Құмар ойын мен бәс тігуге қарсы іс-қимылға 81 млн теңгеге жуық қаржы бөлу көзделген
Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл бойынша 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар Ашық НҚА порталына талқылауға шығарылды.

Фотоколлаж: egemen.kz
Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде мынадай көрсеткіштерге қол жеткізілетін болады:
- құмар ойындарға және бәс тігуге тұрақты қатысатын адамдар саны 350 000-нан 201 600 адамға дейін төмендейді: 2024 жылы – 35 000 (10%), 2025 жылы – 63 000 (20%), 2026 жылы – 50 400 (20 %);
- мемлекет есебінен тегін емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту бойынша көмек алған, құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды қамтуды 13-тен 300 адамға дейін ұлғайту: 2024 жылы – 50 адам, 2025 жылы – 150 адам, 2026 жылы – 300 адам;
- бұғатталған интернет-казинолар мен заңсыз букмекерлік сайттардың санын 4500-ден 7722-ге дейін ұлғайту: 2024 жыл – 450-ге (10 %), 2025 жыл – 990-ға (20 %), 2026 жыл – 1782-ге (30 %).
«Осыған байланысты Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл бойынша 2024-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыруға 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 80 931 200,0 теңге қаржы шығыстарын бөлу көзделеді», - делінген құжатта.
kaz.inform.kz
