ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Инновация игілігін көріп жүрміз бе?

Бүгінгі күні өмірімізге дендеп еніп, қолданысы кеңейе бастаған «инновация» термині ауызекі тілде ғана емес, қоғамдық қарым-қатынаста кеңінен қанат жайып келеді. Енді осы сөздің түп-төркініне үңіліп көрелік. «Инновация» ағылшын тілінен аударғанда «жаңалық енгізу, жаңашылдық» деген ұғымды білдіреді. Жаңа өндірістік процесті, өнімді немесе қызметті игеру, анығырақ айтқанда, жаңалықты инвестициялау деген мағына береді. Басты мәні – бұрын болмаған жаңалық, қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандырудың жаңа әдісі деген түсініктеменің жиынтығы дегенге саяды.

Өмірдің өзі дәлелдеп отырғанындай, дамып келе жатқан немесе өтпелі нарықтық жағдайдағы елдердің экономикалық дамуы – бұл жай ғана ішкі жалпы өнімнің адам басына шаққандағы өсу қарқыны емес, бұл экономиканың өсуі болып табылады. Сондай-ақ, ішкі жалпы өнімнің сапалық тұрғыдан да өсуі екеніне көз жеткізе түсеміз. Жаңартылған жағдайдағы өндірістік аппараттар, озық технологиялар, өндірістің жоғары ғылыми-техникалық деңгейі, экономиканың шикізат өндіруге ғана емес, ғылыми негіздегі инновациялық жүйеге құрылуы - әлемдік рыноктың құбылмалы конъюнктурасына тәуелді болмауға, бәсекеге төтеп беруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда әлемдік экономикада инновацияның алар орны зор. Инновациялық тәжірибені өндіріске қолданбастан бәсекеге қабілетті өнім алу мүмкін еместігін дамыған елдер ертерек түсініп, бар күштерін осы салаға жұмылдырып келеді. Осыған байланысты нарықтық экономика кезеңіндегі бәсекелестікте инновация өнімнің өзіндік құнын азайту, инвестициялар ағымын арттыру, өнім өндірушінің имиджін қалыптастыру және жаңа рыноктарды бағындырудағы аса тиімді әрі таптырмас құралға айналуда.

Қазақстан үшін бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіруге негізделген жаңа ақпараттық технологияларды игеру, республикамыздың өнеркәсіп және ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту – басты стратегиялық міндеттердің бірі. Соған сәйкес 2003 жылғы 17 мамырда Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы қабылданды. Бағдарламаның мақсаты – шикізат бағытынан қол үзуге ықпал ететін экономика салаларын әртараптандыру жолымен өндірістің тұрақты дамуына қол жеткізу.

Аталмыш Стратегияның іске асуы 3 кезеңнен тұрады:

1-кезең: (2003-2005 жылдар): Даму институтын, инновациялық орталықтар, технопарктер құру;

2-кезең: (2006-2010 жылдар): Ғылыми-инновациялық инфрақұрылым құрылып, өнеркәсіпті жаңғырту, экономика құрылымдарын әртараптандыру;

3-кезең: (2011-2015 жылдар): Енгізілген ғылыми-техникалық қуаттарды игеру, шикізатты өз елімізде өңдеу, кез келген салаларға қажетті өнімдер мен бұйымдарды жасауды іске асыру.

Бүгінде біз осы стратегияның екінші кезеңінің бел ортасында келеміз. Бірінші кезеңді сәтті игердік. Елде даму институттары мен инновациялық орталықтар, технопарктер құрылды. Екінші кезеңнің де алғашқы жетістіктері жоқ емес. Айталық, елімізде «Қазына тұрақты даму қоры» АҚ мен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» АҚ құрылды. Бұл алпауыт холдингтердің құрамына экономиканың түрлі бағытында қызмет көрсететін, нарықта жетекші орынға ие компаниялар кірген. Енді осы холдингтер еліміздегі шағын және орта бизнестің кең өріс алуына демеу беруде.

Еліміз экономика салаларында конъюнктуралық, маркетингтік зерттеулер, кадрларды даярлау және менеджерлердің жаңа буынын қалыптастыру, инновациялық инфрақұрылымдарды қалыптастыру жұмыстары қарқын алып келеді.

