Гауһар Әлімбекова: «Мені он жыл бойы Республика сарайына жолатпай қойды»
Белгілі әнші, сазгер Гауһар Әлімбекова «Хабар» арнасындағы «ХабарLIKE» шоу-бағдараламасына сұхбат беріп, өзінің басына түскен қиын сәттер туралы айтты.

«Мен, негізі, бұрыннан мынандай адаммын ғой. Қайта-қайта шыға бермеймін. Бір шығамын да жоқ болып кетемін. Хабарларға да көп қатыса бермеймін. Мен жылына бір-ақ рет есеп беру концертін өткізіп, бұрынғы ескі әндерден, сосын жаңа әндерді қосып, бір концерт берсем, сол кезде өзім жеңілдеп қаламын, рахаттанып қаламын. Бірақ соңғы он жылдың ішінде, әрине, Республика сарайында концерт қойған жоқпын. Себебі, ол маған байланысты болған жоқ. Егер мені тыңдаушы ретінде білетін болсаңыздар, менің де басымнан біраз жағдайлар өтті. Осыдан он жыл бұрын маған бір кісі айтқан болатын «мен тірі тұрғанда, сені Республика сарайының маңына жолатпаймын» деп. Ол кісі сөзінде тұрды. Маған концерт жасатқан жоқ. Концерт жасатпағанымен қоймай, маған проблема тауып берді. Сөйтіп, өзімнің әнші екенімді, сазгер екенімді ұмытып та кеткен уақыттар болды. Бірақ сонда да, басыма қанша күн туып жатса да, осы серігім гитарамды ешқашан тастаған емеспін. Жылап жүрсем де, ән шығарған кездерім болды», – деді Гауһар Әлімбекова.
