Елімізде көктемде болуы мүмкін су тасқынына дайындық қазірден басталып жатыр
Бүгін премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында бірнеше мәселе қаралды. Солардың бірі ел өңірлерінің алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығына қатысты.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық басталғанын жеткізді. Мәселен, су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуларына жедел ден қою мақсатында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарының арнайы топтары құрылды. Оның құрамында 39 мыңнан астам адам, 11 мыңға жуық техника, 500-ден астам жүзу құралдары және 3 мыңнан астам мотопомпалар бар.
«Күштер мен құралдарды жедел тасымалдау, сондай-ақ зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау жағдайында «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелері тұрақты дайындықта болады. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері де құтқару операцияларына қатысуға дайын», – делінген үкімет хабарламасында.
Ал премьер-министр өткен жылдың аяғы мен осы жылдың басында ауа-райы жауын-шашынды болып, қар көп түскенін атап өтті.
«Бүгінде еліміздің шамамен 90% аумағын қар басып жатыр. Мұның барлығы су тасқыны қаупін арттыра түседі», — деді ол.
Мәселен, қазірдің өзінде Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында елді-мекендерді су басып, жолдарды шайып кеткен фактілер кездесіп отыр. Сонымен қатар желтоқсан айының ортасында Алматыда Есентай өзені де арнасынан асып кетті. Су деңгейі 1,5 метрге көтерілді.
«Мұндай жағдайлар қыс ортасында, алдағы су тасқыны кезеңіне дейін орын алып отыр. Сондықтан, өңір әкімдіктері аталған мәселелерге арнайы назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі керек», — деді Смайылов.
Қазгидрометтің болжамы бойынша биылғы қаңтар-ақпан айларында еліміздің барлық өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтіліп отыр.
