Мазмұнға өту
Обложка сообщества История

Липкалар деген кімдер?

Жалпы, мен бұған дейін жазғанымдай түркі жұртының бір бөлігін көпшілік бәлкім білместікпен бәлки солай қабылдаумен татарлар дейді. Шындығында, Қазан татары, Қырым татары, Сібір татары, Астрахань татары, Польша татары деп кете береді. Менің мақсатым оларды жеке тарату емес, кезіндегі Ұлы Литва кінәздігі, кейін Речь Посполитада, былайша айтқанда қазіргі Польша, Литва, Украина (Қырым татарларын қоспаймыз) және Беларусь жерінде тұратын түркі дүниесінің діни-ұлттық бөлшегі туралы айтқан дұрыс болар.

Липкалар кім дейтін болсақ, ол үлкен субстрат, яғни, олар Қырымнан, Буджак даласынан, ноғай жерінен, тіпті Қазан мен Астраханнан, Еділ, Дон бойынан келгендердің жиынтық ұрпақтары. Айтқандай Ұлы Литва кінәздігінің (атауы кінәздік болғанмен заманында Шығыс Еуропадағы үлкен және мықты мемлекеттердің бірі болған) құрамында Жағалдай ордасы (Сараева сына Егалтаева тма) және Мансұр ордасы (Глинский кінәздігі) сияқты бағынышты ордалар болды. Дегенмен, мысалы бізге тарихтан белгілі Мамайдың ұрпақтары Ұлы Литва кінәздігінде қызметке тұрып, кейін сіңсіп алған соң, мысалы, Михаил Глинский дегені тіпті төңкеріс те жасап, Ұлы Литва кінәздігінің билігін тартып алмақшы болған. Мамайдың ұрпақтарының бірі Глинскийлер Мансұр Қиятұлынан (Мансур Киятовичтен) тарайды, ал, олардың біреуі орыс патшасы Иван Грозныйдың (Қаһарлы Иванның) шешесі Елена Глинская деген болған. Ал, енді, Глинскийлердің туыстары жаңағы Ұлы Литва кінәздігінде Мансұр ордасын құрғанын жоғарыда жаздым. Бұлар Мәскеуге қараған бағынышты Касимов хандығы сияқты жартылай автономиялы өлке еді. Глинскийлерге туыстас Ружинский, Острожский, Дашкевич, Вишневецкий әулеттері, яғни, бұрынғы далалықтар шонжарларға айналады. Бұл ретте Мамай ұрпақтары қазіргі украин жеріндегі Глинск, Глинница, Полтава қалаларын қалпына келтіреді. Мансұрдың өзі 1391 жылы Әмір Темір әскерлерімен соғыста қаза табады. Ұлы Литва кінәздігіне қызметке келген Мансұр әулеті қаланың орналасқан орны бойынша енді Глинский деп атала бастайды. Украиндар арасында Мамай атының күшті болғаны сондай, Киев жазбасында XVI ғасырдың бірінші жартысында Киевтің воеводасы (басшысы) Иван Львович Мамай (кінәз Глинскийлер әулетінен) болады. Екінші бір Мамай, яғни Богдан Фёдорович Глинский (1488—1495 жылдар) шекара әскерін құрып, олар кейін казактар деп атала бастайды. Тіпті, 1493 жылы Қырым қамалы Қара Керменге шабуыл жасайды.

