Елімізде АЭС құрылысы туралы референдум қашан өтеді?
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевқа Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевтың елімізде атом электр станциясының (АЭС) құрылысы жөніндегі референдумның осы жылдың аяғында өтуі мүмкін дегеніне қатысты сұрақ қойылды.

Фото: gov.kz
Сәтқалиев болса, бұл тұрғыда нақты жауап берген жоқ. Ол тек тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
«Бұл жерде процедура бар. Жұртшылықпен тікелей байланыстамыз. Біз аймақтарға барамыз. Онда барлық мәселелер бойынша кең көлемдегі түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Референдумды тездету туралы министрліктерден де, қоғамдық бірлестіктерден де ешқандай сұраным болған жоқ. Сондықтан біз заңға сәйкес жұмыс істеп жатырмыз», – деді Энергетика министрі.
Ол сондай-ақ ақпарат құралдарында осы референдумға қатысты мәлімдемесінің бұрмаланып беріліп жатқанына тоқталды.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында сілтеме жасап, «Сәтқалиев референдум өткізудің қажеті жоқ екенін айтты» деп жатады. Меніңше олар осы үшін ресми түрде кешірім сұрауға тиіс. Өйткені мен былай айттым: «заңдарға сәйкес (референдум өткізудің) қажеті жоқ». Бірақ халықтың тілегі және Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша саяси шешім қабылданды. Біз референдум өткізу мәселесімен айналысамыз», – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Айта кетейік, Дәурен Абаев өткен аптада ТАСС-қа берген сұхбатында аталған референдум осы жылдың аяғына қарай өткізілуі мүмкін екендігін жеткізген болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысы туралы мәселені жалпыұлттық референдумға шығаруды 2023 жылғы халыққа жолдауында ұсынған еді. Мемлекет басшысының ойынша, бұл мәселені қоғам кең көлемде талқылауы керек.
Елімізде АЭС құрылысына Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы таңдалғаны мәлім. Қазір біздің билік бұл тұрғыда жұмыс жүргізу үшін ықтимал төрт компанияның ұсынысын қарастырып жатыр. Олар – CNNC (Қытай), KHNP (Қытай), Росатом (Ресей) және EDF (Франция).
