қонып қанат жайған Қаржас елiнiң қауымы қала бердi. Мұса үйiнен өзiне арнап мiнгiзген
жорға құнанына мiнген Шоқан әкесiмен бiрге салт аттылар тобында жорғалатып бара
жатты.

0
0
2100

Осы тақырып бойынша