1399 жылы Ворскла өзенінің бойында Ұлы Литва кінәздігі мен Алтын Орда арасында болған соғыста Витовт әскерлері ойсырай жеңіледі, сол шайқаста оны тірі алып қалған өз одақтасы казак Мамай деседі, дұрысы Мамайдың ұрпағының бірі. Бұл соғыстан соң Польша королдігі мен Ұлы Литва кінәздігінің арасында одақ құру туралы келісім жасалады. Бірақ, түркілер арасындағы алауыздық Витовтың қайта шабуыл жасауына алып келіп, Алтын Орда жұртының бір бөлігін тұтқындап алады. Липкалардың бір бөлігі бәлкім осылардан шыққан болар? Дегенмен, меніңше, Ұлы Литва кінәздігіне өз бетімен қашқандар да болған. Бұл жерде тағы бір нәрсені ескеруіміз керек, Ұлы Литва кінәздігі түркі елдерінің істеріне араласа отырып, өздерін Шармық (Крест) жорығын ұйымдастырушылар рөлінде көрді. Өйткені, олардың өздері бір ғасыр бұрын дінсіздер еді, ал, ал, Рим папасы IX Бонифацийдан пәтуа алған Витовт сөйтіп өзін Еуропа королдерімен тең санады. Ал, бұл уақытта Әмір Темір әскерлері Сарайды жермен жексен етіп, Алтын Орда халқы босып, аштықтан, ауру-сырқаудан қырылып жатқан болатын.

Шынымды айтсам, өзгеге қызмет еткендер Қырым, Қазан тарихында баршылық. Дегенмен, бұл тарихты білу үшін қажет, әйтпесе тегі түркі не татар мырзалары жаңа қожайындарына жан-тәнімен беріліп қызмет етіп еді.

Жалпы тақырыпқа қатысты Ұлы Литва кінәздігі туралы азды-кемді мағұлмат бере кету керек болар. Кінәздік орталығы Вильно (қазіргі Вильнюс) қаласы болды. Халқы негізінен славян – батыс орыс (яғни, белорус және украин) және поляк тілдерінде сөйлеген, мемлекеттің бір атауы Руское, кінәздіктің Орыс мемлекетіне (Мәскеу кінәздігіне) жұлдызы қарсы болды, өйткені, Шығыс Еуропадағы бақталас мемлекеттер еді. Түркі ордалары бірде кінәздікті қолдаса, бірде Мәскеуді қолдады. Жалпы, Орыс патшалығы болсын не Ұлы Литва кінәздігі болсын түркілермен көп соғысып еді. Ұлы Литва кінәздігі де әуелі Алтын Ордамен, кейін Қырым хандығымен де соғысқан. Айтқандай, Мамай орыстармен соғысқан уақытта, Ұлы Литва кінәздігі көмекке келмеген еді, жеңіліс тауып, содан соң Мамай ұрпақтарының бір бөлігі Ұлы Литва кінәздігіне қашуға мәжбүр болғанын жоғарыда айттым.

Ұлы Литва кінәздігінің халқының саны 1770 жылдары 5 миллонға тақау болса (қазіргі Литва, Беларусь және орыс жерлері мен Украинаның бір бөлігі, Польша мен Латвияның аздаған бөлігі), жерінің көлемі мемлекеттерінің ең шарықтауы кезінде 930 мың шаршы км алып жатты.

Сонымен бастапқы тақырыбымызға оралайық, бұл түркі жұртының атауы неліктен липка?

Липка дегеніміз Литва атауымен байланысты, яғни, Ұлы Литва кінәздігінің аумағында тұратын далалықтардың жалпы атауы. Әрине, олар өздерін ұлттық жағынан гөрі мұсылмандар деп атаған. Бұл жерде ұлттық фактордан гөрі діни фактор алдыңғы орынға шығып тұр. Өйткені, католик және православ христандар арасында жұтылып кету қаупі бар еді. Оған әлі де тоқталармыз. Айтқандай, Ресейде тұратын удмурттардың бесермян (яғни, мұсылман) деп аталатын субэникалық тобы бар, саны аз болғанмен ұзақ уақыт діндерін сақтап келген, 1992 жылы ғана жеке ұлт ретінде танылған. Сол сияқты оңтүстік славяндардың бір бөлігі босниялықтардың екінші атауы муслимани деп аталады. Тіпті, Осман империясы аумағында тұратын жұрттың өзі біз мұсылманбыз деп, түрік этникалық атауына оралғаны кеше ғана еді.

