Маңғыстау облысында аққулардың қырылуына Rixos отелінің қатысы бар ма?
Экология және табиғи ресурастар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетіндегі басқарманың бұрынғы басшысы, қазір аңшылардың «Табиғат» республикалық қауымдастығының вице-президенті Айтуар Туғанбеков Қаракөлдегі аққулардың жаппай қырылуына қатысты мәлімдеме жасады.

Бұл үшін ол Facebook-тегі жеке парақшасына видео салған. Онда экс-шенеуніктің өзі сөйлеп отыр.
Айтуар Туғанбеков 2020 жылы Rixos отелімен Қаракөлге су ағызып жіберу туралы келісімге қол қоймай қойғанын айтады.
«Былай болуы керек-тұғын: Rixos суды Каспий теңізінен алады. Сол суды жұмысына пайдаланады. Олардың өздерінің бір сүзгілері бар. Суды сол арқылы өткізеді. Ал сосын оны бір жерге төгу керек қой. Олар шайынды суды жолдың арғы бетіндегі Қаракөлге төгейік деді. Әлгі келісімнің жобасында ол үшін әлдебір «супер» сүзгі орнатылады делінген. Ал одан көлге киелі суға татырлық өте таза су ағып шығады деді. Бірақ сол кезде мен бұған келісім бермей қойдым. Сосын Rixos-тағылар өздерінің тамыр-таныстарына жүгінді. Осыдан кейін премьер-министр мен министр орынбасарларының тікелей тапсырмасы болды. Мен өз басым ол құжатқа қол қоймадым. Бірақ сол кезде Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің басшысы болған адам қол қойыпты. Бұл жөнінде мен жазғанмын», – дейді Айтуар Туғанбеков.
Енді сол Қаракөлде аққулар жаппай қырылып жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, бұл көлдің жағалауларының 828 аққудың өлекселері табылған.
