Қытайдың Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданы, Егізтөбе ауылында электрик болып жұмыс істейтін Болатбек Қарымқанұлы ең кішкентай домбыра жасап, қазақтың атын тағы бір аспандатты.
29 жасар шебер жігіттің қолынан шыққан шынашақтай саз аспабы Гиннестің рекордтар кітабына еніп, 01-1201-09541 нөмірлі куәлікке ие болды.
Ел шеті, жел өтінде жүрген қандастарымыз ұлт мұраларын ұлықтау үшін осыған дейін бір мезгілде 13 мың 288 адам «Қара жорға» биін билеп, 10 450 домбырашы күй тартып, миллиардтардың ішінен топ жарған еді. Сондай-ақ созсаң қолың, құшақтасаң құшағың жетпейтін, есік пен төрдей домбыра жасап, айды аспанға бір-ақ шығарғаны да белгілі. Енді міне, ең кішкентай қолөнер туындысымен талайларды тамсандырып, төрткүл дүниенің назарын төл мұрамызға аударып отыр.
Бала күнінен екі қолы тыным таппайтын Болат Қарымқанұлы ағаштан ою ойып, түрлі бұйым жасауды жанына серік етіп, әдетке айналдырған. Қолы қалт еткенде ғаламтор беттерін ақтарып, таңғажайып туындылар жайлы деректер оқығанды дұрыс көреді. Осындай бір өзіндік ізденіс үстінде басқа ұлттардың аспаптары түр-түрімен толып тұрғанын байқайды. Ал қазақтың домбырасын мүлде таба алмапты. Сөйтіп, өзі қолға алмаққа бекінеді. Бастапқыда «ақыры кіріскен соң, үлкен етіп бір-ақ жасайын» деп ойлайды. Алайда оған қомақты қаражат кететіндіктен, мұршасы келмейді. Дәл сол тұста әкесі де науқастанып, жиған-тергенін жұмсап қояды. Дегенмен алған бетінен қайтпай, неғұрлым шағын етіп жасауға бел буады. Әуелі домбыраның сыртқы қабын жонып, даярлап алыпты. Содан кейін аспаптың өзіне көшеді. Ұзындығы - 4,5 сантиметр, ені - 1,4 сантиметр, биіктігі - 1,2 сантиметр ғана болатын қос ішекті инемен шертіп, ойнауға болады. Дауысы дұрыс шығу үшін қаражиде ағашын алып, әрбір бөлшегін жеке жонып, бір-бірімен қиюластырып отырады. Сырт пішінін қазақы ою-өрнектерімен безендіріп, әспеттей түседі.
Гиннестің рекордтар кітабына енудің талаптарына сай етіп, ережелерінен ауытқымауға тырысқан шебер бұл іске бір ай уақыт жұмсайды. Көздеген мақсатына қол жеткізген соң, 2011 жылдың қарашасында Қытайдағы Гиннестің рекордтарын саралайтын коммиссияның талқысына ұсынады.
«Азаттық» радиосының тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында:
- Кішкентай кезімнен түрлі бұйымдар жасауға құмартатынмын. Бірақ өсе келе басқа мамандықты таңдауға тура келді. Қазір энергетика саласында жұмыс істеймін.
Осыдан бір ай бұрын шамасында домбырамның Гиннестің рекордтар кітабына №01-1201-09541 болып тіркелгені туралы сертификат алдым. Қуанышымда шек жоқ. Жіберуін жіберсем де уақыт өткен сайын күдерімді үзе бастаған едім. Екі ішекті тоғыз пернелі кішкентай домбыраны қолмен ойнау мүмкін емес, бірақ комиссия сараптамасы бойынша күй тартудың барлық талаптарына сай кепті, - дейді ол.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