Көңiлсiз көрiнiстен кейiн
Көңiлсiз көрiнiстен кейiн
Осы бiр күнгi көрген барлық жайды Шоқан өзiнiң күнделiк дәптерiне
жазып, Мүсәпiр мен Мұсағұлдың бiр күнi деп астын сызып қойды. Шеген атасының зорлығы,
оның өзi түгiл жылқышыларының маңайдағы кедей көпшiлiкке iстейтiн өктемдiгi, Шоқан
ойынан ұмытылмайтын, әрдайым көз алдында тұратын орын алды.
Ауыл күзекке қонысымен Шоқан қалаға оқуға жү-руге әзiрлендi. Ол
күзекке қонған күнi былтырғы Мы-сық үйi отырған қорық iшiне барып қайтты. Бейсеннiң
айтқаны рас. Мысық көшiп кетiптi. Шеше өлген, әке жалшы, қандай күйде екен деген
ой Шоқанның көкi-регiнде бiраз уайымдай болып сезiлдi. Бiрақ Мысықты iздер, табар
талап ойлана қойған жоқ. Ол ауылға келiсiмен Әлiбайға, Мұқанға тағы бiрнеше ойыны
бiрге балаларға:
– Бүгiн кешке алтыбақан әткеншек теуiп ойнаймыз, соны құратын
аспапты бақан, арқандарды әзiр-леңдер, – деп тапсырды. Өзi Қанипаға айтып, Әлiбай-дың
қолына екi мықты арқан және екi бақан алып бердi. Ел орынға отыра екi ауылдың аралығынан
алты бақан әткеншек құрған балалар шуылы күзек даласының кең алқабына жаңғырыға
сыңғырлап кетiп жатты. Iңiрлете туған ай сәулесi де жер бетiне көгiлдiр аспаннан
жарығын мол жайып, аса көңiлдендiрiп жiбердi. Тек балалар ғана емес, әткеншек басына
қыз, келiншектер де, жас өспiрiм бозбалалар да жиналды. Ауыл арасындағы шiлдехана,
қынаменде қызықтарында әйел жағынан ойын бастап өлең айтатын Бәтiш бүгiн алты бақан
басына бiрнеше жас қыздарды ертiп келдi. Келе әндетiп:
– Әттең айдың жарығы күндiзгiдей,
Ер жiгiттiң қадырын қыз бiлгендей,
Қыз байқұстың еркiне қоя берсе,
Есiк ашып үйiне кiргiзгендей, –
деп мөлдiреген ай сәулесiне
шаттана, өзiнiң сергек сауықшыл мiнезiн iстеп әндете келдi. Жiгiттер де бiрiн бiрi
түртiп: «Ана Бәтiшке жауап айталық, ол тағы басымыздан асыра шырқап кетедi, – десiп
жатты.
– Ал, әткеншек дайын болды. Кәнi, кiм отырады? – деп алтыбақанды
құрған ересек жiгiттер айқай салды.
– Алдымен Шоқанжан отырсын, бүгiн әдейi ойнаймын деп құрғызған
сол, – дедi Жәпекбай – Кәнi, отыр мына жағына, – деп, ол бiр басына Шоқанды отырғызып,
екiншi жағына Бәтiштi отырғызды.
– Ән шырқасам шырқаймын әнiм аз ба,
Айтылмайтын қандай ән мынау жазда,
Кел шырқалық, жiгiттер, неге тұрсың,
Желiкпей ме көңiлiн, айтқан назға, –
деп келiп:
– Алты бақан әткеншек,
Әндетiп жiбер тұрма тек,
Әткеншекте ән салмасаң,
Сүмiрейiп тұрсың неге кеп, –
деп Бәтiш әткеншек
арқанын сермеп тұрған бiр жiгiтке қолын сермей сөз тастады. Сонан жiгiттер өлең
бастады. Ауылдың қара өлеңмен қайым айтысы бiразға созылды. Шоқан бiраздан кейiн
өзi айтып алты бақаннан түсiп, басқа жастар отырды.
– Өркенiң өскiр, Шоқанжан-ай, көптен берi үлкендерден баталмай
жүрген ойынымызды бастап бердi-ау, – деп Бәтiш барынша ашық көңiлдi мiнезiмен сауықты
ажарлай түстi. Ертеңгi күнгi қалаға жүрер жолына дайындала көңiлiне алған осы бiр
ойын кешiн Шоқан аса бiр ықыласпен қызықтай, таң ата келiп төсегiне жатты.
Ертеңiне Шоқан әжесiне барып қош айтысты.
– Шоқанжаным, жолың болсын. Кеше осында ауыл адамдары айтып келдi,
ана тентек атаңның шығынын әкеңе төлетiп, уақтың бiр нашарларына болысыпсың. Оның
жарайды. Ана Шеген ит көзiме көрiнбей отыр, жазасын тарттырармын. Оның қазан бұзар
қылығы өзге түгiлi саған да ерсi болды-ау, – деп Айғаным аз ойланып отырып, – әрқашан
әдiлдiк жағында болғайсың, – дедi. Шоқан үнсiз тыңдап, әже ықыласына бас идi. Ұзақ
сүйгiзiп, қош айтысты.
Келер күнi Шоқанды қалаға жүргiздi. Бұл жолы Шоқанды Тақырбас
Атығай ұлы алып жүрдi. Бейсеннен жасы көп кiшi, өте бiр сергек, әңгiмешiл жiгiт
едi. Бейсендi Шыңғыс бiр жүрiске дайындалып өзi қасына ертетiн болғандықтан Шоқанға
Тақырбасты өзi қосты. Тақырбаспен бұрын сырлас болмаған Шоқан алғашқы күнi бiраз
жай тiлдесiп отырды. Бейсенге үйiр болып қалғандықтан ба, Тақырбасқа аса ашыла
қоймады. Пәуескеге жегiлген үш қарагер аттың оң жақтағысы жатаған қарынсау, қыртық
мойындау, шомбал қырыстау жүретiн едi. Ауылдан шыққан күнi Тақырбас аттарды аса
қыстамай, жайырақ жүрiп суытты. Ертеңiне қон-ған ауылдан шыға жолға түсе бере, ортадағы
ақ кекiл қарагерге делбе қағып, оң жақтағы қарынсау, қырсау қарагердi ұзын қамшымен
қабырғадан шықпыртып жiберiп:
– Уақтың май құйрық старшыны құсап қыртыңдамай желсеңшi, – дедi.
Тақырбастың мына сөзiн естiгенде Шоқан жымиып:
– Тақа, сiз әлгi бiр аласа бойлы, қалың қара сақалды, семiз кiсiнi
айтасыз ба? – дедi.
– Иә, мына қырсау қарагер тап сол сияқты, ылғи постромкенi iркiп,
аяғын баспайды. – Осы жазда ордада бiр жиналыс болып, сонда қарынсау, қалың сақалды
төртпақ кiсiнiң тойтықтап жүргенiн көрiп Шоқанның қызық көрiп күлгенi бар-ды. Мына
қарагер мен сол кiсiнi Тақырбастың салыстырғаны келiстi шыққанына Шоқан ырза болып,
Тақырбаспен үйiрлесiп, әңгiме сұрап сергiп алды. Шоқан дәл оқу басталғанша, Васил
ағайдың үйiнде болды. Тақырбас қаладан керек-жарақ алуға тапсырылған жұмыстарын
орындап, қайтып кеттi.