Енді, қазақ халқы мен липкаларға қатысты ортақ жайттарды баяндайық.

Липкалар өзін өзі басқаратын 6 рулық құрылымға бөлінген, олар: ұлан, найман, қонырат, үйсін, барғын және жалайыр. Яғни, бұл ру-тайпалардың қазақ арасында да барын білеміз. Екінші, Шәкәрім липкалардың "Сороктатар" атты ауылы туралы жазған (бұл ауыл Литвада екен). Үшінші, атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы кезінде липка қызына үйленген болатын. Яғни, липкалар қазақтарға бұрыннан таныс болып тұр ғой.

Сонымен, Еуропа липкаларға дейін де түркі жұртын танитын еді. Айтқандай, липкалармен қатар мысалы Литва, Польша, Батыс Украина, Беларусь жерінде тұратын қарайымдар туралы да білгеніміз жөн. Қарайымдардың атамекені Қырым. Бірақ, липкалардан діни айырмашылығы бар, өйткені, діндері иудазим тармағы, мүмкін кезіндегі Хазар қағанатының жұрнағы болар. Липкалар болса сүннит-мұсылмандар.

Жалпы, липкалардың қазіргі тұрып жатқан аумақтарына келуі ерте кезеңнен болар. Олай дейтінім 1316, 1319 жылдардың өзінде липкалар Ұлы Литва кінәздігі әскерлерімен бірге неміс ордендеріне қарсы соғысып жүр, липкалардың әсіресе Ұлы Литва кінәзі Витовтпен бірге шайқастарға қатысқанын хронистер жазып қалдырған. Екінші жағынан аталған мемлекет (Ұлы Литва кінәздігі) Шығыс Еуропадағы үлкен мемлекеттердің бірі болды және Алтын Ордамен әскери, мәдени, экономикалық байланыстарға түсті. Мысалы, Алтын Ордадағы алауыздықтар кезінде Тоқтамыс ханды қолдап, жеңіліс тапқан Тоқтамыс қазіргі Тракай қаласында қоныс тебеді. Тоқтамыс Лида бекінісінен кеткен кезде оның баласы Жалал ад-Дин Литвада қалып, Витовтқа қызмет ете бастайды. Далалықтар жай ғана құрам болмаған, негізінен әскери қызмет атқарды және олардың арасынан аудармашылар, саясаткерлер, әскери басшылар көптеп шықты. Және, бір ерекшелігі липкалар әскери тап ретінде Польша, Литва, Украина, Беларусь жеріндегі барлық соғыстарға қатысып, кісі өлімі (ер адамдардың қайтыс болуы) көп болғанын байқаймыз. 1410 жылы атақты Грюнвальд шайқасының жеңісінде Жалал ад-Дин басқарған бұрынғы далалықтардың рөлі өте зор болды.

Новогрудок, Крево, Вильно, Лида, Тракай және Ковно қала-бекіністерінің маңына шоғырланған липкалар мықты әскери күшке айналды, олардың құқықтары поляк-литва ақсүйектерінің құқықтарымен бірдей болды.

Діндері туралы айттық, ал тіл жағына қатысты айтатын болсақ, бірінші әйелдерін жергілікті халықтан алатын болғандықтан, липкалар сол өлкелердегі халықтардың мысалы, поляк, литва, белорусь тілдеріне көшті. Яғни, кітаптарын араб қарпімен жоғарыда аталған тілдерде жазды. Ұлттық азшылық болған соң, екінші жағынан діннің әсерінен липкалар ассимиляцияға азырақ ұшырады, дегенмен, тектерін қарасаңыз Кричинский, Сулькевич деп кете береді. Айтқандай, Польшаның Нобель сыйлығын алған жазушысы Генрик Сенкевичтің тегі липка болатын. Польшаның Қазақстандағы елшісі болған Селим Хезбиевич те липка болатын. Голливудың атақты жұлдыздары Чарльз Бронсонның және Пауэлл Гленнің да тегі липка болатын. АҚШ-қа кеткен липкалардың тарихы тіпті бір бөлек.

