Жоқ болса жоқ болғаны да, білмесек білмегеніміз де жөн болған екен. Әйтпесе, біразымыз қырылып қалар едік. Құрттай бала едік қой. Өзіміз биттей, намысымыз таудай-тұғын. Адам өскен сайын өзі таудай болып, намысы биттей бола ма деймін. Иә, түрімізге қарамай намысымыз, ұятымыз сұмдық еді ғой. Біздің намысымызға нұқсан келетін, ұяттан бетіміз өртенетін күн диктант жазған күн еді ғой. Диктант дегенде төбе шашымыз тік тұратын. Жазғанда да қорқып отырып жазасың. Ең қорқыныштысы келесі сабақ. Диктанттың қорытындысы шыққан сәт.
Апайың әркімнің дәптерін өзіне таратып береді. Ашып қарайсың. Қып-қызыл. Қан-жоса. Алған бағаң екі. Мұғалім журналды ашып, бағаларды қоя бастайды. Дәптерді таратпай тұрып, бағаларды қойып алса несі кетеді десеңші. Жоқ, өйтпейді ғой. Дәптеріңді таратады. Алған бағаңды өзіңе айтқызады. Әлемге әйгі қылады. Екі алып бір өртенсең, сол екіңді өз аузыңмен айтып, екі өртенесің. Сен жақсы көретін қыз бес алған. Сол қызды сенімен қоса қабаттасып жақсы көретін кластасың төрт алған. Ал сен екі алғансың. Дүйсенбиева бес, Сейсенбаев төрт, Сәрсенбаев екі. Ана екеуінің дауыстары жарқын. Сенікі құмығып шығады. Сейсенбаев төрт алып бір қуанса, сенің тағы да екі алғаныңды естіп екі қуанады. Со заманда жұртқа қуаныш сыйлап жүрген екенбіз-ау. Не керек, ұяттан жер боласың. Бейсенбаев та екі алады. Бірақ, ол ұялмайды. Өйткені ол кластың атаманы. Жақсы төбелеседі. Сол абыройы мектеп бітіргенше жетеді. Зардап шеккен сен ғана. Не жақсы төбелесе алмайсың, не диктант жаза алмайсың. Біреуін қатырсаң арман жоқ екен-ау. Бірақ, екеуі де оңай емес. Жақсы төбелесу үшін ерте тұрып жүгіріп, түрнекке тартылып, оджимание жасау керексің. Сол еңбегің ақталып, сөйткеннен жақсы төбелесіп кетсең бір жөн екен-ау. Екі-үш жыл үздіксіз жаттығып, төбелеске шығып, тағы да жеңіліп қалсаң, еңбегің еш, тұзың сор болмай ма. Диктанттан бес алу да оңай емес. Бес түгіл төрт алудың өзі қиынның қиыны. Жазып отырғанда Абай деп-ақ жазғандай боласы. Бірақ, ертесі күні қарасаң Адай деп, немесе Ағай деп тұрады. Не керек, қатты ұялатын едім. Намыс дегеннің не екенін білмедік, бірақ, сол кезде біздің бойымызда болған екен. Қазір, не екенін білеміз, бірақ, бойымыздан таппаймыз. Жә, ұялғанымыз соншалық, сол күні еңсемізді тіктей алмайтын едік. Сол кезде суйцид дегенді білмеген екенбіз ғой. Білсек, өйтіп жер болғанша өліп-ақ қалар едік. Білмегеніміз дұрыс болған екен. Білсек, біразымыз қырылып қалар едік. Рас айтамын.
Кейінірек, жоғарғы класта жүргенде апайымыз суйцидке үндеді. Үндеген жоқ, бірақ, қатты ұялатындар болса, ондай да жолы бар дегендей қылды. Бірақ, ол кезде уже бір өлсең қайтып келмейтініңді түсініп қойғансың ғой. Бір күні сол қазақ тілі апайымыз кезекті диктанттың қорытынды бағасын журналына қойып болғаннан кейін маңғазданып отырып: - Осы өзіміздің ауылда Бәленшеевтердің бір баласы әскерде жүргенде Түгеншиева деген қызға хат жазыпты,-деп әңгімені бастады. Әңгімені ұзынырғасы мынау. Біздің ауылдағы сол жігіт әскерге жүргенде өзі жақсы көретін қызға хат жазыпты. Хатында қате көп екен. Хатты алған қыз (ол да біздің ауылдікі екен) жігіттің қателерін түзеп, қызылала қылып, өзіне қайтадан салып жіберіпті. Сүйіктісінен хатты алған жігіт жүрегі өрекпіп, көңілі алаулап, жүзі балбұл жанып, конвертті ашыпты. Арада аз ғана уақыт өткенде оның жансыз денесі жіпке асылып тұрыпты...
