ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Дамыған 30 елге қосылудың ең басты жолы қандай?

ХХІ ғасыр – технологиялық индустрия ғасыры. Экономикалық интеграция мен геосаяси бірлестіктер өркениетке жету жолында түрлі маркетингтік, менеджменттік тәсілдерді пайдалануда. Капитал мен еңбек ресурстарын, жер мен жеке меншікті, өндіріс пен шикізатты тиімді үйлестіру ғана мемлекетке пайда әкеледі. Осы бағыттағы әлемдік шаруашылық жүйесі қалай жұмыс істеуде? Ұлттық экономиканың ғаламдық өндірістік даму үрдісіндегі рөлі қандай?

ХХІ ғасырдан бастап дамыған елдердің ЖІӨ өндірісіндегі қаржы және басқа да қызмет көрсету салаларының үлесі 46,3 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш жалпы дүние жүзінде – 42,5 пайыз, алпауыт АҚШ-та – 48,2 пайыз, Ұлыбританияда – 44,3 пайыз, Жапонияда – 39 пайыз болса, Германияда 32,4 пайызды құрап, экономикалық өсімнің тұрақтылығын көрсетті. Ал бұл бағыттағы Ресей ұлттық экономикасының қарқыны мүлде өзгеше. Ресей Федерациясында ауыл шаруашылығының үлесі жалпыәлемдік көрсеткіштен сәл аз, яғни 5 пайызды құрайды.

Ал енді Қазақстандағы макроэкономикалық үрдістер қай деңгейде, соған жауап іздеп көрсек. Қазақстан бүгінгі таңда экономикадағы даму тенденциясында тұрақтылыққа қол жеткізіп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кластерлік технологияны дамыта отырып, елдің экономикалық әлеуетін арттыруға мән беру керектігін,  сол арқылы әлемнің алдыңға қатарлы 50 мемлекетінің қатарына қосылу стратегиясын жалпыұлттық міндет етіп қойып отыр. Бұл бағытта еліміз әлемдік алпауыт мемлекеттермен иық теңестіре сауда-саттық жасап отыр. әрине, әзірге жыртығымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендеуге шикізат саласынан түскен қаржы себепші. Сондықтан да, Елбасы алдағы уақытта қазба байлықтан түскен қаржыға қарап отырмай, өндіріс пен өнеркәсіпке, ғылыми технологияға мән беру керектігін шенеуніктерге шегелеп айтумен келеді. Қазақстан бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеге назар аударып, ғаламдық рынокты жаулаудың жолдарын үйренуі керек. Еліміздегі бай шикізатты рынокқа өнім ретінде алып шығу үшін тек қана жер бұрғылай берудің қажеті жоқ. Одан да технологиялық тиімді әрі экономикалық шығыны аз өңдеуші өнеркәсіп салаларын дамытуға мән бергеніміз жөн. Сонда ғана елімізде қаптап кеткен импорттық тауарлардың үлесі азаятын болады.

Алтыншы технологиялық даму өндірісін қалыптастыру өз кезегінде экономикалық құрылымдық моделді өзгеріске ұшыратады. Жобалық бағалау мен нақты өндіріске сәйкес дәстүрлі емес энергетика, жаңа материалдар өндірісі, байланыс жүйесі мен ақпарат өңдеу, биотехнология мен туризм салаларын дамыту қажет.

Жалпы алғанда, ұлттық экономика құрылымының дамуы өндірісті тиімді құру мен оны нарыққа шығарудың пайдалы көздерін табудан басталады. Егер де сұраныс зор болса, тауар тұтынысы мемлекетке толағай табыс әкеледі. Бұл – халықтың әл-ауқатының артуының ең басты кепілі.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Сағадиевтің айтуынша, АҚШ-та экономикадағы адамның тиімділігі 1,45 % болса, бізде оның көрсеткіші – 0,29 %. Бұл дегеніңіз, біздің адами фактор бойынша тиімділігіміз америкалықтардан 5 есе төмен дегенді білдіреді. Мұның барлығы түптеп келгенде еңбек өнімділігімен тікелей байланысты. Біздің артта қалуымыздың негізгі себебі технологиялық кешеуілдеуімізде жатыр.

Біздің еліміздегі адам өзінің өмірге деген дайындығы бойынша өркениетті озық елдермен бәсекеге түседі. Азаматтарымыз бәсекеге қабілетті болғанда ғана, мемлекетіміздің әлеуеті артады. Олай болса, тек шикызат өндірумен шектелмей, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын технологиялық тұрғыдан қолға алғанда ғана, еліміздің бәсекеге қабілеттігі артпақ.

Айдос САДУАҚАСОВ

Астана, журналист