Халықтың статистикалық мәліметтері ұялы байланыс операторлары мен коммуналдық қызметтерде жинақталады
Қазақстандықтардың статистикалық мәліметтері ұялы байланыс операторлары мен коммуналдық қызметтерде жинақталатын болды.
Фото: gov.kz
Бүгін Мәжіліс мемлекеттік статистика және деректерді басқару туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Заңды депутаттар Мемлекет басшысының Ұлттық статистика бюросын реформалау және цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірледі.
Заң аясында деректерді басқару саясаты саласындағы мемлекеттік органдар арасында құзыреттер мен өкілеттіктер бөлінеді. Ұлттық статистика бюросы басқа мемлекеттік органдар қалыптастыратын әкімшілік деректердің сапасын анықтауға жауапты болады. Осы мақсатта деректерді бақылаушылар топтары құрылады. Сапасыз деректерді анықтау үшін олардың қызметі орталықтандырылады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі деректерді басқару саясатының техникалық іске асырылуын және «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесін техникалық қолдауды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар «Электронды үкімет» ақпараттық-коммуникациялық платформасының жұмысын құқықтық реттеу енгізіледі. Мемлекеттік органдардың қызметін автоматтандыру және деректерді талдауды енгізу кезінде деректер алмасудағы ведомствоаралық кедергілерді жою жоспарланған. Бұл халық пен бизнеске мемлекеттік қызмет көрсету аясында цифрлық қызметтерді енгізу процесін жеделдетеді.
Сондай-ақ заңда статистикалық есеп беру нысандарын қысқарту ұсынылған. Осы мақсатта «Ұлттық регистрлер» түсінігі енгізіледі. Онда салалар бойынша анықтамалық деректер қамтылады. Сондай-ақ әкімшілік деректер негізінде жаңартылатын цифрлық статистикалық регистрлер жүйесі құрылады.
Бұл ретте Ұлттық статистика бюросына ақпарат жеке жеткізушілер ұсынған балама дерек көздерінен де келуге тиіс. Оның ішінде ұялы байланыс операторлары, табиғи монополия субъектілері бар. Олар тараптардың келісімі бойынша деректерді тегін тасымалдайды. Бұл респонденттерге түсетін жүктемені азайтып, статистикалық өндіріс процесін цифрландыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтары нарығы дамиды.
Түзетулерде «деректерді өңдеу орталықтары» ұғымы енгізіледі. Олар бұлтты есептеулердің (интернет арқылы жеткізілетін есептеу ресурстары) үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның негізгі құрамдас бөлігі болады.
Мәліметтерді өңдеу орталықтары нарығын дамыту және оны заңнамалық реттеу Қазақстанның деректерді өңдеу хабына айналуына мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ ел экономикасының барлық секторын шағын және орта кәсіп иелерінің қызметін автоматтандыру процестерін тереңдету есебінен цифрлық трансформациялау қарқынын арттырады. Цифрландыруды кең көлемде енгізу нәтижесінде халық сапалы қызметке қол жеткізетін болады.
https://t.me/mazhilis_kz