Липкалардың азшылық болып өмір сүруі олардың ұйысуына алып келді, тіпті 20 ғасыр оқиғаларында липкалардың Ресей мұсылмандарының көшбасшыларының бірі болғанын көреміз. Мәселен, Әзербайжан мен Қырымның тәуелсіздігі жолында көп еңбек сіңіріп, өз өмірін түркі бірлігіне арнаған Матвей Сулькевич пен Леон Крчинскийлер халқына ғана емес, түркі жұртына, оның ішінде, Қырым және Әзербайжан мемлекеттерінің қалыптасуына да өз үлестерін қосты.

Липкалардың санына тоқталатын болсақ, Беларусь Республикасында 7316 липка тұрады, оның жетіден бір бөлігі Минкісіде қоныстанған. Кезінде Минскіде «Татар бау-бақшалары» (Татарские огороды) деген аумақ болған, сонымен бірге Минскіде мешіт те жұмыс істеп тұрған. Қазар мешіт қайта қалпына келтірілген, ал, аумақ мазарларымен бірге бұзылып, жермен-жексен болған. Татарлардың санына қатысты тағы бір қызық, белорус липкалары негізінен белорус тілді екен. Дегенмен, тілдік құбылыс та өзгеріске ұшырауда, мысалы, 2009 жылы Беларусьтегі 1060 липка ана тілім татар тілі десе, 4669 адам орыс тілін көрсеткен, 1411 липка ана тілім белорус тілі деп көрсеткен. Дегенмен, 2019 жылғы деректер бойынша Беларусьте 8,4 мың татар тіркелген. Жоғарыда айтқанымдай липкалар Беларусьта, Польшада, Литвада және Украинада тұрады. Олардың диаспора өкілдері сондай-ақ, Ресей мен Түркияда және АҚШ-та да қоныстанған. Жалпы саны 26 мың төңірегінде ғана, бәлкім одан да аз болуы мүмкін. Мысалы, Польшадағы олардың саны 5295 адам, Литвада 2700-3200 адам деп көрсетілген. Молдова, Лавтия сияқты елдерде де бар.

Ликаларға қатысты айта отырып, липкалардың жартысы белорус липкалары екенін айта кету ләзім, сол себептен литва және поляк тілдеріне қарағанда түркиздер көбірек кездеседі.

Мысалы, татар тілінің (түркі Әлемінің) белорус тіліне әсерін мына сөздерден байқаймыз:

алмаз, аршын, атлас, барсук, барыш, кабала, казак, кайданы, капшук, каўпак, кафтан, кілім, кумыс, курган, кутас, нагайка, саф’ян, султан, табар, тасьма, тафта, туман, уюк, хабар, харч, чапрак, шаравары, шацёр, юхт, апанча, армяк, казна, камка, кісцень, таф’я, бунчук, есаул, калчан, мурза, сагайдак, тамга, янычар, ясак, ясыр, атаман, басурман, гайдамак, гайдук, калека, рахманы, улан, чабан, янычар, апанча, армяк, атлас, башлык, бязь, кабат, каракуль, кішэня, кунтуш, кутас, тасьма, тафта, халат, чобат, аер, алыча, атава, атара, байрак, баклажан, баран, баркун, барсук, беркут, бугай, буланы, бусел, гарбуз, кабан, кабачок, кавун, качан, куга, сазан, саранча, табун, таракан, тарпан, туман, тытунь, фундук, яр, барабан, булат, бунчук, дзіда, калчан, канчук, кінжал, кісцень, нагайка, палаш, сагайдак, аркан, аршын, базар, бакалея, барыш, біклага, буры, бязмен, дыван, імбрычак, каберац, кава, кадык, кантар, капшук, кары, кілім, локшына, магарыч, саган, сургуч, сурма, тавар, тапчан, таўро, торба, харч, чапрак, чарга, чыгун, шчыгрын деп кете береді. Жалпы, белорус тілінде 2000 астам түркизмдер бар екен.

