Мен романтик емеспін...
«Ай отыз пайызға анық көрінетін түн екен, бұл жағдай алпыс жылда бір қайталанады екен, ғалымдар делелдепті» деген ақпараттар мен сол түнгі айдың фотосы әлем-желімізді басып қалды. Температурамның 36,6-дан аттап кетуіне байланысты сол түнгі айды фейсбуктан ғана тамашалауыма тура келді. Оның үстіне, ести сала далаға атып шығып мәәә дейтіндей романтик те емеспіз, қазір. Сәл күтсем өзі де тереземнің тұсынан өтер деп күтіп жатқан күйі ұйықтап кетіппін. Содан түннің бір уағында оянып кетіп, терезеге қарасам... Өзі де жәймендеп өтіп бара жатыр екен. Сырт еткізіп түсіріп алдым. Әдемі кадр болды. Фотоны үлкейтіп қарасаңыздар, көресіздер. Ай, есіктің алдындағы жас талдың бұтақтарының арасынан сығалап тұр екен. Кідімгі ай. Отыз пайызға анық көрінген дәнеңесі жоқ. Алматының айғыз аспанымен аяңдай басып бара жатқан бұлыңғыр ай. Жерге соншалықты жақындап кеткен де ештемесін байқамадым. Не мен шынымен ешкімге ғашық емеспін, не көзімнің көруі отыз пайызға төмендеген. Өйткені, ай маған бұрынғыдай-ақ көрінді. Ал, біздің ауылда қалай еді... Біздің ауыл – аспанға ең жақын ауыл. Қазақияның ең биік нүктесі – Хан-Тәңірі шыңы. Биіктігі 6995 метр. Қу жетіспеушілік-ай. Әйтеуір, не нәрсе болса да сәл жетпей тұрады ғой. Енді деймін да, бес метр болғанда жеті мың метр болатын еді-ау. Немесе теңіз деңгейі бес метрге төмен бола салғанда ғой. Жә, жарайды, мәселе онда емес. Айтпағым, біздің ауыл сол Хан-Тәңірінің тура етегінде орналасқан. Балағымызбен бұлт кешіп өскен біз үшін аспандағы айыңыз қол созым жерде. Жұлдыздардың бәрі анық көрінеді. Жеті-сегіз метрдей биікте жымыңдап тұратын.Түн ішінде ерігіп жүріп қызға бара қалсақ, қайсысын алып берейін деп бәлсінетінбіз. О неме де қиял, әнебіреуін алып берші дейтін, ерекше жарқыраған біреуін қолымен нұсқап. - Жұлдызды, айды қолмен көрсетуге болмайды,- деп тиып тастайсың. Ол сол қылығын жуып-шаймақ болып, жаңағы сұқ саусағын аяғының ұшымен ауырғанша басатын. (Сол не ырым екен дейм да). Иә, сұқ саусағын аяғының ұшымен басатын. Аяғында табалдырықта жатқан жерінен әркім бір киіп кете беретін галош. Ол кәлөшпен кім айда бармады десеңші. Атасы қораның қиын тазалады, әжесі әжетханаға киіп барды дегендей ғой. Енді мына қыздың істеп тұрғаны мынау. Қазір, сәлден кейін, күндегі әдетіне басып, саусағымды сүйші демесе екен деп тұрасың. Еще өзі тамағым ауырып қапты деп қойдың майын жағып шыққан. Иісі әлемді алып барады. Жә, әңгіме ол жайлы емес еді ғой. Иә, біздің ауылдың аспаны тап-таза болатын. Кіршіксіз еді. Айыңыз алпыс жылда бір рет емес, алты күннің бірінде осы маңда жүреді. Өлі ара кездің басқасының бәрінде анық көрінеді. Нұрлы, шуақты еді. Қарап отыратынмын. Жұлдыздар тіпті керемет еді. Ай демекші, бір айда отыз күн болса, сол отыз күніңіз отыз күн еді-ау. Асықпай өтетін. Содан болса керек, адамдар да асықпайтын. Бүгінгідей, Алматыдағыдай алашапқын тірлік жоқ еді. Алматыда айналдырған бес-алты күнде біреулер үйленіп, біреулер ажырасып, ажырасқандар қайта қосылып, қайта қосылғандар қайтадан қосылып жатады. Таңертеңгі ақпаратың түсте ескіріп қала береді. Ауылда қалай еді. Жақыпбайдың жылына сойған жылқының бес елі қазысы, Жеткерген қайтыс болып, соның қонақасына сойған малдың еті көп қайнағандықтан қатып қалғанға дейін жыр болатын еді ғой. -Молдасан Нарынқолға барып келіп істейді екен, осының шықпай жүрген жаны-ай,-деуші еді, үлкендер жағы таңдай қағып. Біз де таңқалатынбыз. Мәссаған, күнде барып келеді деп. Сөйтсек Нарынқолыңыз сегіз-ақ шақырым екен ғой. Қазір біз күніге сексен шақырым жүріп тастаймыз. Егер біреу Кегенге барып келсе, аһылап-үһілеп қатынына жан таптырмайтын. Тамағың әлі дайын емес пе деп. Өйткені Кегенге барып келген ғой. Ал Кегеніңіз барып келген жолын қосып есептеп, асыра айтты деген күннің өзінде екі жүз келеметрге жетер-жетпес жер. Е қойшы тегі. Ал, алда-жалда Алматыға жүретіндер болса, тіпті жыр қылып жіберетін. Байынқолдың жағасына барып, машинасын жуып, оны орталық көшемен жүріп, шаңға тигізбей кептіріп дегендей. Ойпырмой. Мәгезіннің алдына тоқтап, бір пашкы Қазақстан алып, оны қисығынан тістеп тартып тұратын еді. Ары-бері өткендерге дақпыртатын. - Жарқыратып қойпсың ғой. - Ертең қалаға жүрмекпін. - Қашан қайтпақсың? - Екі қонып қайтамын ғой. - Не шаруамен? - Әукеннің баласының тойының пырадутысіне. - А-а-а. Бір-бірінен запаска сұрағандары да жыр. Сондағы айға ұшқандай жыр қылатын Алматы дегеніңіз 347 км екен. Қазір 500 км бір жерге барып келсең, көршің түгілі, әйелің де байқамай қалады. Иә, ауылда өмір ертегідей еді. Уақыт асықпай өтетін. Аспан мөп-мөлдір болатын. Ауа таза еді. Мен романтик болатынмын. Қазір қарбалас қалада, жанталасқан заманда төбемізде аспан барын ұмытып кеттік-ау. Иә, төбемізде аспан бар екен, аспанда ай бар екен. Машалла. Тек қана көзге жас алма. Мына заманда романтиктерге орын жоқ. Аспанға қарап жүрсең ауыш дейді. Мен романтик емеспін...
Ақпарат көзі