Қыздың жаман ойы болмаған шығар. Бірақ, жігіт шыдамаған екен. Бізге осы әңгімені айтып отырған мұғалімнің де жаман ойы болмаған шығар. Бірақ, біз шыдадық. Кез-келген әңгімеден бір қорытынды шығару керек қой. Апайымыздың әңгімесінен шығатын қорытынды не? Не қатеңді түзе, не асылып өл. Ниеті дұрыс. Намысымызға тию арқылы, қатемізді түзегісі келеді ғой. Бірақ, оған бола біздің қатеміз түзеліп кетпейді. Қатені түзей алсақ, онсыз да түзер едік қой. Қатені түзегеннен көрі, асылып қалғаның оңай. Үйде не көп, арқан көп. Шынашақтай денеңді аса салуға сиырдың бұйдасы да жетеді. Не істеу керек? Суйцид туралы ойды апай миымызға салып бергеннен кейін қызығушылық оянды. Бір күні асылып өлгім келді. Бірақ басқалай жағдайда, басқа себеппен.
Әкем қатты ұрыста ма екен, ағама ренжідім бе, сондай бірдеңе әйтеуір. Қызық көрініп кетті. Бәрін көз алдыма елестеттім. Көше жақтан кісілердің дауыс салып жылап келе жатқаны, самауыр мен қазандардың қайнап жатқаны, үйдегілердің мені жоқтағаны дейсің бе, бәрі күшті көрінді. Ал, сендерге керек болса. Өлместей көріп едіңдер. Өлдім де қалдым ал. Балапаным-ау, балапаным-ау деп жылап кіріп жатқан ел. Аңыраған анаң, қайғырған әкең. Сыртынан қарап тұрсың ғой, бәрінің. Әкеңнің ішкі ойын оқып қойғансың. Ұрсып нем бар еді, әттең-ай, тірі болса енді даусымды да көтермес едім... деп тұр ғой. Ә-ә-ә-ә, дейсің, өшіңді алғандай. Енді қайтып келе беруге болады. Бірақ, қайтып келе алмайды екенсің ғой. Әжім түспеген балғын денең, калцийі көп сүйегің со бойы шіриді екен. Ал, жылады. Қатты жылады дегенде үш күн, өкінді дегенде бір жыл, сағынды дегенде бес жылды. Болды. Тірі адам тіршілігін жасайды. Жұбататын жандар бар. Қуаныштар бар. Сөйтіп бірте-бірте ұмытыласың. Ешкімнің қылы қисаймайды. Ал, сен өліп қалғансың. Дүниеден өтпегенсің, көз жұмбағансың, қаза болмағансың. Шын мағынасында өлгенсің. Тіпті шынын айтсақ, өзіңді өзің өлтіргенсің. Барып тұрған ақымақтық.
Сөйтіп отырып асылып қалсам деген ойымнан айныдым. Сиырдың бұйдасын қолыма ұстап қорадан шығып келе жатқанымда, ағам алдымнан шығып қалып: бұны нәғіп ұстап алғансың?-деп сұрады.
- Жәй, скакалка ойнап жүрмін,-дедім. Пешеходи демегеніме шүкір.
Ақылымыз толмай тұрғанда суйцид деген пәленің не екенін білмегеніміз жақсы болған екен. Қазір қиын. Сондықтан біз әрбір баланың өмір сүруге деген құштарлығын арттыруымыз керек. Шын мәнінде өмір ғажап. Керемет. Сүре бергің келеді, кедей болсаң да жүре бергің келеді. Шын, менің өмірге құтарлығым керемет. Соңғы жылдары тіпті. Алла, аман сақтасын. Бәріңізға ұзақ өмір, мол бақыт тілеймін.
461 жазбалар50 тіркелуші
1