Қазақстанның мұндай маңызды қадам жасауына әлемдегі экономикалық даму қарқыны да негіз болып отыр. Бір кіндіктен тараған адамзат баласының түптің түбінде біте қайнасып, оқу-білімі ортақтасып, саудасы да сапырылысып кететінін қазіргі жаһандану үрдісінің алғашқы қадамдарынан аңғару қиын емес. Осы орайда Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, трансұлттық корпорациялар сияқты институттардың да осыған дейін әлемдік экономикада билік жүргізіп келуі Қазақстан сияқты дамушы елдерге инновациялық игіліктерді жылдам игеруге түрткі болуда. Өйткені, әлемдегі шеткері жатқан дамушы елдер шикізат жеткізуші қызметтерін атқарып, ал аталмыш институттардың құрылуына негіз қалаған орталықтағы іргелі мемлекеттердің оны өңдеп, оларға қайта сату үрдісі болашақта шикізатпен күн көретін мемлекеттердің әлемдік тауар рыноктарына тәуелді болып қалу қаупін тудыруда. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, шикізат қорына бай кейбір елдер осы сектор арқылы қомақты табысқа ие болды да, өнеркәсіптің жаңа салаларын дамытуға аса құлық таныта қоймайды. Бастапқыда шикізаттық мемлекеттер саналатын Латын Америкасындағы Мексика және Бразилия, Шығыс Азиядағы Оңтүстік Корея, Сингапур мемлекеттері инновациялық бағдарламалары арқылы сервистік-технологиялық экономиканы өркендетуге қол жеткізуге болатынын дәлелдеп берді. Елбасы да Шығыс Азия елдеріне жасаған сапарларында осы елдердің тәжірибелерін қабылдау еліміз үшін тиімді болатынын айтқан болатын.

Қазақстанда шығарылатын көмірсутегі шикізаты мен табиғи газдың біршама бөлігінің өңделместен экспортқа шығарылуы еліміздің мұнай-химия саласының кенжелеп қалуына әкеп соқтыруда. Бүгінгі таңда нарық қара алтынды шикі күйінде әлемдік рынокка шығарғаннан гөрі, оны өңдеп, дайын өнім түрінде шығарудың пайдалырақ екенін дәлелдеп отыр. Міне, осы мақсатта 2004 жылдан бастап мұнай-химия саласында іске қосылған жаңа нысандар бес жылға дейін корпоративтік табыс салығынан босатылып келеді. Мұның өзі Үкімет тарапынан үлкен қолдау екені рас.

Инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін, ең алдымен, Үкіметте отандық кәсіпкерлер мен өнертапқыштарға деген сенім мен демеу болу керек. Сондай-ақ, осы салаға жұмсалатын қаржыны қатаң қадағалау қажет. Әрбір жобаға әрдайым шетелдік емес, қазақ мамандарын тартқанда ғана айдарымыздан жел еспек. Себеп түсінікті. Өйткені, біздің отандық еңбек күшінің әлеуеті ескерілмей келе жатыр. Қандай да бір жобаны жүзеге асыруда өз жұмысшыларымыз бен мамандарымызды жарылқағанда ғана барып, ұлттық инновациялық дамуға қадам жасаймыз.

Бүгінде елімізде ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттің саяси бағыттары белгіленді. Осынау саясатты жүзеге асыруда келешекте құрылған мемлекеттік холдингтер жинақталған қаржыны инновациялық салаларға тартуға, индустриялық, кластерлік жобаларды жүзеге асыруға, кадрларды даярлауға ықпал етуде. Авторлық құқықты, патенттер мен сауда белгілерін қорғауға, отандық кәсіпорындардың үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес сапа стандарттарына өтуге мүмкіндік беруде.

Қазіргі уақытта еліміздегі кәсіпорындардың инновациялық әлеуеттері жан-жақты қарастырылуда. Қазақстандағы машина жасау, жеңіл жиһаз, дәрі-дәрмек, қағаз және өнеркәсіптің басқа да бірқатар өңдеуші салаларды дамытуға көп қаржы салынуда. Үкімет ауыл шаруашылық саласы бойынша астық, мақта, ет өнімдерін өндіру мен өңдеу, сыртқы нарыққа экспорттауға басымдық беруде.

Қорыта айтқанда, инновациялық саясат жемісті жүргізілген жағдайда еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, еліміз әлемдегі мықты елдердің қатарына қосылмақ!

Айдос САДУАҚАСОВ,

Астана