Кураш, Камай, Булгак, Бузук, Калдай, Кабак, Канчак, Давляш, Букатый, Калган, Курбека, Кардаш, Салтан, Шабаш сияқты белорус фамилияларының түбі түркі есімдерімен байланысты екенін түркі тілін білетін кез келген адам ұғар.

Және Беларусь аймағындағы 47 елді мекен атауларынан татар, түрік, жалпы түркі халықтарына тән атауларды байқаймыз, мысалы: Турки, Турковская Слобода, Турчанка, Турковщина, Турец, Турок, Шайбаково, Чаусы, Орда, Баево, Карацк, Огдемер, Болбасово, Балашевичи, Балажевичи, Баштан, Мамайки, Шайтерово, Шариба, Шарибовка, Туганы, Койданово, Бабаевичи, Булгары және басқалары.

Енді, липкаларға қатысты әңгімемізді жалғастырған соң поляк және литва липкалары туралы толықтыру қажет деп санаймын.

Литва липкалары.

Бұрындары шамамен 60 мешіті болған екен, Екінші дүниежүізлік соғыстан кейін аман қалғаны алтау, екеуі бұзылған, кейінгісі төртеу.

Кей деректерге қарағанда Ұлығ Орда ханы Шейх-Ахмед Ұлы Литва кінәздігінде тұтқында болып, 20 жыл тұрады, кейін босатылып еліне қайтарылғанмен, отбасы сонда тұрақтап қалған. Липкалар Тракай қаласында, Вильнюс түбінде және ауылдық жерлерде, мысалы Воке өзені бойынша тұрды.

Липкалар әскер қызметінде болды, бау-бақша өсірді, тері өңдеп, көлік шаруашылығымен айналысты. Әскери қызметке байланысты липкалар арасынан 50 генералға дейін шықты. Өз отандарына (Литваға, Польшаға, Беларуське) адал қызмет етті. Липкалар Литваның ұлт-азаттық және тәуелсіздік үшін күрестерінің бәріне қатысты, тіпті липка полковник Александрас (Сулейманас) Халецкий Литва армиясын қалпына келтірудің басында тұрды.

Поляк липкаларын Белостокта, Варшавада және елдің басқа да аймақтарында тұрады. Кезінде отандарына мықты қызмет еткені сондай саны аз болса да Юзеф Пилсудский кезінде Мұстафа Ахматович атындағы татар атты әскер полкын жасақтаған. Аңызға қарағанда поляк королі Ян III Собеский липкаларға разы болғаны сондай, оларға: «бір күн ішінде аттарыңның жеткен жерін берейін депті-мыс». Ол ұзындығы 150 шақырымдық татар өлкесі екен дейді. Қалай десек те тілін жоғалтқанмен, дінін сақтай отырып, ұлттық рухын жоймаған түркі баласының бірі – липкалар. Олар Шығысқа қарап қояды, тіпті липкалардың арасынан шығып, түркі дүниесіне қызмет етіп, жау қолынан өлтірілген Матвей Сулькевич: «түркі дүниесіне қызмет етіп, сарбаз болып өлгеніме арманып жоқ» депті. Расында, жауынгер жұрт жеті ғасырдан бері жұтылып кетпей, өзгенің арасында терезесі тең жұрт болып отыр.

Суретте: Вильнодағы (қазіргі Вильнюс) мешіттегі липкалар (татарлар). 1920 жылдардың соңы – 1930 жылдардың басы. Фото https://novayapolsha.org/ сайтынан алынды.

Мақала авторы – Amandyq Amirkhamzin

0
0
3394

Осы тақырып бойынша

Ликалар деген кімдер? - Yvision.kz